Өнегелі ғұмыр – өшпес есім
Туған жер тарихы – ұлт шежіресінің қайнар көзі десек, сол шежірені жазатын да, түзетін де ел еңсесін тіктей білген бірегей перзенттері. Мұндай елеулі есімдер уақыт тезіне жұтылып кетпей, керісінше, жылдар өткен сайын парасатымен асқақтап, кейінгі ұрпақтың бағдаршамына айналады. Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт күннің еңбек майталманы, ерекше қабілет иесі Сәдуақас Махашұлы.Уақыт шежіресіне көз жүгіртсек, Сәдуақас Махашұлы 1906 жылы Қазалы ауданына қарасты Абай ауылының аумағындағы Табанкөл деген құтты мекенде, қарапайым шаруа отбасында дүние есігін ашқан. Әкесі Махаштың шаңырағында өрбіген бес ұл, бір қыздың тұңғышы ретінде жауапкершілікті ерте сезінген Сәдуақастың зеректігі мен білімге деген құштарлығы бала жасынан-ақ айналасын сүйсіндіреді. Сол тұстағы Табанкөлдегі мешітте Ыбырайым молдадан дәріс алып, зор зердесінің арқасында небәрі 12 жасында қасиетті Құран Кәрімнің 114 сүресін толық жаттап, «Қари» атанғаны – оның рухани болмысының қаншалықты терең болғанын айғақтайды. Кейіннен 3 кластық қана білім алса да, көкірегі даңғыл қарт өмір бойы ислам дінінің асыл құндылықтарын дәріптеп, халықтың рухани темірқазығы бола біледі. Бойына құт, қолына шипа дарыған ерекше қасиетінің арқасында ел басына күн туған қиын шақтарда ауыл адамдарына дұға оқып, дем салып, ауырған жандарға ем жасап, ұлттық дәстүрді үзбей ер балаларды сүндеттеу ісін де үлкен жауапкершілікпен атқарады.
Ел аузындағы аңызға бергісіз естеліктер оның шынайы болмысын аша түседі. Ұлы Данабайдың өз естелігіндегі: «Бірде қызым Бағила қатты ауырып, сандырақтап жатты. Әкем үйге келген соң басына отырып ұзақ дұға оқыды. Алладан шипа тіледі. Ғажап жағдай, сол түні қызым тынышталып, денсаулығы түзеле бастады. Осындай шипалы сәттерді өмірде бірнеше рет көзімізбен көрдік», – деген тебіренісі қарияның емшілік қасиетінің айқын дәлелі. Бұл киелі өнеге мен қолының жеңілдігі Сәдуақас атаның немере інісі Қасымға да жұғысты болады. Қазіргі таңда бұл фәниден өткенімен, соңында өшпес іс қалдырған Қасым ақсақал көзі тірісінде ағасының қасиетті бәкісін үлкен аманат ретінде қабылдап, біраз жылдар бойы ел балаларын сүндетке отырғызу ісін адалдықпен жалғастырады. Рухани тазалықты ту еткен Сәдуақас атаның кезінде Ресейдің Уфа қаласынан алтын әріптермен жазылған қасиетті Құран кітабын алдыртып, оны өмірінің соңына дейін көзінің қарашығындай сақтайды.
Өмірінің ең сұрапыл белесі — 1941 жылғы соғыс өртімен тұспа-тұс келді. 1940 жылдан бастап «Микоян», қазіргі Лақалы ауылы, балық колхозының мүшесі болып үлгерген Сәдуақас Махашұлы Отан қорғау мақсатында майдан шебіне аттанды. Ол №8 атқыштар дивизиясының құрамында атқыш ретінде Украина маңындағы ең ауыр, кескілескен шайқастардың қақ ортасында от кешеді. Майданда жанқиярлық әрекет танытып, талай ұрыспен бетпе-бет келеді. Сондай сындарлы сәттің бірінде алған жарақаты мен денсаулығына байланысты «медсанитар» қызметіне ауыстырылады. Жау оғы ысқырған ажал аранынан жаралы жауынгерлерді атпен де, иығына салып жаяу да тасып, майдан шебінен қауіпсіз аймаққа жеткізу секілді ерлікке бергісіз міндетті атқарған кейіпкеріміз ол күндерді: «Тек бір ғана мақсат болды – бауырларымызды аман алып қалу», – деп еске алады екен. Кеңес әскерлері жауды жеңіп, Жеңіс жалауын желбіреткен 1945 жылы елге оралады. Белінен ауыр жарақат алса да, бейбіт күннің майданына білек сыбана араласады. Микоян атындағы колхозда балықшы болып орналасып, зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармастан 22 жыл бойы адал қызмет етеді. Колхоздың 15 гектар аумақты қамтыған балық шаруашылығында күндіз-түні қажырлы еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін үкімет тарапынан «Стахановшы» атағын иеленеді. 1955 жылдың шілде айында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, «ВСХВ қатысушысы» медалімен марапатталуы – маңдай тері мен бейбіт күндегі ерен еңбегінің үлкен бағасы еді.
Сәдуақас Махашұлының қос майдандағы қаһармандығы мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1947 жылдың 2 қыркүйегінде «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі жанқиярлық еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, 1979 жылдың 23 қарашасында «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл» мерекелік медалі, 1985 жылдың 14 наурызында ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені табысталады. Сондай-ақ 1985 жылдың 10 қарашасында КСРО-ның барлық аумағында жарамды мерзімсіз соғыс қатысушысы куәлігін алады. Марапаттар тізімі 1991 жылдың 23 қарашасында «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл» медалімен және 1995 жылдың 23 наурызында «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы» мерекелік медалімен толығады. Ал 1995 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерейтойына орай тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың арнайы Құттықтаухатын алады.
Сәдуақас Махашұлы тек қоғам қайраткері, майдангер ғана емес, отбасының алтын діңгегі, өнегелі әке болады. Өмірлік серігі Іңкәр анамен бірге төрт ұл мен алты қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың бойына адамгершілік пен имандылықтың дәнін егеді. Ұлағатты ұрпақ өсірген ардақты қарт 1996 жылдың 9 желтоқсан күні өмірден өтеді. Бүгінде оның майдан даласынан киіп келген киімдері, алған марапаттары мен құжаттары ұрпақтарының қолында қасиетті мұра ретінде сақтаулы тұр.
Ерлікке құрмет – елдік міндет. Соғыс ардагерінің есімін есте сақтау мақсатында жақында Облыстық ономастика комиссиясының 2025 жылғы 26 тамыздағы №2 қорытындысы негізінде, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті әкімінің шешімі қабылданып, кенттегі жаңа көшеге Сәдуақас Махашов есімі берілді.
Ел үшін жасаған ғибратты істер еш уақытта ұмытылмақ емес. 2024 жылы Лақалы ауылдық клубында атаның 115 жылдығына арналып өткізілген «Ерлерін құрметтеген ел ардақты» атты облыстық ақындар мүшайрасы – ауыл жұртшылығының құрметі. Соғыста ерлігі, бейбіт күнде еңбегі, ел ішінде имандылығымен шоқтығы биік тұрған Сәдуақас Махашұлының жарқын бейнесі ұрпақтан-ұрпаққа сарқылмас ғибрат болып қала бермек.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ,
Лақалы ауылы














