Зейнетақы аннуитеті: тиімді мүмкіндік пе, әлде асығыс қабылданған шешім бе
Pixabay.com2026 жылғы маусымда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектері айтарлықтай көтерілгеннен кейін зейнетақы аннуитетіне деген қызығушылық күрт артты. Өмірді сақтандыру компаниялары бұл өнімді жеткіліктілік шектерін айналып өтіп, артық қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі ретінде белсенді ұсынып жатыр. Алайда зейнетақы аннуитеті шынымен тиімді құрал ма? Оның қандай ерекшеліктерін ескеру қажет? Бұл шешімді қабылдамас бұрын нені білу керек?
Қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясованың айтуынша, зейнетақы аннуитеті – барлық азаматқа бірдей қолайлы әмбебап шешім емес. Оның тиімділігі адамның жасы, жинақ көлемі, денсаулық жағдайы және зейнетке шығу жоспарына байланысты.
Зейнетақы аннуитеті деген не және неге оған қызығушылық артты?
Зейнетақы аннуитеті – азамат пен өмірді сақтандыру компаниясы арасында жасалатын келісім. Бұл шарт бойынша сақтандыру ұйымы адамға өмір бойы ай сайын белгілі бір мөлшерде төлем жасауға міндеттенеді. Ал азамат өзінің зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аударады.
БЖЗҚ мәліметінше, 2024 және 2025 жылдары жыл сайын шамамен 60 мың салымшы өз жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аударған. Бұл барлық жеке зейнетақы шоттарының 0,5 пайызынан да аз. Яғни осы уақытқа дейін зейнетақы аннуитеті аса танымал өнім болған жоқ. Ал 2026 жылдың маусым-шілде айларында жағдай өзгерді. Өмірді сақтандыру компаниялары бұрын-соңды болмаған клиенттер ағынын тіркеді, ал әлеуметтік желілерде зейнетақы аннуитетінің жарнамасы көбейді.
Себебі түсінікті: аннуитет рәсімдеген жағдайда азамат БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегіне қарамастан, белгілі бір қаражатты пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Алайда сарапшы бұл жерде маңызды нюанс бар екенін атап өтеді.
– Зейнетақы аннуитеті барлық адамға және барлық жағдайда бірдей тиімді емес. Бұл – ұзақ мерзімді шешім. Сондықтан тек жарнамаға қарап емес, оның барлық шарттарын мұқият зерттеп барып шешім қабылдау қажет, – дейді Әйгерім Ілиясова.
Аннуитетке кімдер қатыса алады және қандай талаптар бар?
Зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін де белгілі бір жеткіліктілік шектері қарастырылған.
Қазіргі таңда:
- ер адамдар үшін – шамамен 10 млн теңге;
- әйелдер үшін – 13,2 млн теңге;
- жұмыс беруші кемінде бес жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) аударған зиянды өндіріс қызметкерлері үшін – 7,8 млн теңге.
Бірден төленетін зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін азамат белгілі бір жасқа жетуі керек. Ер адамдар үшін бұл жас – 55 жас, әйелдер үшін – 53 жас, ал МКЗЖ төленген азаматтар үшін – 50 жас. Сонымен қатар кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 45 жастан бастап рәсімдеуге болады. Егер азамат зиянды өндірісте жұмыс істеп, МКЗЖ аударылған болса, бұл мүмкіндік 40 жастан беріледі. Бірақ мұндай жағдайда төлемдер бірден басталмайды, олар белгіленген жасқа жеткеннен кейін ғана төленеді.
«Өмір бойғы төлем» қаншалықты тиімді?
Зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығы – төлемдердің өмір бойы жүргізілуі. Бірақ сарапшының айтуынша, төлем көлемі көп жағдайда күтілгендей жоғары болмайды.
Мысалы, сақтандыру компаниясына 10 млн теңге зейнетақы жинағын аударған жағдайда, ай сайынғы төлем шамамен 35 мың теңгені құрайды. Бұл сома жыл сайын 8 пайызға индекстеледі. Бірақ оның жыл сайынғы өсімі 3 мың теңгеден де аз болады.
