Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнердің өлшеусіз биігі: бояуға сыймаған саз, сазға сыймаған әлем

Өнердің өлшеусіз биігі: бояуға сыймаған саз, сазға сыймаған әлем

Өнер тек сұлулықты паш ету, көңіл көтеру құралы ғана емес, адамзат баласымен бірге дамып келе жатқан, қоғамның тыныс-тіршілігін реттеп отыратын ауқымды рухани күш. Дәуірдің, уақыттың және қоғамның шынайы бейнесі. Өнер иелері өз шығармасы арқылы заманауи қоғамның жетістіктерін де, ішкі дертін  көрсетеді. Сондай-ақ халықтың мәдени кодын, тарихын, салт-дәстүрін және моральдық құндылықтарын айқындап,әлеуметтік біріктіру міндетін атқарады. Осындай саф өнерде сары алтындай қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ мәдениетінде таңдаулы туынды, еселі еңбегімен еленген есімнің бірі – Ілия Жақанов.

АЛҒАШҚЫ АДЫМ
Ілия Жақанов феномені – қазақ руханиятының көгінде өзіндік өрнегімен, таза үнімен дараланатын тұлға. Өткен мен бүгінді жалғап, ұлттық болмысымызды музыка тілімен де, қалам құдіретіменде өрнектеп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы дарын. Ән мен сөзді тел емген, қазақ мәдениетінің тірі шежіресі.
Ілия Жақанұлының шығармашылық жолы осындай ғибратты ғұмырдың айқын үлгісі.
Адам туған жеріне тартып туады» деген таныс тәмсіл бар. Сырлы әуен мен нұрлы сөздің бастауы бала Ілия кіндігі кесілген Арқалы Сарысу өңірінің, Ақтоғай топырағында қалыптасады.
Осынау шағын ауылда туып өскен бала жастайынан оқу мен білімге құштар болып өседі. Оны көбіне даладағы өзі тектес құрдас-құрбыларының ойыны емес, үлкендер айтатын ойлы әңгіме, төл мұралар қызықтыратын. Есіктің ернеуінде отырып, төрдегі қонақтардан естіген сөз бен саз жанына басқаша құйылып, кішкентай әлеміне төңкеріс әкелгендей астаң-кестер күйге бөлейтін. Әрбіріне өз пайымынша зер салады. Кейде қайталай отырып, жаңалыққа қол жеткізгендей қуанышты күйге енеді. Өзінің тағы бір құмарлығы – кітап оқып болып, жаңаша ойлау, ішкі ойын қорытуы бертін келе дұрыс ой болып түзіліп, маңызды мәселелерде пайымды пікір айта алатын дағдысын қалыптастырады.
Орта мектепті бітірген соң Ілия С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжат тапсырып, жоғары білім алады.
Бір қызығы, филфактағы жылдар оны сөз қадірін білетін қаламгер ғана емес, дыбыс құдіретін сезінетін сезімтал музыкант болып қалыптасуына ықпал етеді.
Еңбек жолын қазіргі «Ұлан» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып басған ол 1963–1984 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарып, ұлттық музыканы насихаттауға зор үлес қосады.
ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰЛЫҚТАУШЫСЫ
Қазақ радиосы мен теледидарының алтын дәуірінде басшылық тізгінді ұстап, эфир мәдениеті, ұлттық бағдарламалардың сапасын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан ұлт жанашыры ретінде танылады.
ҚазМУ-дың филфагында оқып жүргенде, 1956 жылы алғашқы әні туады. Университет қабырғасында жүріп бірнеше ән жазады. Бірде консерваторияның оқытушылары оқу орны студенттерінің концертімізді тамашалағанда, Студент Ілияның әндерін ұнатып, консерваторияға оқуға шақырады.
Айтылған уақытта концерваторияға келгенінде, Е.Брусиловский: «Әндерін тыңдасаң, нағыз халықтық композитор деп атауға болатын жігіт», – деген кәсіби баға береді.
Латиф Хамиди: «Әндерінде вальс ырғағы басым, бұл менің стихиям», – деп Жақанов шығармаларындағы вальстік қозғалыс пен әуезділікті ерекше атап өтеді.
