Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық денсаулығы – басты назарда

Халық денсаулығы – басты назарда

Соңғы жылдары табиғи ошақты жұқпалы аурулардың ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ерекше алаңдаушылық тудырып, халықтың мазасын кетіруде. Әсіресе мал шаруашылығымен күнелетін ауылдық өңірлерде індет тұрғындар үшін нағыз үлкен қауіпке айналып отыр. «Кене шақса не болады?», «Балаларымызға қауіп төнбей ме?», «Қайтпек керек?» деген сауалдар төңірегінде ауылдағы ағайынның алаңы басым.
Қазалы ауданында жыл басынан бері тіркелген нақтыланған және күдікті жағдайлар мәселенің өзектілігін көрсетуде. Тақырып төңірегінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Майра Ршымбетоваға арнайы ат басын бұрып, аурудың қазіргі эпидемиологиялық ахуалы, жұғу механизмдері, ең көп қауіп төндіріп отырған топтар, сондай-ақ күнделікті өмірде сақталуға тиіс алдын алу шаралары туралы сұрақтарға жауап алдық.

– Майра Қуантайқызы, биыл Қазалы ауданында Конго-қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық жағдай қалай қалыптасып отыр? Әңгімемізді нақты сандар мен деректерден бастасақ...
– Оныңыз рас Биылғы жылдың басынан бері аудан бойынша 1 нақтыланған және 2 күдікті жағдай тіркелді. Олар Ү.Түктібаев елді мекені мен Әйтеке би кентінің тұрғындары. Барлық науқастар дене қызуының көтерілуі және жалпы әлсіздікке шағымданып, уақытылы медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер эпидемиологиялық анамнез жинау барысында олардың кене шаққандығын және ауылшаруашылық малдарына күтім жасағанын анықтады.
Науқастар дереу оқшауланып, жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты және жақсарған. Ауру ошақтарында ошақтар дезинфекцияланды, байланыста болған адамдар анықталып, бақылауға алыну сынды толыққанды індетке қарсы іс-шаралар жүргізілді.
– Жалпы аудан бойынша кене шаққан адамдар саны қанша? Оларға қандай шаралар қолданылуда?
– – Бүгінгі таңда аудан аумағында кене шағуына байланысты медициналық ұйымдарға жүгінген азаматтардың саны 44-ке жетті. Олардың барлығы қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес тіркеуге алынып, 14 тәулік бойы белсенді медициналық бақылауға алынуда. Бұл кезеңде медицина қызметкерлері азаматтардың жалпы денсаулық жағдайын тұрақты қадағалап, күнделікті дене қызуын өлшейді, сондай-ақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына тән алғашқы клиникалық белгілердің пайда болуына ерекше назар аударады. Қажет болған жағдайда зертханалық тексерулер жүргізіліп, мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге дайындық қамтамасыз етілген. Қуаныштысы, бүгінгі күнге дейін бақылауға алынған азаматтардың ешқайсысында аурудың клиникалық белгілері немесе қандай да бір асқынулар тіркелген жоқ. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, кене шаққан сәттен бастап уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінуінің және профилактикалық бақылаудың тиімді ұйымдастырылуының нәтижесі деп есептеймін. Ерте диагностика мен үздіксіз медициналық бақылау қауіпті инфекциялардың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
– Көптеген жәндіктердің шағуы алғашында мүлдем байқалмайды немесе қарапайым маса шаққандай ғана аздаған қызарумен шектеледі. Басында ешқандай айырмашылық білінбейді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын басқа жәндіктердің шағуынан немесе қарапайым тұмаудан қалай ажыратуға болады?
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақты вирустық аса қауіпті жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы табиғатта кенелер мен жабайы және ешкі, қой, сиыр, жылқы сынды үй жануарларының ағзасында сақталады. Ауру адамнан адамға да жұғуы мүмкін. Әсіресе қанмен жанасқан кезде.
Ауру ересектермен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі. Өкінішке қарай, ауылдық жерлерде балалар мал қора тазалау, шөп шабу, мал бағу сияқты үй шаруашылығына белсене қатысады. Осы кезде олар кенеден қорғану ережелерін елемей, өз денсаулығына үлкен қауіп тудырады. Ауыр жағдайларда ауру өліммен аяқталуы мүмкін.
Негізгі жұғу жолы – кене шағуы. Сонымен қатар адамдар келесі жағдайларда жұқтырып алуы мүмкін. Олар: мал қырқымы кезінде кенені кездейсоқ езіп немесе қиып жібергенде ішіндегі биологиялық сұйықтық теріге тиюі, жалаң қолмен малдың үстіндегі кенені жұлу, мал сою, терісін сыпыру немесе етін жіліктеу кезінде.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жұмысында, мәселен қолғаптың тесілуі, науқастың қаны көзге, ауызға, теріге тиюі сынды «апаттық жағдайларда» жұғу қаупі жоғары.
Бұл аурудың ерекшелігі – вирустың жылдам таралуы және ауыр ағымында.
