Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026–2027 оқу жылына құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.Биыл үміткерлер 1 сәуір мен 1 маусым аралығында admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы тіркеліп, өтініш бере алады. Құжат қабылдау мерзімі екі ай. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға 200-ге жуық, докторантураға 12 грант бөлінген.
– Биыл Академияда білім беру бағдарламаларының саны 14-ке дейін артты. Жаңа «EMBA Іскерлік әкімшілендіру» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламалары енгізілді. Сонымен қатар магистратурадағы гранттар саны 80 орынға көбейді. Кейбір бағыттар ғылыми-педагогикалық бағдарға ауыстырылып, оқу мерзімі ұзартылды, - деді Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Ақзада Мадалиева.
Оның айтуынша, «Мемлекеттік саясат» бағдарламасына түсу үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат міндетті талап ретінде енгізілген.
Академия магистратура және докторантура деңгейінде кадр даярлайды. Магистратура бағдарламалары 1 жылдан 2 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Сондай-ақ қызметпен қатар оқуға мүмкіндік беретін модульдік бағдарламалар қарастырылған.
– Қабылдау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлер аналитикалық эссе жазады. Кейін кәсіби және жеке құзыреттерін анықтауға бағытталған сұхбаттан өтеді. Докторантураға түсушілер үшін қосымша зерттеу жұмысының жоспары бағаланады. Бұл талаптар үміткердің дайындық деңгейін жан-жақты саралауға мүмкіндік береді. Құжат қабылдау 1 сәуірден 1 маусымға дейін, конкурстық іріктеу 5-19 маусым, алдын ала қабылдау 25 маусым, қорытынды қабылдау 10 шілде, оқу жылы 1 қыркүйекте басталады, – деді Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Гүлсара Нұрова.
Айта кетейік, үміткерлер барлық қажетті құжаттарды электронды форматта жүктеуі тиіс. Қабылдау нәтижесі конкурс қорытындысы мен сараптамалық бағалаулар негізінде анықталады.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі













