Қазақстанда тағы бір мемлекеттік қызмет онлайн форматқа көшті
Фото Depositphotos.com1 маусымнан бастап Қазақстанда тағы бір мемлекеттік қызмет толықтай онлайн форматқа көшірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанда 1 маусымнан бастап не өзгереді?
3,2 трлн теңге: Қазақстандықтар маркетплейстерден көбіне не сатып алады?
1 маусымнан бастап жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру және кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру қызметтері толықтай онлайн форматта көрсетіледі.
Бұған дейін бұл қызметтер үшін төлем жасау мақсатында азаматтар ХҚКО-ға баруы қажет болатын. Енді өтінім беру кезінде төлемді бірден онлайн жасауға болады, ал дайын техникалық паспорт немесе кадастрлық паспорттың телнұсқасы пайдаланушының жеке кабинетінде қызметтер тарихына автоматты түрде жүктеледі. Қызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты.
Қызметті алу үшін:
eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өту;
«Басты бет» – «Жылжымайтын мүлік» – «Сатып алу, сату, жалға беру» немесе «Тұрғын үй қатынастары» бөліміне өту;
«Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру» немесе «Кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру» қызметін таңдау;
өтінім мен жылжымайтын мүлік түрін көрсету, сондай-ақ Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалын таңдау;
қажетті мәліметтерді толтырып, төлем жасап, өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірі арқылы растау керек.
Осылайша, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап техникалық паспорт пен кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру бойынша өтінімдерді ХҚКО операторлары арқылы қабылдау тоқтатылды. Енді бұл қызметтер тек eGov.kz порталы және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде көрсетіледі.
Қазіргі таңда онлайн форматқа көшірілген мемлекеттік қызметтер қатарында:
электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу;
тұрғылықты жер бойынша тіркелу;
жүргізуші куәлігін ауыстыру;
ресми дилерлер арқылы автокөлікті бастапқы тіркеу;
жүргізуші куәлігін қайта алу (қайта рәсімдеу) үшін өтінім беру;
еңбек иммигранттарына рұқсаттарды беру және ұзарту;
еліміздің өңірлерінде пилоттық режимде жер учаскелеріне құжаттарды рәсімдеу қызметтері бар.











