Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат
Жақында Әйтеке би кентіндегі Мәдени демалыс орнында ұйымдастырылған «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты жылжымалы көрме жергілікті тұрғындардың ерекше ықыласына бөленіп, рухы биік мәдени шараға айналды. Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев музейінің ұжымы ұйымдастырған көрме көпшілікке ерекше әсер қалдырды.Мұнда музей қорында сақталған бірегей этнографиялық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер ата-бабамыздың тұрмыста қолданған бұйымдарымен көзбен көріп, тікелей танысуға мүмкіндік алды. Әсіресе, қазақ халқының дәстүрлі тұрмысын, көшпелі мәдениетінің қайталанбас келбетін айшықтайтын арнайы киіз үй көрінісінің жасақталуы көпшіліктің таңданысын тудырды. Шараның мазмұнын байыта түскен тағы бір ерекшелік – өткен ғасырдың тынысы мен тылсым атмосферасын сезіндіретін ретро үлгісіндегі фотозона болды. Мұнда келген тұрғындар мен жастар естелік суретке түсіп, тарих қойнауына саяхат жасағандай әсер алды. Мұндай тағылымды іс-шаралар ұлттық мұраны дәріптеуге, тарихи-мәдени құндылықтарымызды насихаттауға және жас ұрпақтың ата жолға деген құрметін арттыруға тікелей ықпал етеді.
Көпшіліктің зор қызығушылығын тудырған бұл көрме кент тұрғындарының тарапынан жоғары бағаланды. Әсіресе, жұмыс уақыты мен күндізгі шаруалардан босайтын кешкі уақытта ұйымдастырылуы тұрғындарға үлкен қолайлылық туғызып, ризашылықтарын жеткізуге негіз болды. Келушілер музей қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, жүрекжарды алғысын білдірді.
Өткізілген жылжымалы көрме тек қана тарихи жәдігерлерді көрсету алаңы емес, бұл – ата мен бала арасындағы сабақтастықты жалғап, ұлттық сананы жаңғыртатын маңызды рухани қадам. Ұлттық мұрасын ардақтаған елдің болашағы да баянды болмақ.
Айнұр ӘЛИ














