Базалық мөлшерлеме бойынша шешімді кім және қалай қабылдайды: Ұлттық банк жауабы
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме бойынша шешімнің қалай қабылданатыны, Ақша-кредит саясаты комитетіне кімдер кіретіні, сондай-ақ оның жеке дауысы қандай жағдайда шешуші болатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сүлейменовтің айтуынша, базалық мөлшерлеме бойынша шешімді талқылау бірнеше күнге созылады және ол ресми процедуралар мен ашық кәсіби пікірталасты біріктіреді.
"Бұл - ауқымды процесс. Бір жағынан, ол айтарлықтай регламенттелген болса, екінші жағынан - ашық талқылауды көздейді", - деді ол Ұлттық банкте өткен брифингте.
Ақша-кредит саясаты комитетіне барлығы 10 адам кіреді. Әрбір қатысушы жағдайды дербес бағалайды және өзінің кәсіби пікіріне сүйене отырып дауыс береді.
Отырысқа Ұлттық банк төрағасы басшылық етеді. Шешім қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағаның дауысы шешуші болады.
Отырыс алдында болжам жасаушы топ экономикадағы, қаржы нарықтарындағы және сыртқы ортадағы ахуал туралы егжей-тегжейлі таныстырылым дайындайды. Талқылау соның негізінде басталады.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Комитеттің барлық мүшесі өз ұстанымын ашық білдіреді. Көбісі өз материалдары мен есептерін дайындайды. Әрқайсысы өз жұмыс бағытына жауап береді және жалпы көріністі толықтырады.
Отырысқа дейін қатысушылар хатшылыққа мұнай бағасы, инфляция, базалық мөлшерлеме траекториясы және экономикалық өсім бойынша өз болжамдарын жібереді. Талқылаудан кейін олар таныстырылымдар мен пікірталастан соң ұстанымдарының өзгерген-өзгермегенін бағалау үшін бұл құжаттарды қайта толтырады. Соңында дауыс беру процесі өтеді.
Журналистердің соңғы сөз Ұлттық банк төрағасында қала ма деген нақтылаушы сұрағына Сүлейменов бұл тек дауыстар тең түскен жағдайда ғана болатынын қайталап айтты.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қалай қабылданады?
Бүгін, 24 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 17 пайыздан 16,75 пайызға дейін төмендетті. Тимур Сүлейменов бұл мәселе қызу пікірталас тудырғанын айтты.
"Мөлшерлемені сақтау немесе төмендету мәселесіне қатысты айтарлықтай қызу пікірталас болғанын айтуым керек. Қорытындысында біз екі күн бойы талқыладық. Комитет отырысы екі сессияға созылды. Нәтижесінде, мен атап өткен факторларды ескере отырып, мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа абайлап төмендету туралы шешім қабылданды", – деп мәлімдеді ол.









