Оң жақ рөлді көліктерге шектеу: Такси жүргізушілері тығырыққа тірелді
Фото: Freepik.comҚызылордада оң жақ рөлді көлік иелері такси қызметіндегі шектеулерге наразылық білдірді. Жүргізушілердің айтуынша, Yandex Go және InDriver сияқты танымал қосымшалар арқылы жолаушы тасымалдауға тыйым салынғандықтан, олар табыс көзінен айырылып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, қазір ел бойынша 70 мыңға жуық оң жақ рөлді көлік такси агрегаторларында қызмет көрсете алмай отыр. Бұл шешіммен жүргізушілер келіспейді. Ал Көлік және Ішкі істер министрліктері қауіпсіздік талаптарына байланысты мұндай көліктерді такси қызметінен кезең-кезеңімен алып тастауды жоспарлап отыр. Тіпті заңмен толық тыйым салу да қарастырылып жатыр.
Такси жүргізушісі Талғат Қарамырзаевтың сөзінше, қосымшаларда жұмыс істеу мүмкіндігі тоқтаған соң жолаушы табу қиынға соққан. Ол Toyota Alphard көлігімен отбасын асырап отырғанын айтады.
“Несиеге алғандар бар, өз ақшасына алғандар да бар. Жалпы, бұл көліктерді жұмыс істейміз деп алдық қой. Осылай қала арасында қатынаймыз деп. Еріккеннен екі ортада жүрген жоқпыз. О баста Үкімет Қазақстанға кіргізді ғой. Кіргізгеннен кейін әрі қарай пайдалануға беру керек”, – дейді ол.
Жүргізушілердің сөзінше, көптеген көлік иелері машинаны несиеге алып, такси қызметі арқылы табыс табуды жоспарлаған. Сондықтан енгізілетін шектеулер олардың тұрмыс-тіршілігіне әсер етуі мүмкін.
“Осы көліктерді бала-шағаны асыраймыз деп алдық. Айдап жүргеніме 7 жыл болды. Ешқандай жол апатына түскен емеспін. Ол адамның өзіне, айдағанына байланысты”, – дейді такси жүргізушічі Асылбек Рысбек.
Ресми деректерге сәйкес, бұл мәселені оң жақ рөлді көліктер қатысқан жол апаттарының жиілеуі күн тәртібіне шығарған. Мәселен былтыр Алматы облысында Toyota Alphard көліктері қатысқан жол-көлік оқиғаларынан шамамен 400 адам көз жұмған.
“Жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін арттыру мақсатында заңнамалық түзетулер дайындалды. Олар рөлі оң жақтағы көлік құралдарын такси ретінде пайдалануға тыйым салу, қалалар арасында тасымалдау кезінде жүргізушілердің еңбек ету және демалу режимін бақылайтын құралдарды міндеттеу, тасымалдаушылардың заңнама талаптарын орындауын бақылау бойынша интернет-агрегаторлардың міндеттерін белгілеу”, – дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр.
Сонымен қатар такси қосымшаларына бақылау күшейтіледі. Ал жолаушыларды көшеде шақырып, мазалаған жүргізушілерге 21 мың теңге көлемінде айыппұл салу ұсынылып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда такси қызметінің ережелерін түбегейлі өзгерту ұсынылғаны хабарланған еді.










