Секундтық өлшем – өмірлік өкінішке әкелмесін
Күнделікті жолдан өту, көлікке отыру, тізгіндеуге сақталуы тиіс ережелерге назар аудара бермейміз. Алайда сол қарапайым әрекеттің артында үлкен жауапкершілік, өмір мен өлімнің арасын бөліп тұрған нәзік тін барын жиі уысымыздан шығарып аламыз. Жол қауіпсіздігі – тек жол белгілері мен жол полициясының талаптары ғана емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдағы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің амандығын камтамасыз етуге арналған мемлекеттік және жеке жауапкершілік кешені. Жақында жол ережелерін сақтауға бағытталған оң өзгерістер орын алды. Күшейтілген талаптан күтілер нәтиже қандай? Сараптадық.ӨМІРДЕН ҚЫМБАТ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ
Жол қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігіміз. Көлік – қоғамда қатынас құралы, адамдардың уақытын үнемдеп, алысты жақындататын заманауи мүмкіндік. Дегенмен, көліктің тізгініне отырған сәттен бастап, әрбір жүргізушінің қолына тек рөл емес, адам өмірінің тағдыры тапсырылатыны бар.
Қазір бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінуінің басты бірнеше себебі бар», – дейді белсенді Қайрат Еңсегенов.
«Статистикаға сүйенсек, жол апаттарынан қаза табатындар мен денсаулығына зақым келетіндерің саны соғыс немесе қауіпті дерттерден кем түспейді. Жолдағы әрбір қателік қымбатқа түседі.
Екінші жағдай – күн санап артып келе жатқан көлік ағыны. Жыл сайын көліктер саны геометриялық прогрессиямен өсуде. Көлік көбейген сайын жолдағы қауіп те еселене түседі.
Назар аударарлық басты мәселе – болашақ ұрпақ қауіпсіздігі. Жол-көлік оқиғаларынан, өкінішке қарай, балалар да жиі зардап шегеді. Мектеп қабырғасынан, отбасынан бастап жол ережесін сақтауды әдетке айналдыру – ұрпақ саулығының кепілі», –дейді ол.
ЕЕРЕЖЕ НЕГЕ ЕСКЕРІЛМЕЙДІ?
Бүгінде жол-көлік оқиғалары бүкіл қоғамның алаңдатарлық мәселесіне айналып отыр. Белгілі болғанындай, апаттардың басым адам факторынан туындайды. Көп жағдайда қайғылы жағдайларға «үлгеріп қаламын», «ештеңе болмайды», «асығыс едім», «бір реттен ештеңе етпес» деген немқұрайлы көзқарас себеп болады. Өкініштісі, мұндай бір сәттік шешімнің салдары адам өмірімен өлшеніп жатады.
Ширек ғасырға жуық көлік жүргізушісі болған Аралбек Қани ереженің ескерілмеуі себептерін былай тарқатады.
«Қазіргі таңда көлік қозғалысының қарқыны бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Саны артып, жол қозғалысына қатысушылар көбейген сайын әр адамның жауапкершілігі де күшейе түсуі тиіс. Жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, қауіпсіздік белдігін тақпау, рөлде отырып ұялы телефон пайдалану немесе көлікті мас күйінде басқару сияқты заңбұзушылықтардың әрқайсысы ауыр зардапқа алып келуі мүмкін.
Әсіресе жүргізушінің назарын бірнеше секундқа басқа жаққа аударуының өзі орны толмас қайғыға себеп болады. Мәселен, ұялы телефонға келген бір хабарламаға көз жүгірту немесе қоңырауға жауап беру үшін жолдан назарды бірнеше секундқа бұру – осы уақыт ішінде ондаған метр қашықтықты еш бақылаусыз жүріп өту деген сөз», – дейді. Бұл орайда жылдамдық мәселесі де ерекше назар аударуды қажет ететінін айтады.
«Көпшілік жүргізуші уақыт ұтамын деп асығады. Жоғары жылдамдық көліктің тежелу қашықтығын ұзартады, жүргізушінің жағдайды бағалау мүмкіндігін төмендетеді және апат болған жағдайда оның ауырлығын бірнеше есе арттырады», – дейді.
