Көлікті күнде айдауға шектеу қойылуы мүмкін

Енгізілгелі отырған ереже елдің қай өңірлерінде күшіне енуі мүмкін?
Енді өз көлігіңізді өзіңіз қалаған күні айдай алмай қалуыңыз мүмкін. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүргізушілерге қатысты жаңа шектеу шығаруды ұсынып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Темір тұлпарды тізгіндеудің өзіндік тәртібі керек дейді жауапты ведомство. Ол сіздің мінген машинаңыздың нөміріне байланысты. Енгізілгелі отырған ереже елдің қай өңірлерінде күшіне енуі мүмкін?
Енді мына екі көлік бір күнде бір бірімен беттеспеуі мүмкін. Себебі бірінің нөмірі тақ саннан, екіншісінің нөмірі жұп саннан тұрады. Елдегі ауа сапасын жақсарту үшін Экология министрлігі көлік қозғалысын осылай шектеуді ұсынып отыр. Яғни бір күн қала көшелерінде тек тақ нөмірлі көліктер жүрсе, келесі күні жұп нөмірлі темір тұлпарларға ғана рұқсат берілуі мүмкін.
Жаңа жүйе елдегі ауа сапасы нашар деп танылған аймақтарда күшіне енуі мүмкін. Өткен жылы 70 елді мекенге тексеріс жүргізілген. Оның 32-інің ауасынан ауытқуы анықталыпты. Ал 11-нің сапасы тіптен төмен.
Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
- Өте жоғары және жоғары ластану деңгейіне 11 елді мекен жатады. Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев, Абай, Ақтөбе, Алматы, Талғар, Түркістан қалалары, Шұбарши, Кеңқияқ кенттері, Жанбай ауылы.
Қазақстан ауасы лас елдердің ішінде 71-орында. Экология министрлігі мәселені шешудің тың тәсілін Бейжіңге барып тауыпты. Ол көмір жағуды азайту, жасыл желекті көбейту және автокөліктерге арналған тақ-жұп тәртібі. Ұсыныс әкімдер тарапынан қолдау тапса күшіне енбек.
Ерболат Қожыков, ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
- Жақында ғана министрлік облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен кеңес өткізді. ҚР Экологиялық кодексінің 206-бабына сәйкес мәслихаттар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша өз аумақтары шегінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі арнайы экологиялық талаптарды бекітуге тиіс.
Ал автосарапшылар көлік қозғалысын шектеу – жеке мүлікке қол сұғу деп санайды. Тіпті сәнді нөмір үшін миллион теңгесін сарп еткендер бар. Экологияны жақсартамын деген жауаптылар әуелі автопаркті жаңартса дейді.
Ұзақ Ерікұлы, автосарапшы:
- Өзбекстан қаласында қазір отыз жылдық ескі көліктерді алып тастап жатыр. Жаңа автопром жаңарып жатыр. Бізде мысалға ешқандай автопром жоқ. Соның өзінде Қазақстанға басқа мемелекеттрден кіргізем деген автокөліктердің көлемі 3 млн, 5 млн-ға дейін барады. Көліктің құны 3 млн теңге болса, тағы 5 млн төлеу керек. Одан да сол төлемдерді алып тастап, көлік автопаркымызды жаңартсақ болады.
Сарапшылар жаңа шектеу электромобиль тізгіндеушілердің де наразылығын тудыруы мүмкін екенін еске салады. Былтыр сырттан келетін электромобильдер кедендік төлем мен салықтан босатылды. Сол жеңілдікті естіген жұрт шетелден тоқпен жүретін кемі 15 мың көлік сатып алған болатын.
Авторы: Шерхан Абзалұлы











