Тағзым мен тағылым
Тарих – өткеннің сабағы, болашақтың бағдары. Әр халықтың жадында ұмытылмас ақтаңдақ беттер болады. Соның ішінде қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін – ұлттық қасіреттің ең ауыр кезеңі. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде біз өткенді еске алып, сол бір зұлмат жылдары жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларымыздың рухына тағзым етеміз.Жақында мәдени-демалыс кешенінің Тағзым алаңында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтті. Іс-шараға Үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты. Жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету мақсатында өткен шара барысында бір минут үнсіздік жарияланды. Жиналғандар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-тақтаға гүл шоқтарын қойып, марқұмдардың рухына Құран бағыштады.
Тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған сол кезеңде қазақ зиялыларының қаймағы сыпырылды. Алаш зиялылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа жүздеген тұлғалар «халық жауы» деген жалған айыппен атылып, лагерьлерге айдалды. Олардың басты күнәсі – өз халқын азат, білімді және өркениетті көргісі келгені ғана еді. Бұл тек зиялы қауымға ғана емес, қарапайым халыққа да оңай тиген жоқ. Ашаршылық пен тәркілеу, артынша келген репрессия миллиондаған адамның өмірін қиды, отбасылардың шырқын бұзды, ұлттың генетикалық қорына орны толмас зақым келтірді.
Біздің басты міндетіміз – тарихты ұмытпау. «Тарихты білмеген халықтың болашағы бұлыңғыр» демекші, өткен қателіктерді еске алу – бүгінгі бейбіт күннің қадірін білуге жетелейді. «Өткенді ұмыту – болашақты қию» дейді дана халқымыз. Тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстарымыздың арманы – еркін, дамыған және бірлігі бекем Қазақстан болатын. Сол арманға жету – біздің азаматтық парызымыз. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – тек қайғыру емес, бұл – ұлттық рухты жаңғырту. Бүгінде мұрағаттар ашылып, ақтаңдақтардың беті ашылуда. Зерттеушілер тынымсыз еңбек етіп, жазықсыз жандардың есімін халыққа қайтаруда. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Иә, 31 мамыр – қасірет пен тағзымның күні. Біз өткеннің қателігінен сабақ алып, еліміздің бірлігі мен тыныштығын сақтауымыз керек. Құрбан болғандардың рухына тағзым ете отырып, тәуелсіздігімізді бағалайық, ұлттық құндылықтарымызды қастерлейік.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ













