Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді
Вирус дәрігерден анықталды.

Фото:BAQ.KZ архиві
Франция Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, вирус Конго Демократиялық Республикасындағы (КДР) гуманитарлық миссиядан оралған дәрігерден анықталған.
Ел аумағында Эбола вирусынан туындаған алғашқы жағдайдың анықталғаны рас, - делінген ведомство мәлімдемесінде.
Министрлік өкілі AFP агенттігіне бұл жағдайдың Францияның материктік бөлігінде тіркелгенін нақтылады.
Қазіргі уақытта пациент оқшауланған. Билік науқаспен байланыста болған адамдар шеңберін анықтап, қажетті эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізіп жатыр.
Сонымен бірге, министрлік бұл аурудың Франция мен жалпы Еуропа халқы арасында таралу қаупі төмен екенін атап өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, КДР-дағы Эболаның қазіргі өршуі кезінде 1 000-нан астам адам вирус жұқтырып, көз жұмғандар саны 267-ге жеткен. ДДСҰ бұл көрсеткішті Эбола індеті тарихындағы алғашқы ай ішінде расталған жағдайлар саны бойынша ең ауқымды өршу деп бағалап отыр.










