Енді Қазақстанда түнгі 12-де от шашу атып, туған күн тойлайтындар жазаланады

Енді түн ортасында от шашу атып, музыка қосып, жақынын туған күнімен құттықтап, сүйіктісіне сөз салатындар жауапқа тартылады. Ішкі Істер министрлігі тұрғындардан шағым көбейгендіктен тексеріске шығатынын алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйлердің ауласында дәл осындай жағдайлар өзгелерді ұйықтатпай мазаны алады. Айқайға басып тойлағаны аздай, бос бөтелкелер мен пиротехника қалдықтарын да аяқ астында қалдыратындар бар. Сондықтан қала тұрғындары қоғамдық тәртіп бұзғандарды жазаға тартуды құптап жатыр.
“Мен қаладағы ең ірі мейрамхананың дәл іргесінде тұрамын. Музыка аздай түнгі 12-ден кейін салют атады. Менен бөлек тағы 200-300 үйге жетеді дауысы. Осы трендті тоқтату керек”, – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Данияр Жаныс.
“Жаз болған соң терезені ашып қоямыз. Бала ұйықтамай жылайды. Біз 20 адам осы мәселемен шағымдандық пайда болмады”, – деді тағы бір тұрғын Ботагөз Оразғалиқызы.
Полицияның айтуынша, заң бойынша жұмыс күндері кешкі сағат оннан кейін, ал демалыс күндері түнгі он бірден кейін тұрғындардың тыныштығын бұзуға болмайды.
Ескертуге көнбегендерге 22 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық қайталанса, әкімшілік жазаның көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазір еліміздің барлық өңірінде тәртіп сақшылары көшеде ойын-сауық кешін ұйымдастыратындармен күресті күшейткен.
“Тұрғын үй аймақтарында және қоғамдық орындарда салют, техникалық бұйымдар, сигнал дыбыс және өзге де шу шығаратын құралдарды пайдалану азаматтардың тыныштығын бұзады. Сонымен қатар мұндай іс-шарада ішімдік тұтыну, тыныштықты бұзу және аулалар мен қоғамдық орынды ластайтын жағдайлар да болады. Тыныштықты бұзу және заңнама талаптарын сақтау заңда көзделген жауапқа әкеп соқтыратынын ескертеміз”, – деді Астана қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Эльмира Шәуленова.
Құқық қорғау органдары түнгі он екіде туған күнмен құттықтау трендін тоқтатып, кез келген мерекені мәдениетті түрде атап өтуді сұрады.











