Стиль мен сана байланысы
Қазіргі қоғамда әйелдің сыртқы келбеті тек сән-салтанаттың көрінісі ғана емес, оның ішкі дүниесі мен психологиялық болмысын аңғартатын күрделі тілге айналды. Киім стилі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері барлығы да тұлғаның бір қырын ашса, ал сөмке – сол болмыстың ең «үнсіз сөйлейтін» символдарының бірі. Көпшілік мән бере бермейтін аксессуар шын мәнінде әйелдің өмір салты, мінезі, тіпті құндылықтары туралы да мол ақпарат бере алады.Зат па, әлде психологиялық код па?
Психологияда адамның таңдау жасау тәсілі оның ішкі әлемімен тығыз байланысты екені жиі айтылады. Осы тұрғыдан алғанда, әйелдің сөмке таңдауы да кездейсоқ емес. Ол қажеттілік пен талғамның, ыңғайлылық пен эстетиканың, ішкі сенім мен әлеуметтік рөлдің тоғысқан нүктесі.
Мәселен, үлкен әрі кең сөмке ұнататын әйелдер көбіне жауапкершілігі жоғары, алдын ала жоспар құруды жақсы көретін, барлығын бақылауда ұстауға тырысатын жандар болуы мүмкін. Олар үшін «дайын болу» басты қағида. Мұндай сөмкеде қажет заттан бөлек, «қажет болып қалар» деген дүниелер де табылады. Онысы – сақтық пен қамқорлықтың белгісі.
Шағын, минималистік сөмкені таңдайтындар көбіне еркіндікке жақын, жеңіл ойлайтын, артық жүктен қашатын тұлғалар. Олар үшін өмір – қарапайымдылық пен қозғалыс. Мұндай әйелдер шешімді тез қабылдайды, тәуекелге барудан қорықпайды.
Түс пен форма: бейсананың белгісі
Сөмкенің түсі де көп нәрсені аңғартады. Қара түсті таңдайтындар классиканы, тұрақтылықты және бақылауды қалайды. Яки, ішкі тәртіп пен сенімділіктің белгісі. Ашық, көзге түсетін түстерді ұнататын әйелдер көбіне эмоцияға бай, шығармашылыққа жақын, көпшіліктің назарында болуды ұнататындар.
Форма да маңызды. Қатаң пішінді сөмкелер – тәртіп пен нақтылықты ұстанатындарға тән. Керісінше, жұмсақ, пішіні еркін сөмкелер – икемді, бейімделгіш мінезді білдіреді.
Жалпы сөмкенің ішкі жағы мүлдем бөлек әлемге жетелейді. Кейбір қыз-келіншектерде онда мұнтаздай тәртіппен жинақталған болса, келесілерінде хаос орын алуы ғажап емес. Олай дейтініміз, сөмкенің сыртқы көрінісі ғана емес, оның ішіндегі заттардың орналасуы да әйелдің ішкі ұйымдасу деңгейін көрсетеді. Барлығы ретімен, арнайы қалташаларға бөлініп тұрған болса, жүйелілік пен тәртіпке деген ұмтылыстың айғағы. Ал сөмке ішінде заттар араласып, «шағын хаос» орын алса, онда бұл шығармашылық, еркіндік, кейде эмоцияға берілу белгісі деп түйсініңіз.
Бірақ мұны тек теріс ойда қарауға болмайды. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, шығармашылық адамдардың ортасында белгілі бір деңгейдегі бей-берекетілік қалыпты құбылыс саналады.
Әлеуметтік статус пен өзін-өзі көрсетуде де әйел болмысын, оның аксессуары арқылы тануға болады деген тұжырым келтіреді адам жанын зерттеушілер. Олардың пайымынша, сөмке сонымен қатар әлеуметтік белгі. Белгілі брендтерді таңдау кей жағдайда адамның өз мәртебесін көрсетуге деген ұмтылысын білдіреді екен. Міндетті түрде менмендік емес, кейде қоғамда өзін орнықты сезінуге деген табиғи қажеттілік дейді психологтар.
Брендке мән бермей, тек ыңғайлылық пен сапаны бірінші орынға қоятындар көбіне ішкі сенімі мықты, сыртқы пікірге тәуелсіз жандар болуы мүмкін деген ойларын жеткізеді мамандар.
Стереотип пен шынайылық
Дегенмен «сөмкеңді көрсет, кім екеніңді айтамын» деген тұжырымды абсолютті ақиқат деп қабылдауға болмайды. Адам – күрделі жүйе, ал бір ғана аксессуар арқылы, оны толық тану мүмкін емес. Тек белгілі бір бағытта ойлануға, мінез ерекшеліктерін шамамен болжауға мүмкіндік беретін құрал ғана.
Кейде сөмке таңдауы көңіл күйге, жағдайға немесе сән трендтеріне байланысты өзгеріп отырады. Бүгін минимализмді таңдаған адам ертең жарқын стильге ауысуы мүмкін. Сондықтан мұндай талдауларды қызықты бақылау ретінде қабылдаған жөн.
Психологияда негізінен әйел сөмкесі үнсіз сөйлейтін аксессуар қатарына енгізіледі. Себебі ол қажетті заттарды салатын дүние емес, ол – өмір салтының, мінездің, талғамның және ішкі әлемнің шағын көрінісі. Ол иесінің қандай екенін толық ашып бермесе де, оның кейбір қырларын байқататын айна іспеттес. Сондықтан келесі жолы біреудің сөмкесіне көз салғанда немесе өз таңдауыңызға мән бергенде, жай ғана сән демей, қайта ішкі «эгоңыздың» бір көрінісі екенін ұмытпаған жөн.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













