Аруды ардақтау – адамгершілік өлшемі
«Қыз болған үйге Қызыр кіреді» деген халқымыз ежелден қыз бала тәрбиесін қашан да қоғамның маңызды бөлігіне балаған. Қызы қылықты, ұлы ұлықты болған ұлт бүгінде нені ұмытты? Шымкенттік Нұрай Серікбайдың кісі қолынан қаза табуы қоғамның сталкингті әлі де қылмыс ретінде қарамайтынын көрсетеді. Қандай мәселеде қалыс, ұмыт қалып жүрміз? Сараптадық.Гендерлік теңдік
Әйелдер мен ерлер құқықтары, мүмкіндіктері мен міндеттерінің жынысына қарамастан, тең болуы нақ осы кезде пайда болды деп тап басып айтуға келмейді. Бұл ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан қоғамдық, саяси және мәдени өзгерістер жемісі.
Гендерлік теңдік – әлі де жалғасып жатқан процесс. Ол тек заңмен ғана емес, қоғамдық сананың өзгеруімен, стереотиптерді жеңумен жүзеге асады. Бүгінгі таңда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 5-ші мақсаты осы теңдікке арналған.
Қазақ қоғамы гендерлік саясат пен феминизмнің не екенін ұқпай тұрған кезінде-ақ еркін ойлы, жауапты жан ретінде өзіндік орны бар жандар екені белгілі болған.
Тарихтағы Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы, қоластында бірнеше тыңшы, барлаушылары болған Айбике ару. Бұланты жеңісіне арқау болып, жоңғар қоршауын бұзған Гауһар, Кенесары құрған хандықтың сыртқы және ішкі саясатына белсенді араласқан Бопай, орыс отаршыларынан қол алып келген барлаушы, Мұстафа Шоқайдың әжесі Бақты, Пугачев көтерілісі кезінде шайқасқан Көктемір Сапура, екінші дүниежүзділік соғыстағы ерен ерлігімен жауды талқандаған Әлия, Мәншүк, Хиуаз, желтоқсаншы Сәбира мен Ләззаттың ұрпақ үлгі алар ісі қазақ қыздарының төмен санамағандығын.
XX ғасырдың басында Батыс феминистік қозғалыстарының әсерімен және Кеңес Одағы кезінде әйелдердің білімге, жұмысқа, саясатқа кеңінен тартылуы белең алған.
Гендерлік теңдік Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатынан ешқашан тысқары қалмаған. 1998 жылы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия құрылса, бастама Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамалары қабылдануына негіз болған.
«Әлемнің түрлі мәдениеттерінде қыз балаларды тәрбиелеу тәсілдері қоғамдық құрылым, дәстүрлер мен гендерлік рөлдерге байланысты өз ерекшеліктерімен дараланады. Соның ішінде қазақ халқы нәзік тін, құнды жауапкершілік ретінде балаған.
«Қазақ халқындағы қыз бала тәрбиесі өте нәзік те, күрделі процесс. Дәстүрімізде қызды қонақ деп ерекше құрметтеген. Төрден орын берген. «Қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген нақыл бар. Бұл «Қызың жақсы болса, үйіңе ырыс кірер, жаман болса, ұрыс кірер» деген сөзді ұқтырады.
Қыз бала тәрбиесі отбасын құруға және қоғамдық рөлдерге дайындауға негізделген. Тұрмыстық дағдыларды барынша меңгертіп, болашақ ұрпақ өрістетуші ретінде физикалық және моральдық күштілікке үйретеді», – дейді ардагер-ұстаз Мәрия Жібекәлиева
Дәстүр ме, дарақылық па?
Өкініштісі, қыз алып қашу туралы түсінік қазақ қоғамында әлі күнге дейін екіге жарылып отыр. Алғашқы ұстанымдағылар оны бабадан жеткен дара дәстүрге санаса, келесілер адам құқығын өрескел бұзатын қылмыс екенін мойындау әлі де кемшіндігіндігін алға тартады.
«Адамзаттың отырықшылыққа көшкен тікелей байланысты өзгерістердің нәтижесінде ресурстар үшін күрес басталды. Дәл осы тұста соғыс қоғамдық құбылыс ретінде пайда болды. Қыз алып қашу да таптық теңсіздіктен қалыптасқан деуге негіздер бар. Қолында байлығы жоқ адам өмір сүру, жағдайын дұрыстау үшін соғысқа барды. Барымталап мал, мүлік, қызын алып қашты. Ол кездегі түсінікте «қыз – олжа, жеңістің нәтижесі. Оны қалыңдық етуге толық қақысы бар» деген ұғым болды. Тағы бір мысал, көшпелі түркілерде бала беру арқылы елшілік дәстүрді нықтайтын үрдіс болған. Біздегі қыз алып қашуды дәстүрге бастаудың басы осыдан басталады», – дейді тарихшы Нұрмахан Беркінбай.
