Қазақстанда доллар бағамы 500 теңгеге жетуі мүмкін – экономистер болжамы
FreepicҚР Ұлттық банкі жүргізген макроэкономикалық сауалнамаға қатысушылар 2026 жылға арналған доллар бағамы бойынша болжамын қайта қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САУАЛНАМАҒА КІМДЕР ҚАТЫСТЫ?
Ұлттық банктің мәліметінше, сауалнамаға макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау және болжаумен айналысатын 16 ұйымның өкілдері қатысты. Олардың қатарында нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, рейтингтік агенттіктер мен халықаралық ұйымдар бар.
Экономистер мұнай бағасы, доллар бағамы, инфляция, базалық мөлшерлеме, жалпы ішкі өнімнің өсімі, экспорт пен импортқа қатысты болжамдарын айтқан.
Ұлттық банк мұндай сауалнамаларды базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдар алдында жылына кемінде төрт рет өткізеді.
ДОЛЛАР БАҒАМЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Экономистер мамыр айында 2026 жылы доллардың орташа бағамы 498,8 теңге болады деп болжаса, шілдеде бұл болжам өзгерген.
Қазіргі болжам бойынша, 2026 жылы доллардың орташа бағамы 500 теңге болады.
Сондай-ақ 2027 және 2028 жылдарға арналған болжамдар да өсетіні айтылған. Сарапшылар енді бұл жылдары доллар бағамы 532,1 және 566,6 теңге болады деп отыр.
КОНТЕКСТ
Осы кезде АҚШ валютасы KASE сауда-саттығында қайта қымбаттады. 16 шілдедегі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 2,36 теңге өсіп, биржалық курс 472,07 теңге болды.
Ал Ұлттық банктің 17 шілдеге белгілеген ресми бағамы — 472,34 теңге.












