Мәртебең асқақтасын, Қызылордам!
Қойнауы қатпар-қатпар қазынаға толы Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының іргетасы қаланғанына биыл 200 жыл толып отыр. Бұл айтулы мерекені облыс халқы ұлан-асыр той етіп, дүйім жұртқа сауын айтып атап өтпекші.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сыр – Алаштың анасы» деген алтын айдар таққан киелі қоныс жыл сайын ертегілерде айтылатын Иран бақтай құлпырып келеді. Қос ғасырдың куәгеріне айналған қала – небір тарихи кезеңдерді өткеріп, талай тарлан тұлғаларды түлеткен киелі мекен. Ақжолтай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы деуге толық негіз бар.
Той қарсаңындағы қарқынды қимыл
«Үй үстіне үй тіксең, онан да жылы болады» демекші, әуелгі сөзді Сырдың сол жағалауынан бой көтеріп жатқан «Жаңа қала» жайлы бастасақ. Оның қала сәніне сән, келбетіне көрік қосатыны рас. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан жобаның бүгінде құрылысы қарқынды.
Мәселен, қала тойы қарсаңында сол жағалаудағы 16 көпқабатты тұрғын үй мен «Абу-Сер» ЖШС салған 320 орындық балабақша пайдалануға берілмекші. Мұнан бөлек, осы аумақтағы 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бітуге таяу.
Жеке инвесторлардың есебінен 960 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарлама арқылы 670 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп келе жатқанын айту орынды.
2013-2018 жылдары аралығында облысқа Қырымбек Елеуұлы әкім болып келгелі Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы баспана кезегінде тұрған 671 отбасына жаңа пәтер кілті табысталған.
Жалпы, сәулетті ғимараттарымен қатар оның тақтайдай тегіс жолдары қаланың сәнін келтіретіні даусыз. Мәселен, жыл басынан бері 103 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 39 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары салынған. 94 көшеге самаладай жарық бағаналар орнатылыпты. Сондай-ақ, қалаға жақын ауылдарға шығатын күре жолдардың жағдайы жақсартылған.
Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 10 автобус алынған.
Бұл саладағы жағымды жаңалықтардың бірі сәуір айынан бастап «Ақылды қала» жобасы аясында, қоғамдық көліктерде арнайы орнатылған мобильді қосымша арқылы (OyBy) электронды төлем жүйесі, телефон теңгеріміндегі ақшамен жол ақысын төлеу мүмкіндігі жасалынған.
Жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында қалалық бюджеттен бөлінген 22 миллион теңгеге қала көшелеріне қосымша 10 аялдама орнатылыпты.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген сөз бар. «Еңбек адамы» дегенде алдымен ойға ауыл шаруашылығы саласының мамандары оралатыны ақиқат. Осы сала бойынша елді мекендерді несилендіру бағытында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 38 адам 163 миллион теңге несие алған.
Қала бойынша 390 шаруа қожалықтың бірігуімен 27 ауылшаруашылығы өндіріс кооперативі құрылған.
Биылғы жылы 2 ауылшаруашылығы кооперативін құру жоспарланса, бүгінгі күні 69 мүшеден тұратын 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс жасауда.
Облыс әкімінің бастамасымен аймақта үш жыл «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылдары» деген шешім қабылданғаны әмбеге аян. Бағдарлама аясында қалада шағын несиелендірумен 116 жоба қаржыландырылған. Осы орайда, жыл басынан бері құны 3 миллиард теңгені құрайтын 218 жоба іске қосылып, 355 жаңа жұмыс орны ашылды.
Осы жылы 3 миллиард теңгені құрайтын 62 жоба «Өңірлік үйлестіру кеңесінен» қолдау тапқан. Мұның барлығы құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Шаһарды жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.
Қызылорда қаласында 52 аллея мен сквер орын тепкен. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшет пен гүлзар отырғызылған.
Қаланың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар тұрғындардың көз қуанышына айналғаны даусыз.
Айта кетерлігі, биыл Тұңғыш Президент саябағы Рәміздер алаңына дейінгі аумақ қосымша 36 гектарға кеңейген.
Бұл бағытта, осы жылы облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлініпті.
Қандай қарқынды қызмет болмасын, сұлу шаһардың қос ғасырлық мерейтойына деген тарту екені анық.
Шаһарда өтетін шаралар
Әлімсақтан той дегенде қу басы домалап, делебесі қозатын жұртпыз. Соған орай, алда атқарылатын жұмыстар мен мәдени шаралар жетерлік. Олардың бірқатарын тілге тиек етіп, оқырман назарына ұсынбақпыз.
Қызылорда қаласының 200 жылдығы 23 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өтуде. Осы бағытта 40-қа жуық мәдени шара жоспарланған. Қолдағы ақпараттарға сүйенсек, облыс көлемінде 2 халықаралық, 2 республикалық, 3 облыстық және 20 қалалық шара ұйымдастырылмақ.
«Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Елімізге танымал жыршылардың қатысуымен «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбымен әдеби жыр марафоны өткізілмек. Сонымен қатар, айтулы думанға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үлесін қосу үшін «Өнерім саған, Қазақстан!» атты облыстық фестиваль, дәстүрлі облыстық еңбек форумы өтті. Сондай-ақ, түрлі мамандықтар арасында «Үздік маман 2018» байқауы өтіп, «IMAQORDА» технопарк жобасы ашылады деп күтілуде.
Мереке қарсаңында «Ажар», «Эврика» сауда үйлерінің, «КазАгроМир» ЖШС жылыжай кешенінің ашылу рәсімі ұйымдастырылады.
Ежелден халқымызда «жақсыдан шарапат», «тойдан тобықтай» деген ұғымдар қалыптасқан. Осы орайда, түрлі шаралар барысында әрбір аудан тұрмысы төмен 1000-нан аса отбасыға арналған қайырымдылық акцияларын өткізеді деп жоспарланған.
Ал, 28 қыркүйек күні «Сыр Ана» монументінде «Этноауыл» фестивалі өткізілсе, «Сыр сүлейлері» аллеясында «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» фестивалдері халық үшін қызмет етті.
Мерекелік шаралардың жалғасы ретінде Н.Бекежанов атындағы драма театрда облыс активінің қатысуымен қоғам қайраткерлеріне, аймақтың қоғамдық-саяси, экономикалық дамуына үлесін қосқан бірқатар азаматтарға мерейтойлық медальдар табысталды.
Сыр елі қай кезде де өзінің сайыпқыран спорт саңылақтарымен төс керіп мақтана алады. Алты Алашқа сауын айтқан торқалы той барысында 29 қыркүйек күні «Алыптар шықты айқасқа» деп аталатын түйе палуандар сайысы, «Сыр тұлпары» бәйге түрлерінен ат жарысы өтеді.
Сенбі күні қала орталығында ауыл шаруашылық өнімдерінің облыстық жәрмеңкесі де өтпекші. Оған аймақтағы барлық аудандар мен ауылдық округтерден бақша өнімдері жеткізілмек.
Бұлармен қоса, мерейтой барысында облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық “Сабантуй сомбэле” татар мерекесі ұйымдастырылмақ.
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойында Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Серік Ибрагимов, Мәдина Сәдуақасова секілді эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен «Қос ғасыр куәсі – Қызылорда» атты гала концерт өткеніне көпшілік куә.
Есет ТАБЫНБАЕВ