Диқандардың жаңа тәсілі: саннан – сапаған бетбұрыс
Биылғы көктемгі дала жұмыстары Қазалы ауданының диқандары үшін үлкен жауапкершілік пен бірқатар сын-тегістер кезеңіне баланып отыр.Жауапты сала мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы егіс науқанында hәм оң серпін, мен шешімін күткен мәселелер қатар өрілуде.
Жауапты науқанның басты ерекшелігі – жоспарланған егіс көлемі мен нақты мүмкіндік арасындағы алшақтық. Межеленген 17 257 гектар жерге дақыл орналастыру көзделгенімен, шаруашылықтар түрлі өзгерестерге байланысты бұл көрсеткіш көлемін 12 445 гектарға дейін қысқартқан. Бұл жоспардан 4812 гектарға кем.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында саннан сапаға көшу басталды.
Ауданында күріш егісі көлемінің азаюы – бір күндік емес, бірнеше жылдан бері қалыптасқан жүйелі мәселелердің нәтижесі. Бұған әсер етуші факторлар аз емес.
Күріш – өте көп суды қажет ететін дақыл. Соңғы жылдары Сырдарияның өзге мемлекеттерден келетін су мөлшері азаюына байланысты, оны үнемдеу мақсатында үкімет ылғалды көп қажет ететін дақылдардың үлесін азайтып, орнына суды аз қажет ететін майлы дақылдар, мал азығы немесе бақша өнімдерін егуге басымдық берілуде.
Екіншіден, күрішті ұзақ жылдар бойы бір жерге еге беру топырақтың құнарын жойып, оның тұздануына алып келеді.
Топырақты демалдыру үшін күріштің орнына жоңышқа, бидай немесе мақсары егу қажет. Биылғы жоңышқа мен мақсары көлемінің болуы – осы топырақ құнарлылығын сақтау әрекетінің бірі.
Күріш егу – күрделі процесс. Оның өзіндік құны өскенімен, өнімін өткізу нарығындағы бәсекелестік пен бағаның тұрақсыздығы диқандарға айтарлықтай әсер етеді. Осы орайда көлемді орынға тиімсіз егін, су үнемдеу технологиясы – лазерлік тегістеуді қолдана отырып, рентабельділік яғни мол өнім алу тиімділігін көрсетіп отыр.
Аудан әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда егін егу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бүгінге дейін ескі жоңышқаның 90,7 проценті тырмаланса, жаңа жоңышқаның 77,6 проценті егіліп үлгерген. Жоспарланған 2447 гектар күріштің 64 процент дәні себіліп, олардың жартысына жуығы, нақты 45,4 проценті, суға бастырылған.
Аудан әкім тапсырамасы бойынша, азық-түлік қауіпсіздігі басты назарда.
Бүгінде картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егу 65-76 процент аралығында орындалып, жұмыс жалғасуда.
Технология және су үнемдеу бағытында да бірқатар тыңғылықты тірліктер тындырылған.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Қазалыда заманауи технологияларды енгізу қарқынды. Суды үнемдеудің төте жолы — жерді тегістеу. Биыл 3700 гектар жер «МАРА» лазерлік агрегаттарымен толық тегістелген.
Жол картасы аясында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2026 жылға бекітілген меже 95,3 процент –1096 гектарға орындалып, жоспарға жақындаған.
Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бастығы Еркін Сейітовтің айтуынша, ресурстық қамтамасыз ету, тұқым мен техникада қиындық жоқ. Материалдық-техникалық база науқанға толық дайын.
Жыл ішінде 278 дана техниканың барлығы 100 процент дайындықпен дала жұмыстарына қатысуда.
610 тонна күріш және басқа да дақылдардың тұқымы сараптамадан өтіп, пайдалануға берілген.
Көктемгі егістің «қозғалтқышы» – жанар-жағармаймен қамту жайы.
Ауыл шаруашылығындағы кез келген науқанның сәтті өтуі тікелей техниканың үздіксіз жұмысына, ал техниканың күші жанар-жағармайдың қолжетімділігіне байланысты. Биылғы Қазалы ауданындағы егіс жұмыстарына қажетті дизель отыны мәселесі мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы жүйелі шешімін тауып келеді.
Жанар-жағармай бөлу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өтінімдер gosagro.kz электронды платформасы арқылы қабылдануда. Бұл жүйе әрбір шаруашылықтың қажеттілігін нақты анықтап, отынның мақсатты жұмсалуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілетін дизель отынының көлемі – 664 тонна.
Шаруашылықтар өз еркімен жеткізуші ретінде «Жібек Жолы ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін таңдап, тікелей келісімшарт жасасқан. Оны жеткізу қарқынды жүзеге асуда.
Жоспарланған жеңілдікті отынның 227 тоннасы шаруашылықтарға жеткізілген. Бұл бөлінген лимиттің шамамен 34 процентін құрайды.
Маңызды деталь, күріш егу жұмыстарының қызған шағында үзіліс болмауы үшін шаруашылықтардың ішкі резервтері де іске қосылған. Атап айтқанда, қоймаларда қосымша 210 тонна дизель отынының қоры бар. Бұл «сақтық қоры» мемлекеттік отын толық жеткенше жұмыстың тоқтап қалмауына кепіл болады.
Аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларының толық жөндеуден өтіп, сақадай сай тұруы жанар-жағармайды тиімді пайдалануға септігін тигізетінін айтады мамандар.
Жанар-жағармай мәселесінде Қазалы диқандары үшін басты басымдық — уақыт пен есепте. Электронды кезек пен операторлармен жасалған келісімдер алдағы күндері қалған көлемді толық игеруге мүмкіндік береді. Бұл дала жұмыстарын межелі мерзімде аяқтаудың басты кепілі.
Дегенмен тақырып турасында түйінді мәселе де жоқ емес. Мәселен, су қарызы мен қаржылық жүктеме жайы – күн тәртібінде. Шаруашылықтардың өткен жылдан қалған берешектері биылғы егіс көлемінің азаюына тікелей себеп болған қаржылық тапшылықтың айқын көрінісін тудыруда.
Байқағанымыз бұл көктемгі егіс жұмыстары Қазалы ауданының аграрлық секторындағы «сапалық өсімге» басымдық беріліп жатқанын көрсетеді. Жаңа бағыт, оң бетбұрыс көлемі сандық тұрғыдан азайғанымен, лазерлік тегістеу мен су үнемдеу технологияларын енгізу — егіндегі өнімділікті арттырудың жалғыз жолы екенін көрсетуде. Жер-Ананы баладай баптаған дала еңбеккерлерінің ұқыптылығы мен техникалық дайындығы жоғары деңгейде. Ендігі кезек – егісті күтіп-баптау мен тиімді суаруда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














