Туристердің айыппұл арқалауына жиі себеп болатын қателіктер аталды
Үйде үйреншікті болып көрінетін әдеттер шетелде айыппұлға, жанжалға немесе ыңғайсыз жағдайға соқтыруы мүмкін. "ОК" ым-ишарасын қай жерде көрсетуге болмайды, Жапонияда қарапайым мұрын тамшысы неге мәселе тудыруы мүмкін және саяхат кезінде туристер не үшін жиі сынға ұшырайды - Tengri Travel материалынан оқыңыз.
Туристер көбіне қандай қателік жібереді?
Express Daily мәліметінше, Riviera Travel туристік компаниясы 2 мың саяхатшы арасында сауалнама жүргізіп, туристер негізгі әдеп қағидаларын қалай бұзатынын анықтады:
- сауалнамаға қатысқандардың 28 пайызы ғибадатханаларға, мешіттерге және басқа да қасиетті орындарға иығы немесе тізесі ашық күйде кіргенін мойындады;
- әрбір алтыншы саяхатшы (16 пайыз) тамақтану кезінде өрескел қателік жіберген. Мысалы, Оңтүстік Азияда сол қолмен тамақтану немесе Қытайда дастарқан басында сіңбіру;
- Солтүстік Америкада демалушылардың 26 пайызы даяшыларға міндетті шайпұл қалдыруды үнемі ұмытып кетсе, тағы 21 пайызы жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін айыппұл арқалаған.
Қолыңызға абай болыңыз: қорлайтын ым-ишара
Зерттеу авторлары көптеген таныс ым-ишара әртүрлі елде мүлдем басқа мағына беретінін атап өтті.
Мәселен, Қазақстан мен Еуропа елдерінің көбінде бәрі дұрыс дегенді білдіретін танымал "ОК" ым-ишарасы Бразилия мен Латын Америкасының кейбір елдерінде өте дөрекі әрі қорлайтын ым-ишара болып саналады.
Кеденде қандай заттарға байланысты мәселе туындайды?
Сауалнамаға қатысқандардың үштен біріне жуығы - 31 пайызы жергілікті ережелерді білмегендіктен кеденде қиындықтарға тап болғанын айтты.
Міне, бірнеше ерекше шектеу:
- Сингапур - дәрігер тағайындаған медициналық сағыздан басқа кез келген сағызды алып кіруге тыйым салынған;
- Жапония - құрамында псевдоэфедрин немесе кодеин болса, қарапайым мұрын тамшысы мәселе тудыруы мүмкін;
- Барбадос - камуфляж киген туристерден киімін ауыстыруды сұрауы мүмкін, өйткені мұндай форманы тек әскерилерге киюге рұқсат етілген;
- Нигерия - жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында бөтелкедегі ауыз суды алып кіруге болмайды.
Туристер көбіне неден қорқады?
Зерттеу көп адам тілдік кедергіге ғана алаңдамайтынын көрсетеді.
Мәселен:
- 62 пайызы басқа елдің заңын кездейсоқ бұзып алудан қорқады;
- 42 пайызы суретке түсуге тыйым салынған жерлерде, мысалы, мемлекеттік ғимараттар маңында суретке түсуден қауіптенеді.
Мұндай жағдайларды болдырмау үшін саяхатшылардың 57 пайызы алдын ала жергілікті заңдар мен дәстүрлерді зерттейді. Тағы 29 пайызы қателік жібермеуге көмектесетін жергілікті гидтермен саяхаттағанды жөн көреді.
Аулақ болған жөн 10 қателік
Сонымен қатар сарапшылар ең көп таралған қателіктер тізімін жасады:
- ғибадатханалар мен басқа да қасиетті орындарға иығы мен тізесі ашық күйде кірмеу;
- АҚШ пен Канадада шайпұл қалдыруды ұмытпау;
- АҚШ-та жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпеу;
- Азия мен Таяу Шығыстың кейбір елдерінде сол қолмен тамақ жемеу;
- Канадада үйге кірерде аяқ киімді шешу;
- Германияда кездесуге кешікпеу;
- Бразилияда "ОК" ым-ишарасын көрсетпеу;
- Жапонияда таяқшаларды күрішке тігінен қадамау - бұл жерлеу дәстүрімен байланысты;
- Оңтүстік Кореяда сусынды алдымен өзіне құймау - әдеп бойынша алдымен басқаларға құйылады;
- Таиландта адамның басына қол тигізбеу, өйткені дене мүшесінің бұл бөлігі қасиетті саналады.
Зерттеу авторлары сапар алдында жергілікті заңдар және дәстүрлермен танысуға кішігірім уақыт бөлсе, жағымсыз жағдайлардың көбін болдырмауға болатынын атап өтті. Кейде осындай дайындық жақсы көңіл-күйді ғана емес, ақшаны да сақтап қалуға көмектеседі.












