Қазақстан атом саласында өңірлік үйлестіру кеңесін құру бастамасын көтерді
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық қауіпсіздік саласындағы өңірлік кеңес құру бастамасы талқыланды.
фото:kaz.inform.kz
2026 жылғы 10 маусымда Алматы қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясының 27-отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басқосуға Достастық елдерінің мемлекеттік органдары, ғылыми ұйымдары мен атом саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында атом энергетикасын дамыту, ядролық медицина, ғылыми зерттеулер, кадр даярлау, қауіпсіздік талаптарын жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанның радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі өңірлік құзыреттер кеңесін құру туралы бастамасы болды. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 9 қазанда Душанбе қаласында өткен "Орталық Азия – Ресей" саммитінде көтерген болатын.
Аталған мәселе бойынша Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин баяндама жасап, жаңа кеңес халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және радиоактивті қалдықтарды басқару мен уран мұрасы нысандарын қалпына келтіру саласында ортақ тәсілдер қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Кеңес қызметінің негізгі бағыттары радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің және уран мұрасы объектілерін оңалтудың келісілген тәсілдерін әзірлеу, радиоактивті қалдықтарды басқарудың ұлттық жүйелерін дамытуға жәрдемдесу, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе және ақпарат алмасу, сондай-ақ мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру болып табылады.
– Алматыда отырыс өткізу ТМД мемлекеттерінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми-техникалық өзара іс-қимылды дамытуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің озық тәжірибелерін енгізуге деген ұмтылысын растайды, – делінген хабарламада.











