Ғасырлық тәжірибе – жаңа белеске бастар жол
Қазақстан бүгінде су қауіпсіздігі мәселесінде ең күрделі әрі маңызды кезеңдерді бастан өткеруде. Мемлекет басшысының Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы шешімі еліміздің су саясатындағы үлкен бетбұрыс нүктесі болды. Осы бағыттағы өңірдің су шаруашылығының маңызды стратегиялық нысандарының бірі Ә.Тыныбаев атындағы «Қазалы су торабы» өндірістік учаскесі су торабы жүйелі жұмысымен көрініп келеді.СУ ЖҮЙЕСІНІҢ «ЖҮРЕГІ»
Су торабы мекемелері тек плотиналар мен шлюздер жиынтығы емес, миллиондаған текше метр тіршілік нәрін реттеп, халыққа, ауыл шаруашылығына және өндіріске қауіпсіз әрі уақтылы жеткізіп отырған күрделі инженерлік құрылымдар мен білікті мамандар ұжымы.
Олардың атқаратын негізгі функциялары: су ағынын реттеу және жинақтау, көктемгі тасқын суды бөгендерге жинап, жазғы қуаңшылық кезінде егістіктер мен елді мекендерге тиімді бөлу, келетін су көлемін есепке алу және түрлі келісімдердің орындалуын техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Төтенше жағдайлардың алдын алу, тасқын немесе сел қаупі төнгенде су деңгейін реттеп, апаттық жағдайларды болдырмау.
Мұнда мемлекеттің жаңа су саясатының басымдықтарына мән берілген. Ол су торабы мекемелерінің алдында ескірген инфрақұрылымды жаңарту және суды үнемдеу технологияларын енгізу міндеті. Қазірден бастап суды тұтыну мәдениеті мен инфрақұрылымды өзгертілмесе, 2040 жылға қарай Қазақстан айтарлықтай су тапшылығына тап болу қаупі барын ескерсек, су торабы мекемелерінің жұмысын заманауи талаптарға сай бейімдеу – уақыт күттірмейтін шаруа екендігі ұғынықты.
Қазалы су торабы – XX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы басты құрылыстардың бірі. «Средазгипроводхлопок» институты жобалаған бұл нысан 60 мың гектар суармалы егістікті және 450 мың гектар шабындықты сумен қамтамасыз етуге арналған. Негізгі тоспа Сырдария өзеніндегі ең жоғарғы ағынды 1000, Сол жаға арнасы 100, Оң жаға арнасы 85, Ақсай арнасы 30 текше метрге дейін өткізуге есептелген.
«Қазалы су торабы – достық пен еңбектің ұлы символы» деген пікір жиі айтылады. Себеп те жоқ емес. Өткен ғасырдың ортасында Сыр өңірінде басталған алып құрылыстар ел экономикасын өрге сүйреп қана қоймай, халықтар достығының алтын көпіріне айналады. Соның ішінде шоқтығы биік жобаның бірі – Қазалы су торабы.
1963 жылы бұл алып нысанға бүкілодақтық «Екпінді жастар құрылысы» деген жоғары мәртебе беріледі. Ол құрылыстың маңызы қаншалықты зор болғанын айғақтайды.
Ынтымақ орнаған алып алаң – Қазалы су торабы тоспасын салуға Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен ағылған жалынды жастар мен білікті мамандар үлес қосады. Құрылыс басында 25 ұлттың өкілдері иық тіресе жұмыс істеп, шынайы достық пен жасампаздықтың теңдессіз үлгісін көрсетеді. Олардың ортақ мақсат жолындағы қажырлы еңбегі мен төккен тері Сырдың асау толқынын халық игілігіне бағындыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде бұл нысан тек су шаруашылығының маңызды тірегі ғана емес, сонымен бірге сан түрлі ұлт өкілдерінің мызғымас бірлігі мен ерлікке толы еңбегінің мәңгілік ескерткіші ретінде тарих шежіресінде алтын әріптермен жазулы тұр.
