Экологиялық мәдениет – қоғам айнасы
Қоғамның өркениеттілігі мен мәдени деңгейі ең алдымен тазалыққа деген көзқарастан көрінеді. Осы тұрғыда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Аталған бастама аясында Қазалы ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілуде.Осы бағытта аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі көше комитеттерінің төрағалары және тұрғындармен кездесу өткізіп, тазалық мәселесін жан-жақты талқылады. Кездесу Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде өтіп, онда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен баяндалды.
Жиын барысында аудан басшысы «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды. Соңғы жылдары Қазалы ауданында абаттандыру мен инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды істер қолға алынған.
Атап айтқанда, 2025 жылы «Қазалы» мәдени демалыс кешені мен Орталық алаң қайта жаңғыртылып, «Руханият» сквері пайдалануға берілді. Жанқожа батыр, Р.Бағланова және Қ.Пірімов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолдары салынып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлығы қамтамасыз етілді.
2026 жылдың басында құны 1 миллиард 300 миллион теңге болатын теміржол арқылы өтетін көпір пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етуде. Қазіргі таңда оның маңындағы теміржол ғимараты 1 миллиард 600 миллион теңгеге қайта жаңғыртудан өтуде. Бұдан бөлек, теміржол вокзалы алдындағы Әйтеке би ескерткішінің аумағы 92 миллион теңгеге абаттандырылуда.
Аудан көлемінде бұқаралық спортты дамыту бағытында да маңызды жобалар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде Қашақбай Пірімов, Үрмәш Түктібаев және Бекарыстан би ауылдарында заманауи спорт кешендері бой көтерді. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында жаңа спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Маңызды басқосуда Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев баяндама жасады. Ол Әйтеке би кенті аумағында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мен алдағы міндеттерге тоқталды. Көше комитеттері төрағалары мен тұрғындар тарапынан да бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Нақтылағанда, шет аймақтардағы көшелерді жөндеу, аяқ су арықтарын қазу, көше жарықтандыру және санитарлық тазалық мәселелері кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында аудан әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Яғни құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық мүлікті қорғау, рейдтік жұмыстарды күшейту, автомобиль жолдарының сапасын бақылау, кәріз жүйелерін ретке келтіру, нысандардың сыртқы келбетін біріздендіру, қоқыс шығару тәртібін қадағалау және қоғамдық орындардың санитарлық талаптарға сай болуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы тазалықтың мемлекеттік шара емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті.
– Туған жеріміздің тазалығы – баршамызға ортақ міндет. Әр адам өз ауласынан бастап, туған өлкесінің көркеюіне үлес қосуы тиіс, – деді ол.
Шаһардың шет аймақтарында да тазалық жұмыстары қарқынды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Әйтеке би кентінде көктемгі тазалық жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылуда. Соның ішінде, кенттің шет аймақтарына ерекше көңіл бөлінуде.
Атап айтқанда, Қазақ қорымы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автожолы бойы, «Синойл» және «TS» жанар-жағармай құю бекеттерінің маңы, сондай-ақ Водокачка елді мекеніне баратын жол аумақтары тазартылып, ретке келтірілуде. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.
Тазалық жұмыстарына мекеме қызметкерлері, түрлі ұжымдар мен еріктілер және кент тұрғындары белсенді қатысуда. Әрбір азамат туған жердің тазалығы үшін жауапкершілік танытып, ортақ іске үлес қосып келеді.
Айта кету керек, мұндай игі шаралар тек Әйтеке би кентінде ғана емес, Қазалы қаласы мен ауданға қарасты барлық елді мекендерде де жүйелі түрде жалғасуда.
Тазалық бір күндік сенбілікпен шектелетін науқан емес. Ол күнделікті өмір салты, ішкі мәдениеттің айнасы. Таза орта – денсаулық кепілі, ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұраның бірі.
Сондықтан әрбір тұрғын туған жердің тазалығына бейжай қарамай, өз үлесін қосуы тиіс. Таза ауыл, көрікті көше, гүлденген елді мекен баршаның ортақ еңбегінің нәтижесі.
А.ҚАЗМАҒАМБЕТОВА,
Е.ЕРҒАЛИҰЛЫ