Ал Василий Великанов: «Тыңдарман өте жақсы қабылдады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін композитор», –деп бағалайды.
Бұл естеліктің ең қызық тұсы – Брусиловскийдің консерваторияға қабылдамауды ұсынуы. Әдетте мұны теріс баға деп түсінуге болады. Бірақ мәтінге қарасақ, керісінше. Ол Жақановтың табиғи композиторлық даралығын сақтап қалуды ойлаған:
«Біз оны музыканың басқа бағыттарына салып жіберсек, өзінің ән жазу ерекшелігін жоғалтып алады». Брусиловскийдің пайымдауынша, академиялық композиция мектебі Жақановтың табиғи халықтық стилін өзгертіп жіберуі мүмкін еді.
Сондықтан көптеген зерттеушілер мен музыкатанушылар Жақановты тек композитор емес, қазақтың дәстүрлі ән эстетикасын ХХ ғасырда жалғастырған тұлғалардың бірі ретінде қарастырады. Ал жоғарыдағы естелікте берілген Брусиловский, Хамиди, Великанов және Құддыс Қожамияров пікірлері – оның талантына берілген алғашқы әрі ең беделді куәліктердің қатарына жатады.
Бұл пікірден Жақанов әндерінің синтездік табиғатын көруге болады. Оның туындылары қазақтың дәстүрлі ән мектебіне сүйеніп, романстық лиризмді пайдалануы, вальс элементтерін шебер енгізгеніне қарамай, ұлттық болмысын жоғалтпайтынын ұғындырады.
Бұл үзінді Ілия Жақановтың тек композитор емес, музыкатанушы-зерттеуші ретіндегі болмысын айқын көрсетеді. Егер алдыңғы үзіндіде оның әншілік-композиторлық қыры бағаланса, мұнда оның ғылыми және ағартушылық миссиясы көрінеді.Ұлттық музыка тарихын түгендеуші Ілия Жақанов – музыкатану саласында дара соқпақ салған зерттеуші. Оның қаламынан туған дүниелер жай ғана кітап емес, қазақтың сал-серілерінің мәңгілік ескерткіші іспетті. Рухани ізденістер мен зерттеулері қатарында сал-серілер ғұмырнамасы: «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра» және «Балуан Шолақ» сияқты ұлт мақтаныштарының өмірі мен шығармашылығын індете зерттеуі бар. М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамов сынды кәсіби музыка майталмандарының көркемдік бейнесін айқындайды.
«Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдердің сценарийін жазып, тарих пен мәдениетті ұштастырады. Оның қобыз өнерінің атасы Ықылас Дүкенұлына арналған «Ықылас» романы да өзгеше. Шығарма алғаш қырғыз тілінде «Кертологоо» деген атпен жарық көрген. Ал «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Аққулар қонған айдын көл» сияқты деректі жинақтары қазақ әдебиеті мен өнертануының алтын қорына қосылған құнды қазына.
Ілия Жақановты халыққа табыстарыған табысты мұрасы – композиторлығы. Автордың нәзік иірімді, сыршылдығы және терең лиризмімен ерекшеленетін әндері талай буынды тәрбиелеп, ұлттық өнерге ұйытқан.
Жазылғанына қанша уақыт өтсе де, тыңдарман жүрегін тебінесіке бөлейтін «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері», «Әселім – әнім», «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық» сынды әндерімен туған жерге деген сүйіспеншілік, жастықтың жарасымды шағы, толқынысқа толы сезім қылын шертеді. Екі жүзден аса әндері тақырыбы мен мазмұнының әралуандығымен де дараланады.
Көне аңыз желісін нысанаға алып, жас ұрпаққа Еділ мен Жайықтың қасиетін ұғындырған композитор қырғыз және қазақ рухани байланысының көркем көрінісіндей тел ұл. Ол бауырлас қырғыз әдебиетінің інжу-маржаны – Т.Қасымбековтің «Сынған қылыш» тарихи дилогиясын қазақ тіліне шебер аударып, екі ел арасындағы алтын көпірге айналған.