1970 жылдың сәуірінде 18,6 миллион сомға аяқталған құрылысты мемлекеттік комиссия қабылдап, халық игілігіне беріледі.
Қазалы су торабы іске қосылған алғашқы жылдардан бастап-ақ өндірістік нысан айналасына өмір нәрін сепкен үлкен әлеуметтік орталыққа айналады. Мекеме құрылымында су пайдалану, құрылыс-жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, механикалық және есептеу бөлімдері үздіксіз жұмыс істеп, өңір тіршілігінің тамырына қан жүгіртеді.
Жасампаздықтың бастауы болған тораптың бой көтеруі көршілес Басықара ауылының да бағын ашып, оның инфрақұрылымының қарқынды дамуына тікелей ықпал етеді.
Себебі ауыл ажарын ашқан әлеуметтік нысандардың бой көтеруі дәл осы су торабы құрылысымен байланысты өрбиді. Сол жылдары мекеме арқылы ауыл халқының тұрмыстық қолайлығы үшін барлық жағдай жасалады. Теңгерімінде болған нысандар халыққа мүлтіксіз қызмет көрсетеді. Олар заманауи мектеп пен сәбилер күлкісіне толған балалар бақшасы, сырқатқа шипа берген фельдшерлік-акушерлік емхана, ауыл жастарының бас қосар орнына айналған қысқы және жазғы клуб үйлері, тұрмыстық қолайлылыққа бағытталған орталықтағы кең асхана, қос бірдей дүкен, хат-хабар тасыған пошта байланыс торабы, сондай-ақ 25 орындық булы моншалар еді. Ауыл еңбеккерлері үшін бой көтерген 16 қос пәтерлі үй және қос қабатты 16 пәтерлік 2 үлкен тұрғын үй тағы бар.
ҚИЫНДЫҚТАР МЕН ҚАЙТА ҚҰРУ
Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар ел экономикасының барлық саласы үшін күрделі сынақ кезеңі болғаны белгілі. Нарықтық қатынастарға көшу, өндірістік байланыстардың үзілуі, қаржылық тапшылық пен ұйымдастыру жүйесіндегі өзгерістер көптеген кәсіпорындардың жұмысына елеулі әсерін тигізді. Бұл қиындықтардан стратегиялық маңызы зор су шаруашылығы саласы да шет қалған жоқ. Сыр өңіріндегі егіншілік пен халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған Қазалы су торабы да сол жылдары өзінің ең ауыр белестерінің бірінен өтеді.
Кеңестік кезеңде қалыптасқан басқару жүйесінің өзгеруімен бірге су шаруашылығы мекемелерінің құрылымы да қайта қаралды. 1987 жылы «Қазалы су шаруашылығы» құрамына енген ұжым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа талаптарға бейімделді.
Экономикалық дағдарыс жағдайында мекеменің қызметін сақтап қалу, гидротехникалық нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, тәжірибелі мамандарды ұстап қалу оңай іс емес еді.
Ұжым тарап, «Қазалы су шаруашылығы» басқармасының құрамына бөлімше болып беріледі. Бұл кезде Қазалы су торабына Басықара елді мекеніндегі барлық коммуналдық шаруашылық үйлер қарап, соған қызмет жасайтын.
1974-1992 жылдар аралығында Қазалы су торабы бөлімшесінің ағымдағы және күрделі құрылыс-жөндеу, нысанды пайдалану жұмыстарын абыроймен атқарады. Басықара елді мекенінде орналасқан бұл құрылымда 200-ге тарта білікті инженерлер мен қатардағы жұмысшылар еңбек етеді.
Әсіресе, 1987-1992 жылдар аралығында трестің жоспарлы жұмыстарына ауқымды күрделі қаржы бөлініп, құрылыс қарқыны тіптен үдей түседі. ЖМК-64 ұжымы жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындап, күрделі қаржыны толық игереді. Осылайша, бой көтерген жаңа нысандар халық игілігіне мерзімінен кешікпей беріліп отырды.
ДЕРБЕСТІККЕ ҚАДАМҒА ТАРИХИ БҰРЫЛЫС
Уақыт талабына сай, Сыр өңірінің су шаруашылығында үлкен реформалар басталады. Қазалы ауданының әкімі Жарылқасын Шәріповтің тікелей араласуымен және облыстық су шаруашылығы басқармасының басшылығының үлкен қолдауымен, 1993 жылдың 12 қаңтарында Басықара елді мекеніндегі «Қазалы су торабы» мекемесі «Қазалы су шаруашылығы» бірлестігінің теңгерімінен бөлініп, өз алдына дербес ұжым болып құрылады.
72 штаттық бірлігі бар мекеме жаңа құрылымда жұмысын жалғастырады.
Ұжымдық ауызбіршілік – басты қағида. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарыбасындағы өтпелі кезең оңай болған жоқ. Жалақының кешігуі, материалдық-техникалық базаның әлсіреуі мен қосалқы бөлшектердің тапшылығы кездескенімен, ұжым арасындағы берік тәртіп пен жоғары еңбек жауапкершілігі сақталып қалады. Әрбір қызметкер жұмысына бейжай қарамай, қиындықты бірге еңсеріп, су торабының негізгі өндірістік тынысын бір сәтке де тоқтатпайды.
Қайта ұйымдастыру кезеңінде мекеме теңгеріміндегі әлеуметтік инфрақұрылым нысандары кезең-кезеңімен аудандық мекемелердің қарауына өткізіле бастады. Бұған дейін су шаруашылығының құзырында болып келген мектеп, емхана, клуб үйі мен тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдардың балансына беріледі. Бұл қадам, бір жағынан, мекеменің мойнындағы әлеуметтік жүктемені азайтса, екінші жағынан, оның тек өндірістік, яғни негізгі су шаруашылығы қызметіне басымдық беруіне даңғыл жол ашады. Бастысы, Қазалы су торабының стратегиялық маңызы бар алып гидротехникалық құрылыстары толық сақталып қалады. Бас тораптар, су тарату жүйелері, каналдар мен реттегіш шлюздер үздіксіз жұмыс істеп, аймақтағы егіншілік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету міндетін мүлтіксіз атқарады. Олардың қалыпты қызметі тек ауыл шаруашылығы үшін ғана емес, тұтас бір ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен береке-бірлігінің басты кепілі еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы түрлі кедергілер Қазалы су торабы ұжымын шыңдап, жауапкершілігін арттыра түседі. Экономикалық дағдарыс, қаржылық тапшылық және құрылымдық өзгерістерге қарамастан, ұжым өзінің кәсіби біліктілігі мен еңбекке адалдығының арқасында мекемені сақтап қалып қана қоймай, оның кейінгі тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
ЖАҢҒЫРУ МЕН ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІ
1990-2000 жылдар Қазалы су торабы тарихындағы тұрақтану, жаңғыру және техникалық жаңару дәуірі ретінде ерекшеленеді. Нарықтық экономиканың алғашқы қиындықтары біртіндеп еңсеріліп, су шаруашылығы саласын халықаралық талаптарға сай дамытуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынады. Мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту, гидротехникалық құрылыстардың сенімділігін арттыру және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың біріне айналады.
Бұл кезде ұжым алдына қойылған міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып, мекеменің өндірістік әлеуетін арттыруға күш салады. Су шаруашылығы нысандарын тиімді пайдалану, инженерлік жүйелердің сенімді жұмысын қамтамасыз ету және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Аталмыш кезеңде торап тек ағымдағы жұмыстармен шектелмей, ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыруға ден қояды.
