Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көне мұра – көрегендіктің бастауы

Көне мұра – көрегендіктің бастауы

Әрбір үйдің қосымша заттар тұратын қоймасының бір бұрышында елеусіз жатқан ескі сандық немесе май шам, ескі құман – бұлар тек тұрмыстық заттар емес. Олар – тозбас тарихтың таңбасы, өткен күннің өшпес қолтаңбасы. Кейде біз бақытты алыстан іздейміз, бірақ нағыз қазына өзіміздің босағамызда, ата-бабамыздан қалған ескі сандықтың түбінде жатқанын байқамаймыз.
17 наурыз – Шаңырақ күніне орай ауылдық клубтың іші осы бір тылсым дүниелердің тілін сөйлетіп, «Жәдігерлер сыр шертеді» атты әсерлі сторителлинг кешіне ұласты. Клуб іші бұл күні киіз үйдің ішіндей жылулыққа бөленіп, төрде ілулі тұрған шаңырақ пен одан тараған бақандар біртұтас елдің, берік отбасының символындай болып көрінді.
Бүгінгі цифрлы заманда, телефонға телмірген жас буын үшін атасының ұстаған қамшысы немесе әжесінің таққан сақинасы нағыз «тірі тарихқа» айналғандай. Үстел үстіне қойылған қара шәйнек пен көне самаурын талай қонақжай дастарқанның сәні болғанын, жылы әңгімелердің куәсі екенін үнсіз аңғартса, домбыра мен ұлттық бұйымдар қазақтың жаны мен рухын паш етіп тұрғандай. Әженің орамалының әр тал жібінде мейірім мен төзімнің иісі сіңіп қалғандай сезілсе, атаның сағаты уақытты ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын соғып тұрғандай әсер береді. Тіпті, сарғайған суреттердегі бейнелер де «бізді ұмытпаңдар» деп тұрғандай әсер береді.
Шараның жасы үлкен қонағы Мейрамгүл Тәуекелова әже нағашы әжесінен қалған күміс жүзікті, өз қолымен басқан оюлы киізді және Кеңес Үкіметі тұсындағы көне тиындарды ала келіпті. Әр жәдігердің шығу тарихын баяндаған әженің әңгімесі жастарды өткен күннің бейнесіне жетелегендей болды.
Ал ауыл тұрғыны Гүлжан Жұмаханқызы енесінен қалған ескерткіш самаурынды, нан көметін таба мен қазанды көрсетіп, бұл заттарды әлі күнге дейін тұрмыста қолданатынын айтты. «Бұл – тек ыдыс емес, берекенің бастауы. Болашақта келін түсіргенде осы бұйымдарды пайдалануды келініме де үйретемін», – деген оның сөзі салт-дәстүр сабақтастығының жарқын үлгісіндей көрінді.
Келесі бір жәдігерлер легін Гүлдір Жәнібекова таныстырды. Оның ата-енесі ұзақ жылдар бойы шопандық кәсіпті серік еткен екен. Қараңырақтағы ер-тұрма, айран пісетін күбі және кезінде енесіне атасы Қарақалпақстаннан бір биеге айырбастап, арнайы жасатып әкелген құнды келі-келсапты жұртшылық назарына ұсынды.
Кездесу барысында балалар мен жасөспірімдер тұрмыстық бұйымдардың эволюциясын өз көздерімен көріп, тарих пен бүгінді салыстыра білді. Кезінде жермен жанып, талай әулеттің ас-суын қайнатқан қарапайым керогаздың бүгінгі су жаңа газ плиталарының «арғы атасы» екенін білген бүлдіршіндер өткен күннің тауқыметін де, қызығын да сезінді. Бүгінгі жарқыраған жарықтың орнына бір ғана майшамның сәулесіне телміріп кітап оқыған, тіршілік еткен ата-бабамыздың сабырлылығына жастар қайран қалды. Сатырлап қайнаған самаурынның орнын қазір секундтар ішінде ыситын электр шәйнектері басса да, сол көне ыдыстан шыққан түтіннің иісі мен шайдың дәмі ешнәрсемен тең келмейтіні айтылды.
Кеште ең алдымен көзге түскені – ХХ ғасырдағы ата-әжелеріміз киген масаты тондар мен оюлы шапандардың бүгінгі XXI ғасыр сәніне қайта оралуы еді. Жастар кешегі ескі киім деп қараған дүниелерінің бүгінде нағыз брендке, ұлттық стильдің шыңына айналғанын көріп таңғалды. Бұл – тарихтың қайта жаңғыруы, бабалар талғамының биіктігін мойындау еді. Қатысушы балалар мен жастар әрбір жәдігердің бүгінгі таңда техникалық тұрғыда пайдаға жарамай тұрғанын көрсе де, олардың рухани салмағын жүректерімен сезінді. «Бұл үтік қазір қызбайды, бұл сағат қазір жүрмейді, бірақ бұл заттарда менің атамның қолының табы, әжемнің ыстық алақанының жылуы бар», – деген балалардың сөзі кештің ең әсерлі тұсына айналды.
Бұл шара жас буынға «біз қайдан келдік?» деген сұраққа жауап беріп, ұрпақтар арасындағы алтын көпірді нығайта түсті. Ата-бабаларымыздың еңбегін бағалау, ескінің көзіндей болған дүниелерді қастерлеу – тамырымызды сақтау деген. Шаңырақ астындағы бұл кездесу жүректерді жақындатып, әрбір жастың бойында өз әулетінің тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты. Бұл – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, ертеңге аманат болған мазмұнды кеш ретінде ел есінде қалды.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ


23 наурыз 2026 ж. 87 0

Екі облыста жол ашылды

23 наурыз 2026 ж. 86

Наурыз нақыштары

23 наурыз 2026 ж. 85

Төл мереке тойланды

23 наурыз 2026 ж. 101

Наурыз бата

23 наурыз 2026 ж. 100

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031