Әріптесі Гүлбағида Мейірханқызы тарихи деректер мен дәстүрлі құқық жүйесін талдау бұл түсініктің өзгеше өрілгенін алға тартады.
«Ежелгі қазақ қоғамында құқықтық әдет-ғұрып заңы адат бойынша қызды келісімінсіз алып қашу ауыр қылмысқа баланған. Сөзіме Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысында» неке тек қыздың ризалығымен жүзеге асатынын көрсеткені дәлел. Аталған әдет-ғұрып кодестерінің қай-қайсысында да қызды күштеп алып қашқанға ру намысына тиетін әрекет ретінде бағаланып, айып төлеу, құн кесу, кей жағдайда елден аластау сияқты қатаң жазалар кесілген. Бұл әрекет бүкіл рудың жауапкершілігіне әсер еткен.
Бұл мысалдар қыздың өз еркі шешуші рөл атқарғанын аңғартады.
«Қыз алып қашу – батырлық» немесе «ежелгі дәстүр» деген түсінік тарихи негізге емес, кейінгі әлеуметтік бұрмалауларға негіз», – дейді. ««Келісіп алып қашу» ұғымы қай кезде пайда болған?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.
«Соғыс, жаугершілік замандарда әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық орын алуы жағдайынан кейбір дәстүрлі рәсімдерді толық орындауға мүмкіндік болмаған. Мұндай кезде екі жастың өзара келісімімен қашуы кездескен. Бертін келе әлеуметтік жағдайы алшақ не осал отбасылар осыны үрдіс қылған. Жағдайды дәстүрмен ақтау қате, тарихты бұрмалау, адам құқықтарын аяқ асты ету. Билер соты алдымен қыздың еркін сұраған», – дейді.
Екі тарихшы да қыз алып қашудың пайда болуына қалыңмалдың көптігі, әлеуметтік теңсіздік, ата-ананың некеге қарсы болуы секілді себептер әсер еткенін жоққа шығармайды. Дегенмен аталмыш факторлар зорлықты ақтау құралы еместігін айтады.
Зардап пен Заң
Зайырлы, құқықтық мемлекетте неге қыз алып қашу әлі күнге дейін орын алып отырғандығы туралы жағдайды құқық қорғау саласы қызметкерлеріне жолдадық.
«Қазіргі заңнамаға сәйкес, қызды еркінен тыс алып қашу – ауыр қылмыс. 2024 жылы Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» туралы арнайы бап енгізіліп, мұндай әрекеттер үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл әрекетті «жабайы әрі өрескел қылмыс» деп атап көрсетіп, қоғамның сана-сезімі өзгеруі керектігін қатаң ескертті. Заң бәріне ортақ, ал адамның таңдау құқығы – қол сұғылмайтын құндылық.
Мәселенің түп-тамыры – құқықтық сауаттың төмендігі мен «ұят болады» деген қате түсінікте. Кейде жәбірленушінің емес, қылмыскердің сөзін сөйлейтін орта қалыптасқан. Осындай үнсіздік пен бейқамдық зорлықтың жалғасуына жол ашып отыр», – дейді Қазалы аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздің бөлімшесінің отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Сәуле Бишекова.
Құқық қорғау органы маманының пікірінше, қыз алып қашуға сталкинг бастама болады.
ҚР Конституциясының 18-бабының 1-тармағында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп көрсетілгенін жеткізді.
Айтуынша, қазіргі таңда адамның жеке өміріне қол сұғып, оны аңдып, қудалап, интернет кеңістігінде түрлі тәсілдермен назар аударып, оған қатысты қандай да бір әрекеттер жасау дерегі көптеп кездеседі.
«Сталкинг – бұл адамның жүйелі түрде қудалауға ұшырауы. Ол әртүрлі әрекеттер арқылы көрініс табуы мүмкін: қоңыраулар, әлеуметтік желілерде аңду, қорқыту немесе интернеттегі шамадан тыс аудару. Бұл жай ғана оғаш немесе ыңғайсыз әрекет емес. Мұндай әрекеттерге қайта-қайта хабарласу, әлеуметтік желілерде бақылау, үйі мен жұмыс орнының маңында жүру, қажетсіз сыйлықтар жіберу немесе қорқыту хабарламалары жатады. Ол көбіне жәбірленушінің келісімінсіз және оның еркіндігіне қарсы әркет, үлкен қауіп.
Аңду, жалған ақпараттар арқылы жазу, жеке мәліметтерді тарату, үйі, жұмыс орнының маңында жиі пайда болу, арнынан еріп жүру, психологиялық қысым көрсетіп қорқыту, үздіксіз бақылау сезімін тудыру. Сіз өзіңізге қатысты аңду, қудалауға тап болсаңыз полиция органдарына хабарласып көмек сұрай аласыз», – дейді полиция капитаны Сәуле Талғатқызы.
