Президент: «Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік»
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты.
Фото: Akorda.kz-тен алынды
Фото: Akorda.kz-тен алындыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түскенін сөз етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
– Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары дамудың бұрын-соңды болмаған үлгісі мен тәсілдеріне жол ашатын жаңа әрі шексіз кеңістік қалыптастырды. Мыңның біріне берілетін дәл осы тарихи мүмкіндікті тек қуатты, күшті, болашаққа бағдар түзеген халықтар пайдалана алады. Бұл міндетті еңсеру біздің өскелең ұрпақтың қолынан келеді. Мен бұған сенімдімін.
Қазақстанның орнықты дамуының негізінде ұлы тарихымыз, одан кем түспейтін қазіргі сәт және ең бастысы, жарқын болашақ арасындағы ажырамас байланыс жатыр, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналғанын қозғады.
– Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік. Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті.
Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз,– дейді ол.












