Астықты алқаптағы ахуал қандай?
Ауыл шаруашылығы – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі. Бүгінде аграрлық сектор жай кәсіп емес, жаңа технологиялар мен инновациялар тоғысқан, елдің экспорттық әлеуетін арттыратын стратегиялық салаға айналды. Аймақ экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі де осы сала. Ал қазалылықтар агроөнеркәсіп кешенін дамытуда аянып жатқан жоқ. Тірлік төңірегінде тер төккен диқан қауымының кетпені сайлаулы, шығыры майлаулы.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударған еді. Атқарылып жатқан бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры. Бүгінде бұл сала тек дәстүрлі шаруашылық шеңберінде қалмай, заманауи технологиялар мен мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа белестерді бағындыруда. Әсіресе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар саланың қарқынды даму үстінде екенін айқын аңғартады. Су үнемдеу технологиялары – болашақтың кепілі. Климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану – басты басымдық. Осы орайда жер көлемін ұлғайту үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолдану қолға алынуда. Биылғы жоспар бойынша Қазалы ауданында су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, 2026 жылға қарай барлығы 2000 гектар жерге егіс егу көзделген. Нақтылап айтқанда, жаңбырлатып суару әдісімен – 269 гектар, тамшылатып суару әдісімен – 450 гектар, пленкалық әдіспен – 1281 гектар жер игерілмек. Бұл қадамдар су тапшылығының алдын алып қана қоймай, өнімділікті бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы техникалық жаңғыру – өнімділік негізі. Ауыл шаруашылығының тиімділігі тікелей техникалық жарақтандыруға байланысты. Осы мақсатта шаруаларға техника сатып алуды субсидиялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы бекітілген меже бойынша 15 техника сатып алу жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. 2026 жылдың алғашқы 3 айында машина-трактор паркін жаңарту аясында Әйтеке би кенті мен Өркендеу ауылдық округінен 2 техника сатып алынған. Бұл – дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы атқарылуына кепілдік іспеттес. Ал экономикалық өсім қандай?
Саладағы жүйелі жұмыстың нәтижесін қаржылық көрсеткіштерден анық көруге болады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2026 жылға 27,7 миллиард теңге деп бекітілген. Биылғы жылдың алғашқы 3 айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2 миллиард 407,5 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,5 пайызға немесе 222,5 миллион теңгеге артық орындалған. Мұндай серпінді өсім ауыл еңбеккерлерінің қажырлы қайраты мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асып жатқанының жемісі.
Айта кеткен жөн, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Нұржаубайұлы, тиісті су бөлімінің мамандары және ауылдық округі әкімдері мен мамандарымен бірге жайылымдық, шабындық және көлдерді суландыруға байланысты кезекті жұмыстар тұрақты атқарылып келеді. Сондай-ақ, Сол және Оң жаға магистральды каналдардың бойынан Ишан, Найзағұл, Мапа, Тазтөбе, Қаншүнгіл, Мүлкаман, Қаракөл, Сарыкөл, Ақшүнгіл секілді жайылымдар мен шабындықтары сәуір айының 25-іне дейін толық суландырылып, егін науқаны тұрақты бақылауда. Өз кезегінде шаруашылық өкілдері биылғы маусымға дайындықтарының жоғары деңгейде екенін алға тартуда. Жалпы, аудан бойынша көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Тиісті мекемелер тарапынан ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде бақылауда.
Иә, қазақ халқы үшін ауылдың орны қашанда бөлек. «Ауыл – ел бесігі» деп бекер айтылмаған. Алайда қазір ауыл шаруашылығы тек ата-бабадан қалған дәстүрлі мал бағу немесе егін егумен шектелмеуі тиіс. Заман талабы – индустрияландыру мен цифрландыру.
Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешені сапалы трансформация кезеңін бастан кешіруде. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидиялар, жеңілдетілген несиелер мен лизингтік бағдарламалар шаруалардың тынысын ашып, жаңа техникамен жабдықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Ауыл шаруашылығын дамытуда бірнеше негізгі бағытқа басымдық берілуі қажет. Өнімді терең өңдеу: Біз тек шикізат (бидай, ет, сүт) экспорттаушы емес, дайын өнім шығарушы елге айналуымыз керек. Қосылған құны жоғары өнім – бұл жаңа жұмыс орындары мен бюджетке түсетін салық. Су үнемдеу технологиялары: Климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында тамшылатып суару және жаңбырлатып суару әдістеріне көшу – уақыт талабы. Ғылым мен селекция: Тұқым шаруашылығын дамыту және мал тұқымын асылдандыру арқылы ғана өнімділікті еселеп арттыруға болады. Отандық ғалымдардың әзірлемелерін өндіріске енгізу – кезек күттірмейтін мәселе.
Бүгінгі егіс даласында жүрген заманауи комбайндар мен тракторлар GPS-навигациямен жабдықталған, ал дрон арқылы егістікті бақылау үйреншікті жағдайға айналып келеді. «Smart Farm» (Ақылды ферма) концепциясы мал басын түгендеуден бастап, оның денсаулығы мен азығын бақылауға дейінгі процестерді автоматтандырды. Бұл шығындарды азайтып, еңбек өнімділігін 2-3 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығының дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының әл-ауқаты. Ауылдық жерлерде заманауи мектептер мен ауруханалардың салынуы, сапалы жол мен таза судың тартылуы, интернеттің қолжетімділігі – жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне негіз болады. «Ауыл аманаты» секілді жобалар халықтың табысын арттыруға, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіруге зор серпін берді. Бұл – ауылдың әлеуетін іштен оятудың төте жолы.
Қош. Суды үнемдеу, техниканы жаңарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін дұрыс пайдалану арқылы біз аграрлық секторды жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Тоқсандық қорытындылардың оң болуы – жыл соңына дейінгі үлкен жетістіктердің бастамасы ғана. Ал ауыл шаруашылығын өркендету – мемлекеттің басты мұраты. Жеріміздің құнарын сақтап, еңбектің берекесін көру үшін ғылымға негізделген тәсілдер мен жаңашыл бастамаларға жол ашуымыз керек. Еңбекқор диқан мен жаңашыл фермердің арқасында Қазақстанның аграрлық саласы ел экономикасының нағыз «локомотивіне» айналатынына сеніміміз кәміл. Береке басы – бірлікте, ырыстың көзі – еңбекте.
Айнұр ӘЛИ