Еліміздегі су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған мемлекеттік саясаттың аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Бүкіләлемдік банктің бірлескен жобалары Қазалы су торабының дамуына тың серпін береді. Халықаралық қаржы институттарының қолдауымен жүзеге асқан бастамалар өңірдегі гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту, су нысандарының техникалық қауіпсіздігін күшейту және олардың пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
2004–2006 жылдары Қазалы су торабы ең ірі жаңғырту жұмыстарының бірін жүзеге асырады. Жобаның бас мердігері ретінде Қытайдың «Геоинженерлік корпорациясы» тартылып, жалпы құны 574 миллион теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады. Бұл кезеңде ондаған жыл бойы пайдаланылып келген негізгі тоспа мен гидротехникалық құрылыстар толықтай техникалық сараптамадан өткізіліп, олардың тозған бөліктері жаңартылады.
Күрделі жөндеу аясында су реттегіш қақпалар заманауи үлгідегі жаңа құрылғылармен алмастырылады. Гидротехникалық нысандардың темір-бетонды конструкциялар күшейтіліп, бетон жабындары қалпына келтіріледі. Су өткізу арналары мен шлюздердің техникалық жай-күйі жақсартылып, олардың сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Нысан ішіндегі автожолдарға асфальт төселіп, өндірістік алаңдар абаттандырылады. Инженерлік-коммуникациялық жүйелер ретке келтіріліп, қызметкерлердің қалыпты еңбек етуіне қолайлы жағдайлар жасалады.
Жаңғырту жұмыстары кезінде тек өндірістік нысандары ғана жаңаланбай, әкімшілік ғимарат пен нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың материалдық жағдайын едәуір жақсарады. Кеңсе бөлмелері заман талабына сай жаңартылып, инженерлік желілер қайта тартылады. Өзгеріс өз кезегінде қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттырып, мекеменің қалыпты жұмыс істеуіне оң ықпалын тигізеді.
Осы кезеңде Сырдария өзені бойындағы су тасқыны қаупін азайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Аудан аумағындағы бірқатар елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары кең көлемде жүргізіледі. Ауылдық округтердегі бөгеттердің биіктігі көтеріліп, ұзындығы ұлғайтылады. Жағалаулар бекітіліп, әлсіз тұстары қосымша топырақпен нығайтылады. Мұндай жұмыстар су тасқыны қаупін төмендетумен бірге мыңдаған гектар егістік алқаптар мен елді мекендерді табиғи апаттың зардабынан қорғауға мүмкіндік береді.
Атқарылған инженерлік жұмыстар өңірдің экологиялық жағдайына да оң әсерін тигізеді. Су ағынын тиімді реттеу арқылы өзен арнасының тұрақтылығы сақталып, жағалаудың шайылу қаупі азаяды. Суармалы егіншілік жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту сапасы жақсарды. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жұмыс істеуіне және халықтың әл-ауқатының артуына өзіндік үлесін қосады.
1994–2014 жылдар аралығы Қазалы су торабының даму тарихындағы ең нәтижелі кезеңдердің бірі болады. Осы жылдары жүзеге асқан ауқымды жаңғырту жобалары мекеменің өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, гидротехникалық құрылыстардың сенімділігі мен қауіпсіздігін едәуір арттырады. Қалыптасқан жүйелі жұмыс пен халықаралық деңгейдегі инвестициялық жобалардың нәтижесінде Қазалы су торабы заман талабына сай жаңарып, өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық нысан ретінде өз қызметін одан әрі жалғастыруға берік негіз қалайды.
ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ МЕН ЖАҢА БУЫННЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Қазалы су торабының тарихы – гидротехникалық құрылыстардың немесе өндірістік көрсеткіштердің шежіресі болуымен бірге, өңірдің су шаруашылығы саласын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің тарихын түзеді. Әр кезеңде мекеме тізгінін ұстаған басшылардың іскерлігі, инженерлік ой-өрісі мен ұйымдастырушылық қабілеті ұжымның қалыптасуы, өндірістік әлеуетінің артуы және су торабының стратегиялық маңызын сақтап қалуға негіз болады.
Осы еңбектің заңды жалғасы ретінде 2000 жылы Қазалы су торабына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың есімі берілді. Бұл – Сыр өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі еді.
