Кейінгі 3 жылда аллергиялық асқынулар 1,5 есе артқан
Қазақстанда кейінгі жылдары аллергиялық аурулар көбейіп келеді. Әсіресе ауыр аллергиялық асқынулар мен балалар арасындағы аллергия мамандарды алаңдатып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми сауалымызға берген жауабында мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, аллергиялық аурулардың қатарына бронх демікпесі, аллергиялық ринит, атопиялық дерматит, тағамдық аллергия, есекжем және дәрілік препараттарға жоғары сезімталдық жатады. Соңғы онжылдықтарда мұндай аурулардың таралуы әлем бойынша тұрақты өсіп келеді.
– Кейінгі 3 жылда жіті аллергиялық жағдайлармен ауруханаға жатқызу көрсеткіші 1,5 есе артты. Балалар арасындағы аллергиялық аурулардың көбеюі, бронх демікпесінің артуы, дәрілік аллергия мен анафилаксия ерекше алаңдаушылық тудырады, - делінген министрлік жауабында.
Министрлік дерегіне сәйкес, кейінгі жылдары анафилактикалық шок, Стивенс – Джонсон және Лайелл синдромы сияқты ауыр аллергиялық жағдайлар да жиілеген. Мамандар мұндай асқынулар көбіне жас және еңбекке қабілетті адамдар арасында кездесетінін айтады.
Ведомство мәліметінше, дамыған елдерде халықтың шамамен 20%-ы аллергиялық ринитпен ауырады. Сонымен қатар ересектердің 10%-ында және балалардың 8%-ында тағамдық аллергия кездеседі. Ал атопиялық дерматит өмір бойы халықтың 20%-ына дейін әсер етуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ғалымдар жусан тозаңынан туындайтын аллергияға қарсы жаңа препаратты зерттеп, клиникалық сынақтарын жүргізіп жатқанын хабарлаған едік.












