Көктемгі егінге дайындық – берекелі істің бастауы
«Көктемнің бір күні – жылға азық» деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Бұл ауыл шаруашылығы үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Сондықтан егінге дайындық жұмыстары әрбір диқан үшін аса маңызды. Бұл бағытта қазалылық еңбеккерлер де қамсыз емес.Қыстың қытымыр кезеңінен кейін жер жібіп, еңбекке қолайлы жағдай туған сәттен бастап шаруалар уақытпен санаспай іске кірісуде. Егін алқаптарын жырту, тұқым дайындау, техника мен құрал-жабдықтарды жөндеу – мұның бәрі мол өнім алудың кепілі. Егіс алқаптарының жоспары бекітілген. Техникалар тұраламау үшін жөнделіп, тұқым мен тыңайтқыш қорлары толықтырылуда. Жазғытұрыдағы еңбектің сапасы күзгі нәтижеге тікелей әсер ететіні анық.
Егіс көлемі – тұрақты, әртараптандыруға басымдық берілген.
Биыл Қазалы ауданы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын 17 257 гектарға орналастыру жоспарланған. Аудан әкімінің баспасөз қзыметінің хабарлауынша, бұл өткен жылғы 17 445 гектармен салыстырғанда аздап кем болғанымен, сапа мен тиімділікке баса назар аударылып отыр.
Негізгі дақыл – күрішті 5 400 гектарға егу көзделген. Сонымен қатар дәнді дақылдар жалпы 6 300 гектарды құрайды. Атап айтар болсақ, күріштен басқа жаздық бидай – 340 гектар, арпа – 60 гектар, дәндік жүгері – 500 гектарға, майлы дақылдар 316 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары 2 293 гектар, мал азықтық дақылдар 8 348 гектарға орналастырылу көзделіп отыр.
Аудан әкімдігі егісті әртараптандыру және суды аз тұтынатын дақылдарды көбейту бағытында белсенді жұмыс қолға алынған. Нәтижесінде жаздық бидай 140 гектар, жаздық арпа 20 гектар, дәндік жүгері 500 гектар және картоп 129 гектарғаа артық егіледі деп күтілуде. Бұл – суды үнемдеу және топырақ құнарлығын сақтау үшін маңызды қадам.
Тұқым дайындығы толық. Шаруашылықтар 2026 жылдың егісіне 1 410 тонна күріш, 23,5 тонна жоңышқа, 5 тонна мақсары, 36 тонна жаздық бидай және 9 тонна арпа тұқымын дайындап қойған. Тұқым сапасын тексеру жұмыстары да қолға алынған. Бүгінге дейін «ҚазАгрэкс» АҚ-ның тұқым сараптау зертханасына ақылы зерттеу жүргізу үшін шаруашылықтарға ескерту хаттары таратылған. Қазірдің өзінде «Рза Агро» ЖШС мен «Береке», «Мерей», «Ақмаржан» шаруа қожалықтарынан сынама алынып, зерттеу жұмыстары басталған.
Тыңайтқыш пен гербицид – қажеттіліктің 45 процентіне қол жеткен.
Көктемгі егіс үшін аудан бойынша 4 200 тонна минералды тыңайтқыш және 3 800 литр гербицид қажет деп күтілсе, бүгінгі күнге 1 900 тонна тыңайтқыш яғни 45,2 процент және 1 045 литр гербицид – 27,5 проценті сатып алынған.
«КазАзот» және «Казфосфат» АҚ-дан аванстық төлеммен тағы 2 706 тонна тыңайтқыш келісілген. Шаруашылықтар қазірдің өзінде қаржы аударып, келісімшарттар жасап жатыр. Қалған көлемі күріш егілетін кезеңде толық жеткізіледі деп күтілуде.
«Техника толық дайын», – дейді ауыл шаруашылығы бөлімі мен жер қатынастары бөлімі.
Көктемгі дала жұмыстарына 278 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылмақ. Оның ішінде 145 трактор, 54 соқа, 23 тұқым сепкіш, 14 автомашина және 42 трактор тіркемесі бар. Барлық техника жөндеуден өтіп, толық дайын тұр.
Жанар-жағармай жақы да жеткілікті. Мемлекеттік жеңілдікпен 804 тонна дизель отынына өтінім берілген. Жеткізуші оператор «Жібек Жолы ЛТД» ЖШС арқылы алғашқы 23 тонна дизель жеткізілді. Сонымен қатар шаруашылықтардың өз қорында ақ егіс үшін 120 тонна дизель отыны бар.
Қаржылық қолдау қашан да бар.
Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жалпы қаржы көлемі 1 миллиард 845 миллион теңгені құрайды. Шаруашылықтар «Аграрлық несие корпорациясы» және «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 939 миллион теңге несиеге құжаттар тапсырған. «Береке» шаруа қожалығы 150 миллион теңге несие алып үлгерген.
Су нысандары – 100 процент дайын
Биылғы егіс үшін қажетті су көлемі 274 миллион текше метрді құрайды. Су жүйелерін тазарту және насос қондырғыларын жөндеу жұмыстары 100 процентке орындалған. 28 мың текше метр су жүйесі тазартылып, 2 гидротехникалық құрылыс, 8 насос қондырғысы ретке келтірілген.
Су үнемдеу технологиялары кеңейтілген.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы ауданда су үнемдеу технологиясын 2 000 гектарға жеткізу жоспарланған. Оның ішінде жаңбырлатып суғару – 269 гектар, тамшылатып суғару – 450 гектар, пленкалық әдіс – 1 281 гектар болады.
Ақ егіс жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде 5 300 гектар ескі жоңышқаның 795 гектары тырмаланып, 2 629 гектар жаңа жоңышқаның 286 гектары егілген. 360 гектар жаздық бидайдың 40 гектары да жерге түсті. Ақ егіс егу жұмыстары сәуір айының екінші онкүндігінде аяқталады деп күтілуде.
Ұжымдық бау-бақша – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында 157 гектар жерге14 гектар картоп, 64 гектар көкөніс, 79 гектар бақша егілмсек. 294 адам бірігіп ұжымдық егіс жүргізеді. Бұл бастама аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады.
Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің мамандары көктемгі дала жұмыстарының уақтылы және сапалы өтуіне бар күшін салуда. Биылғы дайындық өткен жылдармен салыстырғанда жоғары деңгейде.
Көктемгі тынымсыз тірлік – берекелі күздің бастауы, жай ғана маусымдық жұмыс емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кезең. Сондықтан әрбір шаруа үшін бүгінгі еңбек – ертеңгі ырыс. Еңбеккерлер осы қағиданы берік ұстанып, мол өнім алуға ниетті.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