Қазалы су торабының өсіп-өркендеу жолында әр жылдары азаматтардың еңбегі ерекше. Әрқайсысы өз дәуірінің талабына сай жауапкершілік жүгін көтеріп, өндірісті ұйымдастыру, гидротехникалық нысандарды сақтау және ұжымның кәсіби әлеуетін арттыруда аянбай еңбек етеді.
Әр кезеңде мекемеге Смағұл Тәжиев, Исатай Алдабергенов, Абдрасулла Жұбамбаев, Масақ Күнбергенов, Қуандық Санаев, Шарапат Әбсаметов, Қуаныш Көләнов, Шәкірат Сейтекенов, Әлдебай Сисенов сынды тәжірибелі басшылар жетекшілік етеді. Олардың әрқайсысы өз кезеңінде су шаруашылығы жүйесін жетілдіру, өндірістік тәртіпті нығайту, инженерлік құрылыстарды күтіп-ұстау және ұжымның тұрақты жұмыс істеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Осындай буындар сабақтастығының арқасында Қазалы су торабы уақыт талабына бейімделіп, заман көшінен қалмай дамып келеді.
Облыс бойынша су шаруашылығы саласына жастарды тарту, кадр саясатын даярлау ұғымын есте сақтай отырып, дамбы-технигі Динара Баспаева, су реттеуші Аманжол Қаниев, бөлім бастығы Дөңес Иманбай, Жамбыл қаласындағы Дулати атындағы гидромемиортивтік университетінің суды реттеу бөлімін бітірген, өндірістік учаске басшысы қызметіне су шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтаған Ғалымжан Сисен тағайындалады. Ал мекеме басшысының орынбасары Бағдат Досанға өндірістік жұмыстарды үйлестіру мен инженерлік қызметтің тиімділігін арттыру бағытындағы міндеттері жүктеледі. Сонымен қатар мекеменің бірқатар тәжірибелі қызметкерлері кәсіби біліктілігі мен көп жылғы еңбегінің нәтижесінде жауапты лауазымдарға жоғарылатылып, кадрлық құрам жаңаша серпін алады. Серпілістер ұжымдағы сабақтастық дәстүрінің сақталғаны, тәжірибелі мамандардың ізін жаңа буынның лайықты жалғастырып келе жатқанын айқын көрсеткен.
Бүгінде Ә. Тыныбаев атындағы Қазалы су торабы ұжымы – өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби әрі ұйымшыл өндірістік ұжымдардың бірегейі тұғырынан аласармаған. Қазіргі таңда мекемеде 23 қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында инженерлер, гидротехниктер, механиктер, машинистер мен техникалық мамандар бар. Берік Сейтекен, Гүлжан Аязбай, Нұрасыл Шендібаевтың әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жолында еңбек етуде.
«Біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын бәрінен биік қоюымыз керек. Еңбекші адам – елдің тірегі, нағыз батыры», – деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, іссапарымызда ғасырға жуық тарихы бар мекеменің басты байлығы – оның материалдық базасы ғана емес, оған тер төккен және еңбек етіп жүрген адамдар екенін ұғындық.
Бүгінгі қоғамның ең басты кейіпкері – өз ісіне адал еңбек адамдары арасында ата кәсіпті ардақтап, әке жолын лайықты жалғастырған отбасылық әулеттердің орны тіпті бөлек. Осындай ұрпақтар сабақтастығы мен еңбекке деген шынайы адалдықтың жарқын үлгісін Қазалы су торабы мекемесінен анық көруге болады. Мұнда ата кәсіптің туын жықпай, әке аманатын арқалап жүрген білікті жандар аз емес.
Сисеновтер әулетін ауылдастары шаңырақ берекесі шуақты, өндірісі қуатты ортбасы деп біледі. Мақтаулы еңбек династиясы кезінде Қазалы су торабы мекемесінде ұзақ жылдар бойы түрлі жауапты әрі басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, құрметті зейнеткерлікке шыққан ақсақал Әлдебай Сисеновтің есімі су шаруашылығы ардагерлері арасында кеңінен танымал.
