Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Енді Қазақстанға әкелінген кейбір ұялы телефондар "тәркіленуі" мүмкін

Енді Қазақстанға әкелінген кейбір ұялы телефондар "тәркіленуі" мүмкін

Ұялы телефондар мен планшеттерді шетелден әкелу кезінде міндетті түрде IMEI-кодты мемлекетке алдын ала жариялау талабы енгізілді.
Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды
Ұялы құрылғыларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізу қағидалары өзгерді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының №34 шешімімен бекітілген өзгерістер өз күшіне еніп те қойды. Бұдан былай жеке пайдалану мақсатында өзге елдерден девайстарды әкелетін жеке тұлғалар олардың бірегей халықаралық идентификаторын кедендік құжаттарда тіркеуге міндетті. Кедендік құжаттарын рәсімдемесе, сатып алған тауарынан айрылуы мүмкін.
Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру кезінде ұялы байланыс құрылғыларына қатысты "Тауардың атауы және оның сипаттамасы" бағанында IMEI-кодын міндетті түрде жазуға тиіс. Талап гаджеттердің келесі санаттарына қолданылады:
  • Смартфондар мен ұялы телефондар;
  • Ұялы байланысты қолдайтын планшеттер;
  • Жылжымалы байланыс желілерін пайдаланатын және жеке IMEI-коды бар кез келген басқа құрылғылар.
Құзырлы органның түсіндіруінше, бірегей кодты тіркету байланыс және кедендік реттеу саласындағы Қазақстан заңнамасына сәйкес техниканы кейіннен сәйкестендіру және верификациялау (тексеру) үшін қажет.
Мемкірістер комитеті кедендік декларациялау кезінде толық емес немесе анық емес мәліметтерді ұсыну одақ пен Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында көзделген жауапкершілік шаралары аясында қатар жазалауға әкеп соғатынын қатаң ескертті.
"Ұялы құрылғыларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізу ережелері өзгерді. Гаджеттерді әкелудің жаңа тәртібі енгізілді: декларациялау кезінде IMEI-код міндетті. Шекарада кідірістерді болдырмау үшін азаматтарға әкелінетін гаджеттің IMEI-кодын алдын ала біліп алу (ол қорапта, корпуста немесе құрылғының баптауларында көрсетілген) және оның жолаушылар кедендік декларациясына дәл енгізілуін қамтамасыз ету ұсынылады", – деп мәлім етті мемкірістер ведомствосы.
Сонымен бірге сарапшылар Қазақстанда ұялы телефондарды немесе планшеттерді тәркілеу – оларды елге әкелу кезіндегі кез келген бұзушылықтың әдеттегі салдары болып табылмайтынын еске салды. Тәркілеу тек кедендік құқық бұзушылық туралы заңнамада немесе қылмыстық заңнамада көзделген жағдайларда мүмкін болады.
Тәжірибеде әңгіме мынадай жағдайлар туралы болуы мүмкін: біріншіден, контрабанда немесе тауарларды кедендік шекара арқылы заңсыз өткізу. Егер телефондардың кедендік бақылаудан жасырын, сондай-ақ астыртын орындарды, қолдан жасалған құжаттарды немесе басқа да заңсыз тәсілдерді пайдалана отырып әкелінгені анықталса, тауар заттай дәлелдеме ретінде алып қойылуы мүмкін. Кейіннен, егер бұл сот шешімімен және заңның қолданыстағы нормасымен көзделсе, тәркіленеді.
Екіншіден, міндетті түрде декларациялануға тиіс тауарларды декларацияламау да тәркілуге соқтырады. Егер тұлға телефондарды (мысалы, коммерциялық партияны) декларациялауға міндетті болып, бірақ оны қасақана жасамаса, кеден органы іс қаралғанға дейін тауарды тартып ала алады. Құқық бұзушылық құрамына байланысты, егер заңда мұндай санкция көзделсе, сот тәркілеуді тағайындайды.
Үшінші себеп – жеке пайдалануға арналған тауарлар түрін коммерциялық ауқымда әкелу. Егер адам ұялы телефондардың көп мөлшерін жүйелі түрде, қап-қабымен әкеліп, оларды жеке пайдаланатын заты ретінде мәлімдесе, кеден оларды кәсіпкерлік қызметке арналған тауар деп таниды.
Мұндай жағдайда әкімшілік іс жүргізу, кедендік төлемдерді өндіріп алу, айыппұлдар, заңда көзделген жағдайларда – тәркілеу қолданылуы мүмкін. Еуразиялық одақтың ережелері бойынша әрбір адам шетелден өзі жеке пайдалануы үшін тек 2 смартфон ғана әкеле алады.
Төртіншіден, қолдан жасалған құжаттар немесе жалған мәліметтер жарға жығады. Егер әкелу кезінде қолдан жасалған инвойстар, тауардың құны, шыққан елі туралы құжаттар немесе өзге де бұрмаланған құжаттар пайдаланылса, бұл сот шешімі бойынша тәркілеуге дейінгі жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Бесіншіден, егер тауар жалған өнім болса, мысалы, "Айфон" деп жазылғанымен, оны Apple өндірмеген болса, онда да тәркіленуге жатады.
Мысалы, бұған дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Алматы халықаралық әуежайында iPhone 15 маркалы ұялы телефондарының контрабандасын тоқтатқанын жариялады. Тәртіп бұзушыға ұялы телефондарды декларацияламағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабының 1-бөлігіне сәйкес 30 АЕК сомасында айыппұл салынған.
Өйткені "Дубай-Алматы" бағытындағы авиарейсті кедендік бақылау барысында жеке тұлғаның елге 34 дана iPhone маркалы декларацияланбаған ұялы телефондарды әкелуге әрекеттенгені әшкереленді. Оның бұл тауарды декларацияламауынан, салығын төлемеуден бюджетке 3,1 млн теңге залал келді деп танылды.
Мұндай жағдайда ұялы құрылғылар мемлекет меншігіне алынуы мүмкін. Ұсталған тауарлар кедендік ресімдеу рәсімінен өту және рұқсат құжаттарын алу үшін уақытша сақтау қоймасына орналастырылды.
Екі жылда құзырлы органдар 147,5 млн теңгеден астам сомаға 8 143 декларацияланбаған ұялы телефонның елге заңсыз әкелінуінің жолын кесіпті. 75 әкімшілік іс және 4 сотқа дейінгі тергеп-тексеру қозғалды. Сондай-ақ бұдан бұрын "Қорғас" ШЫХО арқылы Қытайдан ұялы телефондарды контрабандалық жолмен әкелу схемасының беті ашылды. Ондаған миллион теңгенің смартфоны тәркіленді.
Бұл схема жалдамалы жеке тұлғалар тобының көмегімен Қазақстан аумағына ұялы телефондарды шағын партиялармен әкелуді қарастырған. Содан кейін бұл телефондар шекара маңындағы аудандағы "нүктелерде" жинақталып, кедендік алымдар мен төленуге тиісті басқа да салықтар төленбестен Алматы қаласының базарлары мен дүкендерінде өткізу үшін жіберіліп отырған.
Кеденшілер ұзақ уақыт бойы Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға кеден органдарына қолдан жасалған құжаттарды ұсына отырып импортталған ұялы телефондардың экономикалық контрабандасы схемасын да анықтаған болатын. Ел аумағына заңсыз әкелінген ұялы телефондардың құны шамамен 1 млрд теңгеден асып кеткені мәлімделді. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің немен аяқталғаны жұртшылыққа беймәлім қалды.
Мемкірістер комитеті азаматтар чемоданымен таситын тауардың құны белгіленген шектен асқан жағдайда, іс-әрекеттер экономикалық контрабанда ретінде саралануы мүмкін екендігін ескертеді.
12 шілде 2026 ж. 97 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031