Атыраудан Алтайға дейінгі атырапты түгел аралап, ұлттық музыка жауһарларын түгендеген композитордың музыка мұрасының кеншісі келешекке кенен мұра қалдырды.
Бүгінге дейін қанашама шығарма жазып, саласы бойынша айтарлықтай жетістікке жетсе де, бойында кеудемсоқтық, менмендік жоқ.
2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдыған орай Қазалы ауданында үлкен шара өткенде, құрметті қонақтар қатарына шақырылған Ілия Жақановпен жүздесіп, сұқбат алудың сәті түсті. Сол жолы бір-екі ән жазып, өзін «композитормын» дейтіндер туралы пікірін сұрадым. Ол кісі композиторлық кәсіби шеберлікті талап ететінін айтты. «Ал біз неге консерватория бітірмеген Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естайларды неге «халық копозиторы» деп атаймыз?» деген сұраққа үлкен тебіреніспен жауап қатты.
Ұғынғаным, ұлт мұрасының ұстындарының шығармаларындағы тереңдік танымның лайықты бағасын біз әлі бере алмай жүрміз.
Жақында республикалық басылымның біріне берген сұхбатын шығармаларының лирикалық сарындағы әндер екенін, оларды эстрадалық бағытқа бұрып, өзгерту, өңдеуге қарсылық білдіретінін айтыпты. Қарап тұрсақ, бұл ұстаным өзін жоғары бағалау емес, арғысы әлемге аңыз Абай, Пушкин, Лермонтов, Есенин, Мақтымқұлы, бергісі Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Қуандық Шаңғытбаев сынды ақындар мәтіндерінің бояуын жоғалтуға қарсылық, өнерге адалдық сыры деп ұғындық.
Ән-романс, бір циклға бірнеше шығарма жазуы – үлкен ізденістің жемісі.
Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесі, «Шынарым менің, шырайлым менің», «Қош бол, Гүлсары!» повестері бойынша «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Әселім – әнім», «Асылым», «Бибіжан» атты бес ән қырғыз циклы немесе Айтматов циклы деп аталып кетіпті.
2000 жылдан бастап Иманғали Тасмағанбетовтің арнайы шақыруымен Атырауға қоныс аударған өнер жанашыры сол жердің мұрасына тереңірек зейін қояды. Осы жерде «Оралдың ерке самалы», «Ағады Жайық, ағады», «Ерке бұлбұл», «Құлсары», «Ақмарал», «Ойылдың ерке толқыны», «Қарабұтақ вальсі», «Әйтеке би толғауы» әні туып, Батыс циклын түзеді.
Бірде Ахмет Жұбанов Ілия Жақановқа: «Біздің заманымыз қиын болды. Біз жасай алмаған істі сендер қолға алуға тиіссіңдер. Музыкалық зерттеуге жайлап төселе бер», – дейді. Бұл жай ғана ақыл емес, қазақ музыкасын зерттеу эстафетасының келесі буынға тапсырылуы сияқты естіледі. Өйткені Ахмет Жұбанов қазақ музыка ғылымының негізін қалаушылардың бірі болды. Оның Жақановқа осындай сенім артуы – Ілияның зерттеушілік қабілетін ерте танығанын көрсетеді.
Осы естеліктен Жақановтың бірнеше маңызды ерекшелігін байқауға болады. Алғашқысы, композиторлық пен зерттеушіліктің қатар жүруі. Көптеген композиторлар шығарма жазумен ғана айналысады. Ал Жақанов ән шығарды, музыка тарихын зерттеді, халық әндерінің шығу тарихын жинады, орындаушылар туралы деректер іздеді, қазақтың музыкалық мұрасын жүйелеуге күш салды. Сондықтан оны тек композитор деу аздық етеді.
Екіншісі, далалық зерттеу дәстүрін жалғастыруы. Ол Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қазақ даласының музыкалық байлығын түгел зерттеген. Бұл – кабинетте отырып жазылған зерттеу емес. Мұндай жұмыс фольклортануда экспедициялық әдіс деп аталады. Жақанов халық арасындағы әндерді, аңыздарды, орындаушылық дәстүрлерді тікелей жинаған.
