Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Юрий Хитрин: Мемлекеттілік пен заңдылықтың алтын діңгегі

Юрий Хитрин: Мемлекеттілік пен заңдылықтың алтын діңгегі

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен құқықтық жүйесінің нығаюына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғалардың бірі – Юрий Александрович Хитрин. Оның бүкіл саналы ғұмыры заң үстемдігі мен әділеттілікті орнықтыру жолындағы қажырлы күреске арналды.
Болашақ мемлекет қайраткері 1946 жылы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Оның балалық және жастық шағы соғыстан кейінгі ел еңсесін тіктей бастаған ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Еңбек жолын алғашқыда жиһаз фабрикасында жұмысшы болып бастаған ол, білімге деген құштарлығының арқасында заңгер мамандығын таңдады. 1970 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдап, құқық қорғау саласына алғашқы қадамын жасады. Прокуратура органдарындағы қызметін 1969 жылдың наурызында Алматы қаласы Калинин аудандық прокуратурасында тағылымдамадан бастап, көп ұзамай тергеуші лауазымына тағайындалды. Оның кәсіби біліктілігі мен іске деген адалдығы қызмет сатысымен кезең-кезеңімен жоғарылауына негіз болды. Юрий Александрович әр жылдары Алматы қалалық прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы, Қазақ КСР прокуратурасының тергеу басқармасы бастығының орынбасары және небәрі 33 жасында Целиноград облысының прокуроры секілді жауапты қызметтерді атқарды. Оның кәсіби шеберлігі одақтық деңгейде де мойындалып, КСРО Бас прокуратурасында түзеу-еңбек колонияларында заңдардың сақталуын қадағалау бөлімін басқарды.
Юрий Хитриннің өмірлік ұстанымы мен мемлекеттік қызметтегі басты идеясы «заң мен тәртіп» ұғымдарымен тығыз байланысты еді. Ол үшін заң – мемлекет тұрақтылығының мызғымас негізі. Әріптестері оның бойындағы заңға деген құрметтің қанында бар екенін, кез келген заңсыздыққа немесе заңды айналып өту әрекеттеріне мүлдем төзбейтін қаталдығын ерекше атап өтетін. Ол «Заң түзелмей, заман түзелмейді» деген қағиданы терең ұғынып, заң үстемдігін қоғамның әрбір мүшесінің өмірлік мұратына айналдыруды көздеді. Хитрин үшін заңдылық тек қағаз жүзіндегі ереже емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын нақты құрал болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Юрий Александровичке ел тарихындағы ең күрделі міндеттердің бірі – Әскери прокуратура органдарын нөлден бастап құру жүктелді. 1992 жылы шілде айында ол Бас прокурордың орынбасары – Бас әскери прокурор болып тағайындалғанда, армияда хаос пен заңсыздық белең алып тұрған еді. Офицерлердің жаппай қызметтен кетуі, солдаттардың дезертирлігі және әскери бөлімдердегі тәртіпсіздіктер ел қауіпсіздігіне үлкен қатер төндірді. Осындай сын сағатында Хитрин өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, республика аумағындағы әрбір гарнизонды аралап, мәселелердің мән-жайына жеке үңілді. Оның бастамасымен Президенттің запастағы 150 заңгерді әскери әділет органдарына шақыру туралы №802 қаулысы қабылданып, кадр тапшылығы шешілді. Сондай-ақ ол Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери полиция органдарын құрудың идеялық бастамашысы болып, оның құқықтық негізін қалады. Оның қажырлы еңбегінің нәтижесінде әскердегі қылмыс саны күрт азайып, темірдей тәртіп орнады.
1997 жылы Юрий Хитрин Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымына тағайындалып, елдің жоғары қадағалау органының беделін жаңа белеске көтерді. Елорданың Астанаға көшірілуі кезінде Бас прокуратураның жұмысын жедел ұйымдастырып, заманауи ғимараттың бой көтеруіне және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайының жасалуына тікелей мұрындық болды. Оның мемлекетшілдік тұлғасы 2000 жылы Конституциялық Кеңестің Төрағасы қызметіне тағайындалғанда одан әрі айқындала түсті. Бұл қызметте ол Жер кодексі, Саяси партиялар және Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдардың Конституцияға сәйкестігін сараптап, елдегі конституциялық заңдылықтың нығаюына зор үлес қосты . Ол кез келген шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын ешқашан ұмытпайтын, сондықтан да құжаттардың құрғақ тілінен бұрын азаматтардың мүддесін жоғары қоятын . Юрий Хитрин өзін «болмысым – қазақ» деп есептейтін шынайы патриот, ұлттық дәстүрлер мен қонақжайлылықты қастерлеген нағыз интернационалист еді . 2004 жылы Юрий Александрович мезгілсіз дүниеден өткенімен, оның мемлекеттік мүдде мен заң үстемдігі жолындағы өнегелі ісі өшпес мұра болып қалды. Бүгінде оның есімі заңгерлер қауымы үшін кәсібилік пен адалдықтың, отансүйгіштік пен әділдіктің жарқын символы ретінде құрметпен аталады.
Д.Ә. Мейрханов,
Қазалы ауданының прокуратурасының прокуроры

13 шілде 2026 ж. 52 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031