Әлеуметтік төлем алу үшін жалған жұмысқа тұрған қазақстандықтар 5 жылға дейін сотталуда
Фото: pixabay.comҚазақстанда жалған жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік төлем алуға көмектескендерге қарсы ауқымды тексеріс жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай заңсыз схемаларды ұйымдастырған ондаған адам сотталып, бас бостандығынан айырылған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, елдің 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғалған.
Тексеру барысында азаматтарды тек "қағаз жүзінде" жұмысқа қабылдап, жалған еңбек қатынастарын рәсімдеген 258 кәсіпкер анықталған. Осы схема арқылы 4,4 мыңнан астам адам мемлекеттен заңсыз әлеуметтік төлем алуға әрекет жасаған.
Қазірдің өзінде Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және өзге де облыстарда 9 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
"Заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 адам кінәлі деп танылды. Жалған жұмыспен қамту ұйымдастырып, мемлекетті алдағаны үшін олар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды", — деп хабарлады қорда.
Қор өкілдерінің айтуынша, бүгінде цифрландырудың арқасында мұндай заңбұзушылықтарды анықтау әлдеқайда жеңілдеген.
"Цифрландыру бізге түрлі ақпараттық жүйелердегі деректерді нақты уақыт режимінде салыстыруға мүмкіндік береді. Табыс көлемін жасанды түрде арттыру немесе жалған жұмыспен қамту әрекеттері талдау кезеңінде-ақ анықталады", – деді "МӘСҚ" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Жаныбеков.
Қор мамандары азаматтарды әлеуметтік желілерде жәрдемақыны көбейтіп береміз деп уәде беретін күмәнді "кеңесшілерге" сенбеуге шақырды.
Мекеме мәліметінше, жеке деректерді үшінші тұлғаларға беру және заңсыз төлем рәсімдеуге қатысу тек схеманы ұйымдастырушыларға ғана емес, төлем алған азаматтардың өздеріне де қылмыстық жауапкершілік жүктеуі мүмкін.
Әлеуметтік төлемдер бойынша барлық кеңес Қазақстанда тегін көрсетіледі.