Үшіншіден, қазақ музыкасын мемлекеттік шекарадан тыс қарастыруы. Өте маңызды тұс, Қытай, Моңғолия, Иран қазақтарының әндеріне ден қоюы. Бүгінгі тілмен айтсақ, трансұлттық қазақ мәдениетін зерттеуші.
Зерттеушілер Жақановты тарихи шындықты іздеуші деп таниды.
Естайдың әйгілі әні туралы: «Кейінгі жылдары табылған деректер бұл әннің шығу тарихы туралы бұрынғы мәліметтердің жаңсақ екенін көрсетті», – деуі зерттеушіге тән ұстанымды аңғартады.
Тақырып туралы мәліметтер Ілия Жақановтың шығармашылық тұлғасын үш қырдан көрсетеді. Олар: композитор, жазушы-публицист, музыка зерттеушісі. Халықтық сипаттағы лирикалық әндердің авторы. Өнер, тарих, әдебиет туралы еңбектер жазған қаламгер,  қазақ ән мәдениетін Қазақстанда ғана емес, шетелдегі қазақ қауымдары арасында да зерттеген ғалым.
Қазақстанның да, Қырғызстанның да еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты 2022 жылы еліміздің ең жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Бұл ұлт мұратын ұлықтауға қосылған ұшан еңбекке лайықты баға еді.
78 ЖАСЫНДА СУРЕТШІЛІК МАМАНДЫҚ АЛҒАН
Ілия Жақанов есімі аталғанда, санаға алдымен әсем ән мен сырлы сөз келетіні хақ. Бірақ оның жұрттың көбі біле бермейтін, бәлкім, білсе де терең бойлай алмаған тағы бір тылсым қыры бар. Ол суретшілік. Бұл жай ғана өткінші әуестік емес, өмір бойы көкірегіне жиналған сансыз әсердің, жүректе қордаланған сұлулықтың және ең бастысы – ән жеткізе алмаған аяулы сезімнің кенеп бетіне бояу болып тамған сәті еді.
«Әннен артылған сезім суретке түседі», – дейді маэстроның өзі.
Осы бір ауыз сөз оның суреткерлік болмысының кілті іспетті. Бала күнінен қылқаламға құмар болған өнер иесі ұзақ жылдар бойы музыка мен әдебиет айдынында жүзді. Алайда жүрегіндегі сурет өнеріне деген махаббат ешқашан өшпей, керісінше жылдар өткен сайын іштей толысып, кемелдене түседі.
Көп адам егде жасқа келгенде мазасыз тірліктен жырақтап, тыныштық іздейді ғой. Ал Ілия Жақанов болса, жетпістен асқан шағында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің көркемсурет факультетіне түсіп, студент атанды. Бұл – сирек кездесетін құбылыс, тіпті ерлік! Ол жетпіс сегіз жасында «Жерұйық» атты циклдік жұмыстарын қорғап, кәсіби суретші дипломын алғанда, мүйізі қарағайдай ұстаздар мен қылқалам шеберлері таңданысын жасыра алмады. Қазақстан Көркемсурет академиясының академигі атағын алуы – осы қажырлы еңбек пен таза таланттың заңды өтеуі еді.
Ілия Жақановтың суреттеріне үңілген адам ең алдымен шексіз кеңістікті сезінеді. Оның картиналарында кең даланың еркін тынысы, көкжиекке сіңіп кеткен сағымды шақтар, Жайықтың мөлдір ағысы мен Каспийдің асау толқындары өмір сүріп жатыр. Ол табиғатты жай ғана көшіре салмайды, оны алдымен өз жүрегінің сүзгісінен өткізіп, содан кейін барып бейнелейді.
Атыраудағы шығармашылық шеберханасында тұрған Орал тауларының пейзажын көрсетіп тұрып: «Картинаны жақыннан емес, алыстан қарау керек. Сонда оның сұлулығы толық ашылады», — деген еді суретші. Бұл сөз тек оның кенептеріне емес, бүкіл тағдыры мен шығармашылығына қатысты айтылғандай. Расында да, оның туындыларына алыстан қарағанда, бояулар сөйлеп қоя береді, табиғат көрінісі жай ғана бейне емес, тірі көңіл-күйге айналады. Ол сұлулықты жүрегінің түбіне жасырып, уақыты келгенде ғана қиялы мен қылқаламына ерік береді.
