Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобалары талқыланды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысып, жиыннан кейін облыс әкімінің жүктеген міндеттеріне сәйкес аппарат мәжілісін өткізді.
Жиында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындарды үздіксіз электр энергиясымен, жылумен және ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жан-жақты сараланды.
Аудан әкімі қазіргі таңда аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 67 пайызды, жылу желілерінің тозуы – 27,4 пайызды, ауыз су желілерінің тозуы – 44 пайызды, кәріз желілерінің тозуы 82 пайызды құрайтынын атап өтіп, бұл көрсеткіштерді кезең-кезеңімен төмендету жұмыстарын жеделдетудің маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде аудан аумағында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты аудан басшысы ауылдарды көгілдір отынмен қамту жұмыстарын жеделдету, тозығы жеткен электр желілерін кезең-кезеңімен жаңартуды, трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғыртуды, коммуналдық нысандардың тұрақты жұмыс жасауын қамтамасыз етуді және алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындықты күшейтуді міндеттеді.
Сондай-ақ газ желілерін заңнама талаптарына сәйкес коммуналдық меншікке кезең-кезеңімен өткізу, Әйтеке би кентінің кәріз жүйесін кеңейту жобасын қаржыландыру мәселесін пысықтау және коммуналдық кәсіпорындардың қысқы маусымға дайындық деңгейін арттыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру қажеттігі айтылды.
Мәжілісте білім беру саласындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды қатаң ескертіп, әрбір нысандағы жұмыстардың тұрақты бақылауда болуын және жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық білім беру ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қосымша мәселе ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық дерекқоры мен статистикалық есеп арасындағы айырмашылықтар қаралды. Осыған сәйкес есепке алынбаған мал басын толықтай бірдейлендіру, мәліметтердегі сәйкессіздіктерді қысқа мерзімде жою және есептің нақтылығын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Жауапты сала басшыларына Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларын күшейту, елді мекендер мен мал қораларында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, қауіпті жануарлар ауруларының алдын алу, профилактикалық егу мен диагностикалық зерттеулерді уақтылы жүргізу, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуына тұрақты бақылау орнату міндеті жүктелді.
Жиында аудан аумағындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысы да сараланды. Аудан орталығы мен елді мекендердегі тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу, стихиялық қоқыс орындарын жою, полигондардың жай-күйін ретке келтіру, ескерткіштерді тазалау және қураған ағаштарды кесу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылып, бұл мәселелер бойынша жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты басшыларға көтерілген мәселелер бойынша атқарылатын жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы жүзеге асырып, әрбір тапсырманың сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді














