Мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен ашықтығы артып келеді

Бүгінде өңірде 3219 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Оның 45,5 пайызы әйелдер болса, басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 20,3 пайызды құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің 95,3 пайызы жоғары білімді мамандар, ал 24,1 пайызы - 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында белгілі болды. Баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлеген Мендалиев мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелер мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты халыққа сапалы қызмет көрсету, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайту. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері мемлекеттік органдарда 92 конкурс өткізіліп, оған 781 адам қатысты. Нәтижесінде 65 үміткер мемлекеттік қызметке қабылданды. Сонымен қатар өңірлік кадр резервіне алынған азаматтардың 52 пайызы конкурстық іріктеусіз бос лауазымдарға тағайындалды. Президенттік жастар кадр резерві арқылы да өңір жастарына жаңа мүмкіндіктер берілуде. Өткен жылғы іріктеу қорытындысымен Қызылорда облысынан үш жас маман резерв қатарына еніп, олардың екеуі республикалық деңгейдегі жауапты лауазымдарға тағайындалды, – деді Ерлеген Жәрдемұлы.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өңірде 396 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіліп, жыл басынан бері 1,38 миллионнан астам қызмет ұсынылған. Бақылау іс-шаралары барысында анықталған бұзушылықтарды жою және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша нақты шаралар қабылданған.
Жиын соңында спикер мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, халыққа сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Өңірлік коммуникациялар қызметі














