Ұшқышсыз аппараттар мен лазер арқылы әуе кемесіне кедергі жасау қылмыс деп танылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне лазерлік құрылғылар немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағыттау арқылы кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Жаңа Қылмыстық кодекс нормалары ауыр зардаптарға байланысты 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті.

2025 жылғы 16 шілдеде Қылмыстық кодекске әуекемесін басқаруға лазерлік құрылғыларды немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағыттау арқылы кедергі келтіргені үшін жауаптылықты көздейтін өзгерістер енгізілді (ҚК-нің 352-1-бабы, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді).
Аталған бап қылмыстық теріс қылықтан бастап ауыр қылмысқа дейінгі жауаптылықты көздейді.
Санкциялар ауыр зардаптар туындаған жағдайда айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаларды қамтиды.
Бас прокуратурада Көліктегі полиция департаменті, Ішкі істер министрлігінің Құқық бұзушылықтардың алдын алуды үйлестіру комитеті және Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті.
— Онда әуе кемелері қону және биіктікке көтерілу кезінде лазерлік құрылғылармен ұшқыштарды көз қарықтыру фактілерінің алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмыстың тиімділігі мәселелері қаралды, — делінген хабарламада.
Әуе кемелеріне қатысты лазерлік құрылғыларды қолдану ұшу қауіпсіздігіне, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретіні, сондай-ақ азаматтық авиация үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екендігі атап өтілді.
— Талқылау қорытындысы бойынша авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және жолаушылар мен әуе кемелері экипаждарының өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, профилактикалық және құқық қорғау сипатындағы шаралар кешені әзірленді, — деп хабарлады құзырлы органнан.
Кеңеске қатысушылар жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында әрбір осындай факт бойынша қылмыстық істер қозғалатыны, лазерлік сәулелену көздері болуы ықтимал аумақтарда патрульдеу ұйымдастырылатыны, сондай-ақ кінәлі адамдарды уақтылы анықтап, ұстау қамтамасыз етілетіні жөнінде уағдаласты. Ұшқыштар мен әуе компаниялары әуекемелері экипаждарына әсер ету фактілерінің барлығы туралы құқық қорғау органдарын хабардар етуге бағдарланды.
— Осы әрекет үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын ескертеміз. Ал осы жасқа толмаған кәмелетке толмағандар құқыққа қарсы әрекеттер жасаған жағдайда, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың мінез-құлқын бақылау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін, — деп ескертті прокуратурдан.
Айта кетейік, елімізде әуе экипаждарына лазермен шабуылдау жиілеген.










