Енді елімізде күдікті ұсталған сәтте оған «Миранда ережесі» түсіндіріледі
Фото: Ақорда Азаматтың құқығы енді бірнеше сағаттан кейін емес, бірден түсіндіріледі. Қазақстанда күдіктіні ұстау тәртібіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Енді азаматтың құқықтары бірнеше сағаттан кейін емес, дәл ұсталған сәтте түсіндірілетін болады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл норма жаңа Конституцияда нақты бекітілген. Яғни, азаматтың құқықтарын бірден хабарлау талабы енді негізгі заңмен қорғалады. Бұл қағида халықаралық тәжірибеде «Миранда ережесі» ретінде белгілі. Осы талап Қылмыстық-процестік кодексте бұрыннан болғанымен, іс жүзінде құқықтар бірден емес, уақыт өте түсіндіріліп келген. Енді жаңа талапқа сәйкес, құқықтар кешіктірілмей, дәл ұсталған сәтте айтылуы тиіс. Бұл норманы толық іске асыру үшін салалық заңдарға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, адамды ұстау тәртібі мен оған процестік құқықтарды түсіндіру рәсімі қайта қаралады. Конституцияның 18-бабына сәйкес: – әр адам жеке бас бостандығына және қол сұғылмауына құқылы; – сот шешімінсіз адамды заңда көрсетілген мерзімнен артық ұстауға болмайды; – күзетпен ұстауға тек сот рұқсат береді; – ұсталған сәттен бастап адамға құқықтары түсіндіріліп, адвокат көмегіне жүгіну мүмкіндігі беріледі.










