Синоптиктер Қазақстандағы ерекше ыстықтың себебін атады
Қазақстанда аптап ыстық әлі де басымай тұр. "Қазгидромет" мамандары ауа температурасының неге шекті мәнге жеткенін және климаттың өзгеруі бұған қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанда күн неге соншалықты ыстық?
"Қазгидромет" мәліметінше, еліміздің кей өңірлерінде ауа температурасы +40...+46 градусқа дейін жетті. Ерекше аптап екі фактордың - климаттың ұзақ мерзімді өзгеруі мен ағымдағы синоптикалық жағдайдың ұштасуынан туындап отыр. Бұл ретте аптап ыстықты тек жаһандық жылынудың салдары деп түсіндіру қате болады.
"Қазгидромет" кейінгі онжылдықтар 60 жылдық бақылау тарихындағы ең ыстық кезең болғанын, ал 2025 жыл еліміздегі метеобақылаулар тарихындағы ең жылы жыл ретінде тіркелгенін атап өтті.
"Қазіргі уақытта Қазақстанның басым бөлігінде синоптикалық жағдай тұрақты антициклонның қалыптасуымен сипатталады. Ол бұлттардың түзілуіне кедергі келтіріп, жер бетінің қарқынды жылынуына және Орталық Азия мен Иран аумағынан ыстық ауа массаларының келуіне ықпал етті. Соған байланысты көптеген өңірде ауа температурасы +40...+46 градусқа дейін көтерілді", - дейді "Қазгидромет" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Тіллакәрім.
"Қазгидромет" жаһандық жылыну әрбір жекелеген ыстық толқынының тікелей себебі болмағанымен, жалпы температуралық фонды көтеретінін баса айтты. Сондықтан бүгінде осындай синоптикалық процестер бұдан бірнеше онжылдық бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары температураны тудырып отыр.
Биылғы жаз нормадан қаншалықты ауытқыды?
"Қазгидромет" деректеріне сүйенсек, маусым еліміздің орталық, оңтүстік және шығыс өңірлері үшін өте жылы болды. Ал Қазақстанның батысында, керісінше, салқындау ауа райы байқалды. Маусымдағы орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1–3 градусқа жоғары болды.
"2026 жылдың шілдесінде Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтіледі. Алайда жекелеген күндері күндізгі максималды температураның ауытқуы 5 градусқа дейін жетуі мүмкін. Өңірлер бойынша айтатын болсақ, ең қатты аптап оңтүстік облыстарда, Орталық Қазақстанда, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың кейбір аудандарында байқалады", - деді Тұрсын Тіллакәрім.
Аптап ыстық үйреншікті жағдайға айнала ма?
Синоптиктердің айтуынша, қазіргі аптапты бүкіл Қазақстан бойынша рекорд көрсеткіш деп атауға әлі ерте. Климатикалық рекордтар бақылау деректерін тексеріп, өңдегеннен кейін әрбір метеостанция үшін жеке бекітіледі.
Сонымен қатар мұндай жағдайлар барған сайын жиі тіркеліп келеді. Синоптиктер мәліметінше, 2025 жылы Шымкент, Алматы, Түркістан, Тараз, Ақтау, Қызылорда және басқа да қалаларда температуралық рекордтар жаңарды. 2026 жылдың мамырында жаңа температуралық максимум, соның ішінде 80 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген рекорд тіркелді. Жаңа рекорд маусымда да байқалды.
"Қазгидромет" қандай кеңес береді?
Шамадан жоғары ыстық кезінде мамандар ашық күн астында болуды, әсіресе сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін шектеуге кеңес береді. Сондай-ақ күндіз физикалық белсенділікті азайтып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет.
Сонымен қатар синоптиктер қауіпті ауа райы құбылыстары туралы уақтылы біліп отыру үшін ресми болжамдар мен ескертулерді қадағалап отыруды ұсынады.