Жол қауіпсіздігі жүргізушілермен ғана шектелмейді. Жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігі кем емес.
«4-5 метр қашықтықта жаяу жүргінші жолағы бар. Мына келіншек жас баласын ертіп жолды кесіп өтіп барады. Мұндай жағдайларға жиі ұшырасамыз. Құрақтарына құлаққап таққан, телефонмен сөйлесіп не көріп бара жатқан, бас киімін басып киіп алған жолаушылар көп. Жол көлік оқиғасы бұдан кейін қалай тыйылады? Жаяу жүргінші жолды тек белгіленген жерден кесіп өтіп, бағдаршам талаптарын сақтап, екі бағытына мұқият көз жеткізгеннен кейін ғана қозғалысын жалғастыруы керек», – дейді такси жүргізушісі Мұрат Алашбай.
Кешкі уақытта қараусыз жүрген төрт түлік жол қозғалысына үлкен қауіп төндірген жағдай куәгерін кезіктірдік. Аты-жөнін атамауды өтінген кейіпкеріміз жақында жол көлік оқиғасын басынан өткерген. Айтуынша, бұлар жүріп келе жатқан көліктің қарсы бағытынан төрт түлік мал келіп соққан. Оқиға орын алған жерде жауапты мамандарды шақырғанда, мал иесі табылмаған. Себебі сиыр сырғаланбаған.
«Заң бойынша мал иесі төрт түлікті қараусыз жібермеуге міндетті, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына шығып кетуіне жол бермеуі керек емес пе? Қараусыз жүрген мал жол-көлік оқиғасына себеп болып, көлігім жарамсыз болып қалды. Ішіндегі адамдар да жеңіл жарақат алды. Жағдай әлі де тіркелмеген төрт түліктер бар екенін, мал бағып отырған иелерінің жауапкершіліктен жалтарып жүргендерін көрсетіп отыр», – дейді.
«Жол қозғалысы мәдениеті – заң талаптарын орындаумен ғана өлшенбейді. Сондай-ақ өзгенің өміріне құрметпен қарау, сабыр сақтау және жауапкершілікті сезіну қажет. Кейбір жүргізушілер өз тәжірибесіне сеніп, тәуекелге барады. Алайда қанша жыл көлік жүргізсе де, ешкім күтпеген жағдайдан сақтандырылмаған. Сондықтан жолда ең сенімді қорғаныс – тәжірибе емес, тәртіп пен сақтық», – дейді заңгер Азамат Жантеміров. «Жүргізушінің кәсібилігі оның жылдам жүруімен емес, қауіпті жағдайдың алдын ала білуімен бағаланады» деген қағида әрдайым есте болуы тиіс. Ал жаяу жүргінші үшін ең басты қорғаныс – сақтық пен қырағылық. Бір сәттік асығыстық немесе немқұрайлылық орны толмас өкінішке ұластырмасына кім кепіл?».
ЖҮРГІЗУШІ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ
Жол-көлік оқиғасын әрдайым жүргізушінің қателігімен байланысты болмайтынын айтады көлік жөндеуші Әділет Тілеуқазиев.
«Әрине, қашан да адам факторы бірінші орында. Бірақ көліктің техникалық жағдайы да апаттың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Күнделікті шеберханада қатынас құралдарын жөндей отырып, жүргізушілердің техникалық қызмет көрсетуге салғырт қарайтынын жиі байқаймыз.
Тежегіш жүйесінің тозуы, рөлдік басқару тетіктеріндегі ақаулар, ескі немесе маусымға сай келмейтін шиналар, жарық шамдарының дұрыс жұмыс істемеуі – жолдағы үлкен қауіптің бастауы. Кейбір жүргізушілер «әзір жүріп тұр ғой» деп ақауды кейінге қалдырады. Алайда дәл сол елеусіз көрінген кемшілік күтпеген сәтте ауыр апатқа себеп болуы мүмкінін ескере бермейді».
Кәсіби маман ұзақ жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын толық тексеруге кеңес береді.
