WhatsApp-та ауқымды жаңарту: не өзгерді?
WhatsApp қоңырауларға арналған бірнеше жаңа функцияны кезең-кезеңімен іске қоса бастады. Енді пайдаланушылар қосымшаны орнатпай-ақ браузер арқылы хабарласа алады, сөйлесуді бір құрылғыдан екіншісіне ауыстырып, байланыс сапасының артықшылықтарын пайдалана алады, деп хабарлайды Tengri Life WhatsApp блогына сілтеме жасап.
Енді тікелей браузерден қоңырау шалуға болады
WhatsApp смартфондар мен компьютерлердегі қоңырауларға арналған ауқымды жаңартуды ұсынды. Басты жаңалықтардың бірі - мессенджердің веб-нұсқасында аудио және видеоқоңырауларды қолдау мүмкіндігі.
Енді пайдаланушыларға компьютерге қосымшаны орнатудың қажеті жоқ: жеке және топтық қоңырауларды тікелей WhatsApp Web арқылы жүзеге асыруға болады.
Әзірлеушілердің айтуынша, бұл функция өзге біреудің компьютерінде жұмыс істейтіндерге, жұмыс құрылғысына бағдарлама орната алмайтындарға немесе ноутбук жадын толтырғысы келмейтіндерге пайдалы болмақ.
Бұл ретте веб-нұсқа қосымшадағы барлық мүмкіндікті қолдайды: экранды көрсету, қоңырау кезіндегі реакциялар, сондай-ақ қоңыраулар тарихы мен таңдаулы контактілер жинақталған бөлек бет.
Сондай-ақ компания қоңыраулар тегін болып қалатынын, уақыт шектеуі жоқтығын және шифрлау әдісімен қорғалғанын атап өтті.
Сөйлесуді басқа құрылғыда жалғастыруға болады
Тағы бір жаңалық - белсенді қоңырауды үзіліссіз бірнеше құрылғы арасында ауыстыру мүмкіндігі.
Мысалы, сөйлесуді компьютерде бастап, кейін бір батырманы басу арқылы смартфоннан жалғастыра аласыз. Функция мобильді қосымша, WhatsApp Web және мессенджердің десктоптық нұсқасы арасында жұмыс істейді.
"Күту бөлмесі" пайда болды
Сілтеме арқылы жасалатын қоңыраулар үшін WhatsApp қатысушыларды бақылаудың жаңа жүйесін қосты.
Енді ұйымдастырушы кіруді растау функциясын қоса алады. Бұл жағдайда шақырылғандар алдымен "күту залына" түсіп, мақұлданғаннан кейін ғана сөйлесуге қосыла алады.
Видео алғашқы секундтан бастап анық болады
Әзірлеушілер видеобайланыс жүйесін де жаңартты. QuickHD технологиясының арқасында кескін жоғары айқындыққа тезірек ауысады, осылайша пайдаланушылар кескін анықталғанын күтіп отырмайды.
Бұдан бөлек, қоңырау кезінде шуды автоматты түрде басу функциясы пайда болды. Ол сыртқы дыбыстарды - мысалы, көше шуын, жөндеу жұмыстарын немесе дәмханадағы адамдардың әңгімесін сүзгіден өткізеді, бұл сөйлесушіге сіздің дауысыңызды жақсы естуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда бұл функцияны тікелей сөйлесу кезінде қосуға немесе өшіруге болады.
Жаңарту қашан қолжетімді болады?
WhatsApp жаңа мүмкіндіктер біртіндеп енгізіліп жатқанын, сондықтан жақын күндері олардың барлық пайдаланушыға қолжетімді болатынын хабарлады.
Функциялардың бір бөлігі жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, WhatsApp Web арқылы қоңырау шалу мүмкіндігі бар: қоңырау шалған кезде сөйлесу терезесі бөлек қосымшаны іске қоспай-ақ, тікелей браузерде ашылады.
Скриншот: WhatsAppЕске салсақ, бұған дейін WhatsApp тағы бір жаңалықты сынақтан өткізіп жатқаны белгілі болған еді. Мессенджер контактілер тізіміндегі адамдардың туған күні туралы алдын ала ескерте бастайды.











