Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда онкоскринингтер кеңейтілуде: Кімдер тегін тексеруден өте алады

Қазақстанда онкоскринингтер кеңейтілуде: Кімдер тегін тексеруден өте алады

Тегін онкологиялық тексерулермен қамту артып келеді, ал елде жаңа скрининг түрлерін енгізу жоспарлануда.
©BAQ.KZ коллажы
фото:baq.kz коллажы

Онкологиялық скринингтердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілуінің арқасында сақтандырылмаған жүздеген мың қазақстандық тексеруден өту мүмкіндігіне ие болды. BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ғана 326 мыңнан астам адамның тегін тексеруден өткенін хабарлады.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың шілде айынан бастап сүт безі обырына, жатыр мойны обырына және колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингтер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Соның нәтижесінде азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан тексеруден өте алады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша сүт безі обырына арналған скринингпен қамту деңгейі мақсатты топтар арасында 66,4%-ға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,5 пайыздық тармаққа жоғары. Жатыр мойны обыры бойынша скринингтен әйелдердің 71,4%-ы өткен. Ал колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингпен мақсатты топтың 98,5%-ы қамтылған.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында ТМККК аясында 326 282 сақтандырылмаған азамат тексеруден өтті. Оның ішінде 101 250 адам жатыр мойны обырына, 96 363 адам сүт безі обырына, ал 128 669 адам колоректалды қатерлі ісікке тексерілді, – делінген ресми жауапта.
Министрлік өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген халықты скринингпен қамту көрсеткіші де артқанын атап өтті. Мәселен, сүт безі обыры бойынша қамту деңгейі 15,2%-дан 20,2%-ға, жатыр мойны обыры бойынша 11,6%-дан 23,9%-ға, ал колоректалды қатерлі ісік бойынша 17,8%-дан 22,8%-ға дейін өскен.
Неліктен қазақстандықтар скринингтен өтпейді?
Тексерулердің қолжетімділігі артқанына қарамастан, профилактикалық тексерулерге азаматтардың белсенді қатыспауы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, көптеген адам денсаулығына қатысты шағымы болмаса, скринингке шақыруды елемейді. Алайда онкологиялық аурулардың басым бөлігі бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермейді. Сондықтан жүйелі түрде тексеруден өту қатерлі ісікті ерте анықтаудың ең тиімді жолы саналады.
2025 жылдан бастап Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін дәрігерлерге онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтағаны үшін материалдық ынталандыру жүйесі енгізілген.
Үш өңірде өкпе обырын анықтауға арналған жасанды интеллект сынақтан өтеді
2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі өкпе обырына арналған пилоттық скрининг бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында төмен дозалы компьютерлік томография мен жасанды интеллект технологиялары қолданылады.
Пилоттық жоба Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылады. Бағдарламаға ұзақ жылдар бойы темекі шеккен немесе темекіні тастағанына 15 жылдан аспаған, жасы 50 мен 75 жас аралығындағы азаматтар қатысады.
Жаңа скринингті енгізу қажеттілігі өкпе обырының елдегі онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қалуымен байланысты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктен болған барлық өлімнің 15,5%-ы осы дерттің үлесіне тиесілі болған.
«Жасыл дәліз» жүйесі қалай жұмыс істейді?
Скрининг барысында онкологиялық ауруға күдік анықталған пациенттер «жасыл дәліз» жүйесі бойынша қосымша тексеруден өтеді.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігері жолдама бергеннен кейін аудандық онкологтың кеңесі 10 жұмыс күні ішінде ұйымдастырылуы тиіс. Онкологиялық орталықтағы тереңдетілген тексеру 15 жұмыс күнінен аспауы керек. Ал емдеу тактикасын анықтауға ең көбі 30 жұмыс күні беріледі.
2025 жылы «жасыл дәліз» бағыты бойынша 277 466 пациент жіберілді. Тексерудің уақытылы жүргізілу көрсеткіші онкологиялық қырағылықтың бірінші деңгейі бойынша 95,8%, екінші деңгей бойынша 90,9%, үшінші деңгей бойынша 84,9% болды, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Осы тетік арқылы алғаш рет анықталып, есепке алынған онкологиялық аурулар үлесі 83,7%-ға жеткен.
Қандай жаңа скринингтер енгізілуі мүмкін?
Министрлікте профилактикалық тексерулер тізімін кеңейту жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды.
2025 жылы маммография мен колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингтердің жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде қосымша шамамен бір миллион адам қамтылды.
Ал цитологиялық скринингтің жоғарғы жас шегі 74 жасқа дейін көтеріліп, бағдарламаға 200 мыңнан астам әйел қосылған.
Бұдан бөлек, скринингтер жүйесіне ми қан айналымының бұзылыстарын және В мен С созылмалы вирустық гепатиттерін анықтауға арналған тексерулер енгізілген.
Қазіргі уақытта министрлік жаңа технологияларды енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Олардың қатарында сүт безі мен аналық без обырына тұқым қуалайтын бейімділікті анықтауға арналған BRCA1 және BRCA2 генетикалық тесттері, жатыр мойны обырын ертерек анықтауға мүмкіндік беретін бастапқы ВПЧ-тестілеу, сондай-ақ колоректалды қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау тиімділігін арттыруға бағытталған автоматтандырылған сандық FIT-тесті бар.
Еске салсақ, Қазақстанда медициналық тексеруден өту үшін міндетті демалыс енгізілетіні хабарланған. Сенат еңбек заңнамасына енгізілетін түзетулерді мақұлдады.

10 маусым 2026 ж. 349 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930