Калифорнияда қар көшкіні салдарынан сегіз адам қаза тапты
Калифорния штатындағы Тахо көлі маңында қар көшкіні жүргеннен кейін құтқарушылар жоғалып кеткен сегіз шаңғышының мәйітін тапты, деп хабарлайды Associated Press агенттігі.
Фото: PixabayНевада округінің шерифі Шэннан Мун тағы бір адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Жалпы қар көшкінінен кейін 15 адам қар құрсауында қалған. Олардың алтауы құтқарылды.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, бұл оқиға 1981 жылдан бергі АҚШ-тағы ең ірі адам шығынына әкелген жағдай болып отыр. Сол жылы Вашингтон штатында 11 альпинист қаза тапқан екен.
Оқиға 17 ақпанда Траки қаласына жақын орналасқан Касл-Пик ауданында болған. Қар көшкіні трасса сыртында жүрген шаңғышылар тобын басып қалған.
Алты адам қар астынан тірі шығарылды. Зардап шеккендер түрлі деңгейде жарақат алған, олардың екеуі арнайы медициналық көмек көрсету үшін емдеу мекемесіне жеткізілді.
Құтқарушылардың айтуынша, аман қалғандар уақытша паналау орнына жасырынған, ол ішінара брезенттен жасалған. Іздеу қызметтерімен радиомаяктар мен мәтіндік хабарламалар арқылы байланысып отырған, бұл құтқару жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік берген.
Жергілікті билік іздеу жұмыстарының ауа райының қолайсыздығы, қар жамылғысының тұрақсыздығы және қайталама көшкін қаупіне байланысты күрделене түскенін атап өтті.
Еске салайық, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі алдағы күндері тауларда қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертті. ТЖМ көшкін қаупі жарияланған кезеңде таулы аймақтарға барудан бас тартуға, тауға шығар алдында ауа райы болжамымен танысуға және бағытты алдын ала жоспарлауға, дайындалмаған жерлерде жүруден және сырғанаудан аулақ болуға, белгіленген соқпақтармен қозғалуға кеңес береді.
Бұған дейін Алматының көшкін қаупі бар учаскелерінде блокбекеттер қойылатыны хабарланған.













