10 мың теңгелік ескі банкноталардың мерзімі тағы бір жылға ұзарады
Фото: shutterstockҚазақстан Ұлттық банкі өткізген брифинг барысында журналистер 10 мың теңгелік банкнотаның айналым мерзіміне қатысты сұрақ қойды.
«Иә, біз бұл мерзімді тағы бір жылға ұзартуды жоспарлап отырмыз. Бұл купюраларға сұраныс жоғары. Қаржыгерлер қауымдастығы, яғни екінші деңгейлі банктер мерзімді тағы бір жылға ұзартуды сұрады», – деді Тимур Сүлейменов.
Бұған дейін 10 мың теңгелік ескі және жаңа банкноталардың қатар айналыста болу мерзімі 2026 жылдың маусымында аяқталуға тиіс болатын. Енді бұл мерзім 2027 жылдың маусымына дейін ұзартылмақ.
Айта кетейік, 2026 жылдың маусымында 2 мың теңгелік банкнотаның айналым мерзімі де аяқталады. Осы мерзімнен кейін дүкендер бұл банкноталарды қабылдамайды. Алайда банктер мен пошта бөлімшелері ескі үлгідегі купюраларды жаңа үлгіге тағы үш жыл бойы айырбастап береді.









