Қазақстанда қандай жағдайларда автокөлік айыптұрағына қойылуы мүмкін: толық тізімі
Фото:depositphotos.com
Көптеген жүргізуші кез келген елеулі заңбұзушылық үшін автокөлік айып тұрағына жөнелтілуі мүмкін деп есептейді. Алайда іс жүзінде мұндай шара заңнамада қарастырылған нақты жағдайларда ғана қолданылады.
Құжаттар мен тіркеуге қатысты мәселелер
Автокөлікті мамандандырылған тұраққа жөнелтудің ең жиі кездесетін себептерінің бірі - құжаттардағы немесе көлік құралын тіркеудегі ақаулар.
Егер жүргізушінің міндетті сақтандыру полисі болмаса, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланса немесе көлікті нөмірсіз басқарса, автокөлік айып тұрағына қойылуы мүмкін. Бұл ретте, техникалық байқаудың болмауы заң бойынша полицейлерге "көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға" құқық береді - әдетте бұл автокөлікті айып тұрағына жөнелту емес, мемлекеттік нөмірлерді алып қоюды білдіреді.
Естеріңізге сала кетейік, 12 наурыздан бастап камералар құжаттарға қатысты бұзушылықтарды тіркей бастады:
- мерзімі өткен техникалық байқау;
- қолданыстағы сақтандыру полисінің болмауы.
Сондай-ақ егер көлікке фото және видео тіркеу камераларының нөмірді анықтауына кедергі келтіретін құрылғылар немесе материалдар орнатылса, автокөлік тәркіленуі мүмкін.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері жалған, жасырылған, өзгертілген немесе оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланудың 1 942 фактісі анықталды - бұл тек ақылы жол учаскелеріндегі көрсеткіш.
Тоқтау және тұру ережелерін бұзу
Эвакуациялаудың тағы бір кең таралған себебі - көлікті дұрыс қоймау (парковка).
Егер автокөлік басқа көлік құралдарының немесе жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірсе және бұл бұзушылықты сол жерде жедел жою мүмкіндігі болмаса, ол айып тұрағына жіберілуі мүмкін.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарға заңсыз тұраққа қойғаны үшін де эвакуациялау қарастырылған.
Мас күйінде көлік жүргізу
Автокөлікті алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқару ең ауыр заңбұзушылықтардың бірі болып қала береді.
Мұндай жағдайларда көлік құралы ұсталуға және процессуалдық шешім қабылданғанға дейін мамандандырылған тұраққа қойылуы тиіс.
Осы шара полиция қызметкерлерінің талабы бойынша медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жүргізушілерге де қолданылады. Айта кетейік, медициналық тексерістен бас тарту әдетте жағдайды қиындата түседі.
Басқару құқығының болмауы
Егер рөлде көлік құралын басқару құқығы жоқ адам отырса, автокөлік айып тұрағына түсуі мүмкін.
Бұл жерде жүргізуші куәлігін ешқашан алмаған азаматтар туралы да, бұрын сот шешімімен мұндай құқығынан айырылған жүргізушілер туралы да сөз болып отыр.
Тасымалдау саласындағы заңбұзушылықтар
Көлік құралдарын ұстаудың жекелеген негіздері тасымалдаушылар үшін де қарастырылған.
Жолаушылар мен жүк тасымалы саласындағы заңнама талаптары бұзылған жағдайда автобустар, таксилер, жүк көліктері және басқа да коммерциялық көліктер айып тұрағына жіберілуі мүмкін.
Әдетте, бұл көлік құралын одан әрі пайдалану жолаушылардың немесе жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін жағдайларға қатысты.
Басқа да жағдайлар
Заңнамада автокөлікті мамандандырылған тұраққа қоюдың бірқатар басқа да негізі қарастырылған.
Олар экологиялық, орман, табиғат қорғау, шекаралық және көлік құралын ұстау заңмен тікелей қарастырылған басқа да салалардағы жекелеген құқықбұзушылықтарға байланысты болуы мүмкін.