««Алыс жол атты сынайды, Ауыр жол ерді сынайды» деген. Тежегіш, дөңгелектер, рөлдік басқару жүйесі, қозғалтқыш және жарық құралдарының қалыпты жұмыс істеуі жүргізушінің ғана емес, жолдағы өзге адамдардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Тағы бір байқалатын мәселе – кейбір жүргізушілер сапасыз немесе арзан қосалқы бөлшектерді қолданады. Мұндай бөлшектердің қызмет ету мерзімі қысқа болып, күтпеген жерден істен шығуы мүмкін. Сондықтан қауіпсіздікке қатысты бөлшектерді сапалы әрі сертификатталған өніммен ауыстырған жөн.
Жолдағы қауіпсіздік жүргізушінің тәжірибесімен ғана өлшенбейді. Көлік қаншалықты жаңа болса да, оған уақытылы техникалық қызмет көрсетілмесе, қауіп арта түседі. Сондықтан көлікті күтіп ұстау – артық шығын емес, өз өміріңіз бен өзгелердің қауіпсіздігіне салынған инвестиция. Жол апатын болдырмаудың ең тиімді жолдарының бірі – техникалық ақаудың алдын алу», – дейді.
МАҢЫЗДЫ ӨЗГЕРІС – МЕЖЕЛІ ҚАДАМ
2026 жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген маңызды өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер жол апаттарын азайту, азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. Ішкі істер министрлігінің өкілдері бұл жаңашылдықтарды түсіндіріп, жүргізушілерге алдын ала дайындалуға шақырды.
Медициналық тексерудің маңызы неде?
Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында ақпарат автоматты түрде алмасады. Егер жүйеде тексеруден өткені және көлік басқаруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығы расталмаса, жүргізуші құқығы тоқтатылады. Өзгерістер «Жол жүрісі туралы» Заңның 29-бабына негізделген. Қайта медициналық тексеру тәртібі Денсаулық сақтау министрлігінің қағидаларымен реттеледі. Автоматты дерек алмасу жүйесі жалған құжаттарды болдырмайды. Жаза шаралары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес күшейтілген.
Ішкі істер министрлігі сайты міндетті медициналық тексеруден өту туралы мәліметтер жариялаған. Онда егер ақпараттың жүйеде жүргізушінің міндетті медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылатыны айтылған.
Талап тек 65 жастан асқандар мен мүгедектігі бар жүргізушілерге қатысты. Қайта тексеру мерзімдері заңда нақты көрсетілген.
Жолаушылар мен қауіпті жүк тасымалдаушылар үшін – 3 жыл сайын, 50 жастан асқандарға жыл сайын, ал 65 жастан жоғары және мүгедектігі барлар үшін – 2 жыл сайын тексерілу міндеттелген.
Жаңа өзгерістерге орай, мынандай жағдайда жаза күшейтілген.
«Әділет» құқықтық ақпарат жүйесінде заңның тағы бір маңызды блогы – жол ережесін өрескел бұзушыларға қатыстылығы көрсетілген.
Енді кейбір бұзушылықтар үшін теориялық емтиханды қайта тапсыру талап етілуі мүмкін. Олар жол қиылысынан бұрылу кезінде апат жасау, жоғары жылдамдықпен жүру, жолақ ауыстыру, басып озу ережелерін бұзушылар. Қаулы алғаннан кейін 2 ай ішінде талап орындалмаса, жүргізуші куәлігінен айырылады.
Бұған дейін қоғамды алаңдатқан даулы мәселе де назардан тыс қалмаған.
Мас күйде есірткі немесе ішімдік ішіп, көлік басқару үшін жаза едәуір күшейтілген. Егер мас жүргізуші жол апатын жасаса, жәбірленуші тараппен татуласса да 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Құжаты жоқтар 8 жыл бойы куәлік ала алмайды.
«Соңғы заңнамалық өзгерістердің негізгі мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру. Бұрын жүргізуші айыппұлын төлеп, жолға қайта шыға беретін. Енді жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзған азаматтың теориялық білімін қайта тексеру көзделіп отыр. Бұл – халықаралық тәжірибеде де қолданылатын тәсіл.
