Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастық аясы кеңейе түседі

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мәжіліс Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған шартқа 2024 жылғы 22 тамызда Душанбеде қол қойылған.
Құжаттың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың кешенді дамуына қосымша серпін беру. Онда саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми, технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың түрлі нысандары мен тетіктерін жетілдіру қарастырылған. Сондай-ақ, кәсіпкерлік пен өзге де экономикалық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады.
Заңда көрсетілгендей Тараптар екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі мен өзара одақтастық қатынастарына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.
Бұдан бөлек, құжатта парламентаралық ынтымақтастықты нығайту көзделген. Ол үшін парламентаралық достық топтарының жұмысын жандандырып, парламентаралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмыс күшейтіледі.
Тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерін өңірлік мәселелерді бірге талқылау және шешу үшін негізгі тетік деп санайды.
Орталық Азия елдерінің орнықты дамуы мен экологиялық тұрақтылығы үшін су ресурстары өте маңызды. Сондықтан құжатта суды ұтымды, өзара тиімді пайдалану және қорғау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
Аталған шартты ратификациялау Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қазіргі қарым-қатынасты сапалы жаңа деңгейге көтеріп, ынтымақтастықтың жаңа әрі жетілдірілген механизміне қол жеткізуге мүмкіндік береді.