Бүгінде әкенің сара жолын ұлы Ғалымжан Әлдебайұлы абыроймен жалғастырып келеді. «Әке көрген оқ жонып», өндірістің алдыңғы шебінде жүрген Ғалымжанның еңбекқорлығы ұжым арасында үлкен құрметке ие.
Отбасының еңбек шежіресі мұнымен шектелмейді. Ғалымжанның жары Жадыра Сазанбаева да осы өндірістік учаскеде техник-дамбы қызметін атқарады. Ерлі-зайыпты қос маманның бір шаңырақ астында түтін түтетіп, бір мекемеде бірге тер төгуі – отбасылық құндылық пен кәсіби адалдықтың шынайы көрінісі.
Бұл күні біліктілік пен сабақтастық үлгісін Сейтекен отбасынан де кезіктірдік.
Мекеменің мақтанышы болған әулеттің де тарихы ілгері.
Өзінің саналы ғұмырын осы салаға арнап, ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтердің жүгін арқалаған ардагер Шәкірат Сейтекеннің ізін бүгінде ұлы, өндірістік учаскенің инженері Берік басып келеді. Ол әкесінің кәсіби биігі, адамгершілік принциптерін бойтұмар етіп, өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп жүрген жас буынның өкілі. Ал жары Нұргүл Орынбасарова да осы өндірістік учаскеде техник. Жауапты жұмыстың қиындығына қарамастан, қос маман бірлесіп, Қазалы су торабының қалыпты жұмыс істеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосып келеді.
Бір әулеттің бірнеше буынын ортақ шаңырақ, бір өндіріс ошағында табысты еңбек етуі – мамандыққа деген шексіз сүйіспеншіліктің келелі көрінісі.
ҰЛТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ НЕГІЗІ
Су – ұлт қауіпсіздігінің негізі. Қазақстанның су саясаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларымен жаңа деңгейге көтерілді. «Әр тамшы құнды» ұстанымы Арал теңізін сақтау, Сырдарияның су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру міндеттерін алға қояды. Қазалы су торабы – осы саясаттың нақты жүзеге асу орны.
Тоспа Сырдарияның төменгі ағысындағы су деңгейін реттеп, Арал және Қазалы аудандарындағы егістіктер мен шабындықтарды сумен қамтамасыз етеді, кеуіп қалған көлдерді толтырады, экологияны жақсартады. Күрделі жөндеулер мен қорғаныс бөгеттері апатты жағдайлардан сақтайды.
Бүгінгі таңда бірлігі бекем, ісі ілкімді өндірістік нысан еңбегі – болашақ ұрпаққа қалдыратын мол мұра. Су ресурстарын үнемдеу, жаңа технологиялар енгізу, жас мамандарды даярлау – алдағы міндеттер.
Тыныбаевтықтардың тынымды тілігінен Қазалы су торабы – тек гидротехникалық нысан емес, қазақтың еңбекқорлығының, шыдамдылығының және болашаққа деген үмітінің тірі куәсі, әрбір реттеуші мен инженердің, әрбір жұмысшының еңбегі арқылы Сырдың суы алтын тамшыға айналып, қазақ жерінің құнарлылығын арттырып, халқымыздың әл-ауқатын көтеріп жатқанын аңғару қиын емес.
«Суды тиімді пайдалану тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Мемлекет таңдаған су саласындағы оң бетбұрыс – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Су торабы мекемелерінің модернизациялануы, заманауи технологиялардың енуі және қатал су саясатының жүргізілуі болашақ ұрпақтың тіршілік көзінен тарықпауына жасалған ең маңызды қадам болып қалмақ. Су – өмір ғана емес, елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы. Оны сақтау – әрбір азаматтың парызы. Қазалы су торабының тарихы осынау ұлы міндеттің үлгісі болып қала бермек», – дейді мекеме басшысы Ғалымжан Сисен.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













