Арапа күнін қалай өткізу керек
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Арапа күніне арналған кеңестер ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Арапа сөзі арабша «ъарафа», яғни, «білу, анықтау, түсіну» деген мағынаны білдіреді. Арапа – Зұлхижжа айынының тоғызыншы күні, күллі мұсылман жұртының мейрамы Құрбан айттың алдындағы күн.
Бұл күні бес парыздың бірі, қажылық парызын өтеу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен Меккеге жиналған қажылар Арафат тауында тұрып, Аллаға мінәжат етеді. Ал қажылыққа бара алмаған адам, бұл күнді құрмет тұтып, құлағына, көзіне және тіліне ие болып, тәшриқ тәкбірін айтып, ораза ұстап, дұға және тәубе жасап, кешірім тілеумен өткізеді, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Арапа күнін құрметтеу. Құлағына ие болу – ғайбат, мәні жоқ жаман өлеңдерді тыңдамау деген сөз. Көзге ие болу – харам нәрселерге қарамау және мубах нәрселерден ғибрат алу. Тіліне ие болу – өтірік, өсек, сөз тасу, жаман сөз, тіпті, бос сөзден тыйылу, ешкімді тілімен ренжітпеу дегенді білдіреді. Осы аталғандарға мойынсұнып жүрген адам Арапа күнін құрметтеген болады.
Тәшриқ тәкбірі. Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала «Аллаһуммә әнтәссәлам...» дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын (жеке оқыса да, жамағатпен оқыса да) дауыстап оқуы керек. Әйел адамдар дауыстарын шағырмай, іштерінен оқиды. Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады. Тәшриқ тәкбірі: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд».
Ораза ұстау. Арапа күні ораза ұстау – сүннет амал. Өйткені ораза – нәпсі тәрбиесінің негізі. Хадистерде Арапа күні ораза тұтудың сауабы мол және күнәларымыз кешірілетінін жеткізген.
Дұға жасау. Қасиеті мол күнді бос өткізбей, дұғамен күнімізді берекелі еткен жөн. Дұғамыз арқылы еліміз бен жеріміздің, жанұямыз бен ағайынның амандығын тілеген дұрыс.
Тәубе ету. Күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Сол үшін Арапа күні мейірім есігі ашылған кезде, Аллаға тәубе жасап, күнә-қателіктеріміздің кешірілуін сұрайық.
Кешірімді болу. Кешіре алатын мұсылман Алланың шарапатымен жұмақтағы Кәусәр бұлақтан су іше алады, Алла оны ұлықтайды. Қиямет күні өзі кешіріліп, жоғары дәрежеге ие болады. Ал кімде-кім мейірімділік танытпаса, мұның бәрінен құр алақан қалуы ықтимал. Осынау Алла қадірлі еткен күнде маңайымыздағы жандардың барлығын кешірсек, Алла бізді де кешіреді.