– Балалар мен жасөспірімдерге қауіптің жоғары екенін айттыңыз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Балалар мен жасөспірімдер кене арқылы таралатын жұқпалы ауруларға бейім келетін негізгі тәуекел топтарының бірі саналады. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде олардың табиғат аясында, жайылымдарда, бау-бақшада немесе мал шаруашылығы жұмыстарына жиі араласуы кене шағу қаупін едәуір арттырады. Осыған байланысты аудан көлемінде білім беру ұйымдарында, жазғы тынығу лагерлерінде және ауылдық округтерде санитариялық-ағарту жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Мамандар оқушылар мен ата-аналарға кенеден сақтану жолдарын, табиғатқа шығар алдында қорғаныш киімдерін пайдаланудың маңызын, денені жүйелі түрде тексеру тәртібін және кене шаққан жағдайда қандай әрекет жасау керектігін жан-жақты түсіндіруде. Сонымен қатар педагогтер мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен дәрістер, кездесулер, ақпараттық акциялар өткізіліп, арнайы жадынамалар таратылуда. Өйткені балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігі. Сондықтан әрбір отбасының профилактикалық шараларды қатаң сақтауы мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруы кене арқылы таралатын қауіпті инфекциялардың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
– Егер адам кене шаққанын байқаса немесе күдіктенсе, қандай әрекет ету керек?
– Ең алдымен, кене шаққан адам ешқандай жағдайда өздігінен емделуге немесе уақыт жоғалтуға болмайды. Ол дереу медициналық ұйымға жүгініп, маманның қарауынан өтуі қажет. Себебі кене арқылы таралатын инфекциялардың, соның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының инкубациялық кезеңі бірнеше күнге созылуы мүмкін. Сондықтан медицина қызметкерлері кене шаққан азаматты 14 күн бойы медициналық бақылауға алып, күнделікті дене қызуын, жалпы жағдайын және аурудың алғашқы клиникалық белгілерін қадағалайды. Егер осы кезеңде дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, жүрек айну немесе өзге де күмәнді белгілер байқалса, науқас шұғыл түрде жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылып, қажетті зертханалық тексерулерден өткізіледі және арнайы емдеу хаттамасына сәйкес терапия тағайындалады. Ауруды ерте анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсету – оның асқынуына жол бермей, науқастың сауығу мүмкіндігін едәуір арттыратын негізгі факторлардың бірі. Сондықтан әрбір азамат кене шаққан жағдайды елеусіз қалдырмай, уақытылы дәрігерге қаралуы қажет.
– Сақтықта қорлық жоқ. Тұрғындарға күнделікті өмірде қандай нақты алдын алу шараларын ұсынасыз?
– Алдын алу – ең тиімді қорғаныс. Маман ретінде мынандай негізгі ережелерді ескертер едім.
Әдетте далаға, табиғатқа шығарда сыртқы киімдерге міндетті түрде репеллент – кенеге қарсы спрей себіңіз.
Ашық түсті ұзын жеңді киім киіңіз. Шалбар балағын етікке салыңыз, жеңдерінде резина болғаны жөн.
Жағасы жоғары, капюшоны бар киімдердің болғаны дұрыс.
Демалатын жерді күн ашық, көлеңкесі аз жерден таңдаңыз.
Үйге оралған соң киім-кешек пен денені мұқият тексеріңіз. Отбасы мүшелері бір-бірін жиі тексеруді дағдыға айнылдыру керек.
Мал қоралары мен аулаларды қоқыстан тазарту – кене, шыбын-шіркей, кеміргіштер сияқты зиянкестердің көбеюіне жол бермейді. Сонымен қатар жұқпалы ауру қоздырғыштарының таралу қаупін азайтады.
Көктем мен күзде кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу – кенелердің ең белсенді кезеңінде олардың санын азайтып, адамдар мен мал арасында таралатын қауіпті жұқпалы аурулардың, соның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының, кене энцефалитінің және басқа да кене арқылы таралатын инфекциялардың алдын алатын маңызды профилактикалық шаралар.
Мал шаруашылығымен айналысқанда қорғаныш құралдары: қолғап, арнайы киім пайдаланыңыз.
– Эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау үшін жергілікті билік пен тұрғындар арасында қандай бірлескен жұмыстар атқарылуда? Бұл бағыттағы жауапкершілік қалай бөлінеді?
– Ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл іске аудан әкімдігі ерекше назар аударып, барлық жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр. Көктемгі және күзгі маусымда табиғи ошақтар мен елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар санитариялық-ағарту бағытындағы іс-шаралар күшейтілген. Брифингтер өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, ақпараттық жадынамалар таратылып, ауылдық округтерде кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға денсаулық сақтау, ветеринария, білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары жұмылдырылған. Өйткені мұндай қауіпті инфекцияның алдын алу – тек медицина саласының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Халықтың санитариялық мәдениеті мен әрбір азаматтың жауапкершілігі бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелілігін айқындайды. Ұлт саулығы – мемлекет байлығы, сондықтан профилактикалық шараларды бірлесе жүзеге асыру ғана аурудың таралуына тиімді тосқауыл бола алады.
Айтарым, өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығы – ең басты байлық. Кене шаққанын байқасаңыздар немесе күдік туындаса, ешқашан күтпей, дереу дәрігерге қаралыңыздар. Сақтық – сақтандырады. Біз әрқашан сіздермен біргеміз. Бұл тұрғыда аудан тұрғындарын белсенді болуға және денсаулық сақтау ережелерін қатаң сақтауға шақырамын.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
14 шілде 2026 ж. 46 0

Тазалық – ортақ іс

14 шілде 2026 ж. 56

Агрокешен: қарым қалай?

14 шілде 2026 ж. 55

Сапа бақылауда

14 шілде 2026 ж. 22

Жолдың жайы жанданды

14 шілде 2026 ж. 37

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031