– 35 мың теңге көлеміндегі төлем қазіргі өмір сүру шығындарын толық жаба алмайды. Сондықтан зейнетақы аннуитетін негізгі табыс көзі ретінде қарастыру дұрыс емес, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар зейнетақы аннуитетінің БЖЗҚ төлемдерінен маңызды айырмашылығы бар.
Сақтандыру компаниясы төлемдерді адамның 100–110 жасқа дейін өмір сүру болжамына негіздеп есептейді. Егер азамат бұл жасқа жетпесе, пайдаланылмаған қаражат сақтандыру ұйымының табысына айналады.
Ал БЖЗҚ-дағы жинақ иесі қайтыс болған жағдайда, қалған қаражат мұрагерлеріне беріледі.
Әрине, шартта кепілдік берілген төлем мерзімін көрсетуге болады. Мұндай жағдайда азамат қайтыс болғаннан кейін белгіленген мерзім ішінде төлемдер мұрагерлеріне немесе шартта көрсетілген тұлғаға аударылады. Бірақ мұндай мерзім, әдетте, 10 жылдан аспайды.
Жеткіліктілік шегін айналып өту мүмкіндігі: артықшылық па, әлде тәуекел ме?
Зейнетақы аннуитетіне қызығушылықтың артуына басты себептердің бірі – БЖЗҚ-дан артық жинақты пайдалану мүмкіндігі. Шынында да, зейнетақы аннуитетін сатып алған кезде БЖЗҚ-дан тұрғын үй немесе емделу мақсатында қаражат алу үшін белгіленген жеткіліктілік шектері қолданылмайды.
Бұрын аннуитетке қажетті шек пен БЖЗҚ-дан артық қаражат алу шегі шамалас болатын. Мысалы, 55 жастағы ер адам үшін бұл шамамен 10 млн теңге еді. Алайда 2026 жылдың маусымынан бастап БЖЗҚ-дан қаражат алу үшін жеткіліктілік шектері айтарлықтай өсті. Мысалы, 55 жастағы ер адам үшін шек 9,6 млн теңгеден шамамен 20 млн теңгеге дейін көтерілді. Ал зейнетақы аннуитетіне қажетті сома бұрынғы деңгейде қалды.
Мәселен, азаматтың зейнетақы жинағы 15 млн теңге болса, ол 10 млн теңгені сақтандыру компаниясына аударып, қалған 5 млн теңгені тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алады. Алайда сарапшы мұндай шешімнің қайтарымсыз екенін ескертеді.
– Зейнетақы аннуитетін сатып алу туралы шешім – қайтарылмайтын шешім. Аударылған қаражатты қайтадан БЖЗҚ-ға қайтару мүмкін емес. Сондықтан есептеулерді тек сақтандыру агентінен ғана емес, БЖЗҚ мамандарынан да алып, екі нұсқаны салыстыру қажет, – дейді Айгерім Ілиясова.
Зейнетақы аннуитетін кім таңдауы мүмкін?
Сарапшының пікірінше, егер адамның жинағы шамамен 10 млн теңге болса, болашақта ол мемлекеттік базалық зейнетақыны және сақтандыру компаниясынан шамамен 35 мың теңге көлеміндегі төлемді ғана алуы мүмкін. Ал жинақ көлемі көбірек азаматтар үшін жағдай өзгеше болуы мүмкін. Егер адам артық соманы пайдаланып, сонымен бірге 55 жастан кейін де жұмысын жалғастырып, БЖЗҚ-ға тұрақты жарна аударса, болашақта ол бірнеше төлем түрін қатар ала алады.
Олардың қатарында:
- мемлекеттік базалық зейнетақы;
- ынтымақты зейнетақы;
- жинақтаушы зейнетақы;
- зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер бар.
– Зейнетақы аннуитетін таңдау кезінде адамның жеке жағдайын ескеру маңызды. Жинақ көлемі, денсаулық жағдайы, нақты зейнетке шығу жоспары және болашақтағы табыс көздері жан-жақты саралануы керек. Бір адам үшін тиімді болған шешім екінші адамға сәйкес келмеуі мүмкін, – деп қорытындылады сарапшы.