Мәселен, жол қиылысында ереже бұзу, жылдамдықты бірнеше рет асыру, басып озу немесе жолақ ауыстыру кезінде қауіпті маневр жасау – жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін елемейтінін көрсетеді. Мұндай жағдайда оның теориялық білімін қайта тексеру – заңды әрі қауіпсіздік тұрғысынан тиімді шешім.
Егер жүргізуші теориялық емтиханды белгіленген мерзімде тапсырмаса, жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылады. Бұл талап адамдарды жауапкершілікке шақырып қана қоймай, жолға тек ережені жақсы білетін жүргізушілердің шығуына ықпал етеді», – дейді ішкі істер саласының өкілі Жеңіс Өтегенов.
ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ БҰЛ ҚАДАМҒА БАРДЫ?
Қазақстандағы автопарктің өсуі және жол-көлік оқиғаларының статистикасы осы өзгерістердің негізгі себебі. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ішкі ісітер министрлігінің мәліметтері негізінде әзірленген ресми хабарламасы 2026 жылдың маусымында елде 5,995 миллион автокөлік тіркелгенін жариялады. Оның 84,2 процентін жеңіл автомобильдер, 8 процентін жүк көліктері, 4,3 процентін тіркемелер, 1,5 процентін автобустар, 1,2 процентін мотоциклдер және 0,8 процентін өзге көлік құралдары түзген. Жыл сайын жүздеген мың көлік қосылуда.
Жол апаттарының көптігі, әсіресе жас және егде жүргізушілер арасындағы көру қабілетінің нашарлауы, реакцияның баяулауы, созылмалы аурулар сынды денсаулық мәселелері қауіпсіздікті күшейтуді талап етуде. Автоматтандырылған дерек алмасу жалған медициналық анықтамаларды жоюға мүмкіндік береді. Бұл – халықтың денсаулығын қорғау және жол қозғалысын қауіпсіз ету үшін мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.
Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бар. Еуропа Комиссиясы, әртүрлі елдердің көлік министрліктерінің 2025–2026 жылғы ғылыми зерттеулеріне жүігнсек, әлемнің көптеген елдерінде егде жастағы жүргізушілерге қосымша бақылау бар.
Италияда 70 жастан бастап 5 жыл сайын медициналық тексеру міндеттелген. Тексеру көру, есту, жүрек-қан тамыр жүйесі және когнитивті қабілеттерді қамтиды.
Францияда дәл осындай талап-тексеруді енгізу туралы заң жобасы талқылануда. 2030 жылдан бастап Еуропа Одағының жаңа ережелері бойынша медициналық бағалау күшейтілмек.
Еуропаның Германия, Бельгия, Польша елдерінде жасына қарай міндетті медициналық тексеру жоқ. Лицензия өмір бойына беріледі. Дегенмен, дәрігерлер медициналық мәселелерді хабарлауға міндетті саналады.
70 жастан бастап лицензияны 3 жыл сайын жаңарту қажет ететін ел –Ұлыбритания. Міндетті медициналық емтихан жоқ, бірақ жүргізуші өз денсаулығы туралы, мәселен, көру, неврологиялық аурулар бар болса, өзін-өзі декларациялауға міндетті. Мәселелер болса, DVLA – Ұлыбританияның жүргізушілер мен көлік құралдарын тіркеуге және лицензиялауға жауапты мемлекеттік агенттігі қосымша тексеруді талап етуі мүмкін.
Финляндия, Дания, Ирландия 70 жастан бастап мерзімді медициналық тексеру міндеттеген мемлекеттер. Данияда бір кездері 75 жастан бастапғы тексеруді «жастық дискриминация» деп алып тастаса, ұзамай қауіпсіздік үшін қайта енгізілген.
Нидерландылық 75 жастағы азаматтар 5 жыл сайын медициналық тексеруден өтеді.
Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында 75 жастан бастап көлік жүргізушіңлерге жыл сайын медициналық шолу жасалады. 85 жастан бастап 2 жыл сайын практикалық жүргізу тесті немесе шектеулі лицензия тек жергілікті аймақта жүру үшін беріледі.