Бұл жолды Атырау өңірінен бөліп қарау мүмкін емес. Арғы аталары Еділ мен Жайық бойын жайлаған өнер иесі жаңа ғасырдың басында осы қасиетті мекенге қоныс аударды. Бұған дейін қазақ музыкасының тарихын түгендеген қаламгер енді Батыс Қазақстанның табиғатын бояу тілімен сөйлетті. Индер өңірі мен Каспий айдыны оның картиналарының алтын арқауына айналды. Оның суреттеріндегі сабыр мен тереңдік – Жайықтың баяу, салмақты ағысының өзі еді.
Композитордың ішкі зертханасын түсіну үшін оның әйгілі «Толағай» әнінің тарихына үңілсек те жеткілікті. Арқа даласында келе жатып, көк мұнарға оранған асқақ таудың бейнесі көңіліне ұялайды. Сол әсер алдымен әсем ән болып өмірге келеді. Бірақ суреткер көңілі мұнымен тоқмейілсімейді: әнмен айтып жеткізе алмаған сол бір тылсым көріністі кейін кенеп бетіне түсіреді. Осылайша бір сезім алдымен әуезге, сосын бейнеге айналып, екі рет туады. Оның бойындағы жазушы, композитор және суретші ешқашан бір-бірімен жарыспайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, тұтасып тұрады.
Ілия Жақанұлының ең сүйікті мезгілі – күз. «Жүрек пернесі» кітабында ол күздің алуан түсті бояулары бала күнгі қиялын қалай оятып, сурет салуға жетелегенін ерекше толғаныспен жазады. Оның туындыларындағы күз – мұңның емес, парасат пен кемелдіктің, табиғаттың сабырлы философиясының мезгілі.
Ұлы композитор Фредерик Шопеннің: «Сөз біткен жерде музыка басталады» деген сөзі бар. Ал Ілия Жақановтың әлемінде – сөз жетпеген жерде музыка басталып, ал сол музыканың да дәрмені жетпей, үзіліп кеткен жерінде сиқырлы бояулар сөйлей жөнеледі. Сондықтан да оның суреттері – жай ғана пейзаж емес, олар әннен қалған сағыныштың мәңгілік бейнесі.
Өнердің жасы болмайтынын, нағыз таланттың шекарасы жоқтығын дәлелдеген суреткердің бұл үшінші ғұмыры – кейінгі ұрпаққа ұлы өнеге. Оның әні де, кітабы да, картинасы да бір ғана ұлы қайнардан – туған жерге деген шексіз махаббаттан бастау алып тұр.
Тарихта өнердің қоғамдық сананы өзгертіп, революциялар мен реформаларға серпін берген сәттері аз емес. Еркін ойлы өнер адамдары өз туындылары арқылы билікке, ескірген қағидаларға дилемма тастап, қоғамды алға жылжуға, жаңаша ойлауға мәжбүрлейді. Егер экономика қоғамның болса, өнер – оның жаны мен жүрегі. Өнерсіз қоғам өзінің бағыт-бағдарын жоғалтып, тек тұтынушылық деңгейге түсіп қалар еді. Өнердің басты миссиясы – адамды адам қалпында сақтап қалу. Жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, қазақ музыкасының тарихын зерделеген ірі тұлға осындай үлкен миссияны қаймықпай көтеріп келе жатқан кемел тұлға. Биылғы жылы жасы торқалы тоқсанға толатын Ілия Жақановтың қазақ өнерінің кемел келешегі жолындағы бағамды бағытына ұзақ ғұмыр тіледік.
Дайындаған: Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
09 маусым 2026 ж. 50 0

Күлкі мен ойға толы кеш

09 маусым 2026 ж. 50

Төрт ауылға-тұрақты жылу

09 маусым 2026 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930