АҚШ-тың Калифорния, Орегон штаттарында дәрігерлер белгілі бір медициналық мәселелер: эпилепсия, көру нашарлауын міндетті түрде хабарлауға тиіс. Көптеген штаттарда жасына қарай міндетті емес.
Азия елдерінде де мұндай ереже бар.
Ең қатаң жүйелердің бірі Жапонияда. Мұнда 70 жастан бастап лицензияны жаңарту кезінде арнайы тренинг міндетті саналады. 75 жастан бастап көлік жүргізуші когнитивті тест тапсыру қажет. Тест нәтижесі бойынша қосымша медициналық тексеру немесе жүргізу емтиханы тағайындалады. Ерікті түрде лицензиядан бас тартуға ынталандыру бар.
65 жастан бастап 3 жыл сайын міндетті медициналық тексеру Сингапурде көбіне дәрігерлік қорытындыға негізделеді.
Тайваньда 70 жастан бастап физикалық тексеру және жол қауіпсіздігі бойынша білім беру қарастырылған.
Жалпы тенденциялар тиімділігі медициналық және когнитивті тексерулер нәтижелілігін көрсеткен. Көптеген елдер тек физикалық денсаулықты ғана емес, мидың реакция, есте сақтау сынды жұмысын тексереді.
Ұлыбританияда тексеріс жүргізушінің жауапкершілігіне сүйенеді.
Зерттеулер міндетті тексерулер апаттарды толық жоймаса да, ауыр зардаптарды азайтатынын анықтаған.
ЖОЛ ҮСТІНДЕ ҚИЫЛДЫ САН ТАҒДЫРЛАР
Бұл өзгерістер жол қауіпсіздігін цифрлық және профилактикалық тұрғыдан күшейтудің маңызды қадамы. Олар жүргізушілердің жауапкершілігін арттырады, бірақ егде жастағы азаматтардың құқықтарын шектемей, денсаулықты сақтауға көмектеседі.
2025 жылғы статистикаға сүйенсек, жағдайдың қажеттіліктен туғандығын түсінуге болады.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Бас прокуратура деректері өткен жылы ел бойынша 36 мыңнан астам жол көлік оқиғасы тіркелгенін жеткізеді. Бұл 2024 жылмен салыстарғанда 14,4 процентке артық.
Салғырттық салдарынан 51 мыңнан астам адам зардап шеккен. Өкініштісі осы жағдайлар кесірінен 2 330 адам қаза тапқан.
2026 жылдың басынан бері 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 18 мыңға жуық адам жарақат алған. 740 адам қаза болған. Бұл дерек ұлттық телеарнаның Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәліметіне сүйенген сюжетінде жарияланған.
Сонымен қатар, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті 2026 жылдың алғашқы төрт айында балалардың қатысуымен 2 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болып, 50-ден астам бала қаза тапқанын хабарлаған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 18 мыңға жуық адам жарақат алып, 740 адам қаза болған.
Қазақстанның 2026 жылғы өзгерістері халықаралық тәжірибені ескере отырып, автоматтандырылған дерек алмасу арқылы іске асырылып отыр. Бұл – қауіпсіздікті арттырумен қатар, егде жастағы азаматтардың мобильділігін сақтаудың теңгерімді тәсілі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, егде жастағы жүргізушілерге қатысты саясат денсаулықты бақылау мен білім беруді үйлестіреді. Бұл шаралар жол қауіпсіздігін цифрлық және профилактикалық тұрғыдан күшейтеді.
Әр жол-көлік оқиғасының артында бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының тағдыры, үзілген үміт пен орындалмаған арман бар. Сондықтан жолдағы әрбір әрекетімізді саналы түрде бағалап, жауапкершілікпен қимылдау – бәріміздің азаматтық міндетіміз. Жолдағы тәртіп пен өзара құрмет – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты кепілі. Әрбір азамат жолға шыққанда өзінің ғана емес, өзге де жандардың өміріне жауапты екенін сезінуі тиіс.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