Сталкинг жасаған адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бөлігімен қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ол үшін екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатынын да жеткізді. Бұрын Қазақстан заңнамасында қыз алып қашуға арналған жеке бап болмағандықтан, мұндай істер көбіне «Адам ұрлау» бабымен қаралды. Бұл көптеген қылмыстың жабылып қалуына себеп болды. 2025 жылдан бастап Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» деген жаңа бап енгізілгендігіне тоқталып, некеге мәжбүрлеу – қылмыс, күш қолдану, топтасып жасау, кәмелетке толмағандарға қатысты болса – ауыр қылмыс ретінде қаралатынын айтты.
«Қызды еркінен тыс алып қашу Исламға жат дүние. Асыл дінімізде неке тек қос тараптың толық әрі ерікті келісімімен ғана қиылады. Құран мен хадистерде қыз баланы тәрбиелеу – үлкен сауап, жәннатқа апарар жол ретінде көрсетілді. Қызды зорлау, мәжбүрлеу ауыр қылмыс саналып, кей дәуірлерде ең қатаң жазаға дейін қолданылған. Қыздың «жоқ» деуі – шешуші жауап. Қорқыту, қысым көрсету, еркін шектеу – дін тұрғысынан да қатаң айыпталады. Демек, зорлықпен қыз алып қашуды дінмен ақтау – негізсіз», – дейді дінтанушы Еркін Мұхамедәлі.
Соңғы жылдары бұл тақырып қайғылы оқиғаларға ұласуда. Қызғалдақ ғұмырлардың дәстүр деп дарақылық, жеке басқа қол сұғуынан қыршылуы, оған құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі көпті алаңдатуда. Мемлекет басшысы Қызылордада өткен бесінші Ұлттық құрылтайда бұл әрекетті «жабайы әрі өрескел қылмыс» деп атап, мәселенің мемлекет деңгейінде қаралып отырғанын аңғартады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адамның ар-намысы, еркіндігі мен құқығы алдыңғы орынға шығуы тиістігін, бұл тұрғыда адамды таптайтын әрекетті дәстүрге санауға болмайтынын сынады.
«Қыз алып қашу - адам ұрлау деген сөз. Бұл - ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ», – деді Тоқаев», – деді.
«1956 жылғы Қылмыстық кодексте қыз алып қашуға арналған арнайы бап болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін «бізде ондай қылмыс жоқ» деп, оны кодекстен алып тастадық. Соның салдарын қазір көріп отырмыз», – деген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты жеке баптың болмауы ондаған жыл бойы қылмыскерлердің жазасыз қалуына мүмкіндік тудырған.
«Kursiv Mediа» басылымының материалында соңғы бес жылда қыз алып қашу бойынша 256 шағым түссе, соның тек бесеуі ғана сот үкімімен аяқталы көрсетілген. Бұл істер «Адам ұрлау» бабы аясында қаралып, оның бір тармағы қылмыскерге жауапкершіліктен құтылып кетуге мүмкіндік берген. Яғни, ұрланған адамды «өз еркімен босатқан» жағдайда қылмыстық іс тоқтатылған.
Осындай олқылықты азатуға бағытталған қарар 2025 жылы қабылданды.
Қылмыстық кодекске 125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы енгізілді. Оң өзгеріс бойынша қызды зорлықпен алып қашып, некеге мәжбүрлегендер 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал күш қолдану, кәмелетке толмағандарға қатысты немесе топтасып жасалған қылмыс үшін жаза 7–10 жылға дейін күшейтілген.
«aikyn.kz» сайтына берген сұхбатында депутат Мұрат Әбенов бұл процесті үш деңгейге бөледі.
Біріншісі – онлайн қысым мен сексуалдық сипаттағы тиісу. Осыған байланысты 2024 жылы Қылмыстық кодекске кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипатта тиісуді көздейтін 121-1-бап енгізілді.
Екіншісі – сталкинг, яғни аңду, мазалау, қорқыту. 2025 жылы 115-1-бап – «Сталкинг» қабылданып, бұл әрекеттерге нақты жаза белгіленді.
Үшіншісі – некеге мәжбүрлеу, яғни қыз алып қашу.
Заңгер, феминист Әйгерім Құсайынқызының парақшасындағы мәлімделесіне сүйенсек, мәселе тек заңда емес, қоғамдық санада.
«Құқықтық мемлекетте кез келген қатынас «дәстүр», «менталитет» деп емес, заңмен реттелуі керек. Бірақ бізде әлі күнге дейін «ұят», «ел не дейді» деген түсінік заңнан жоғары тұр», – дейді ол. Гендерлік сарапшы 1997 жылдан 2025 жылға дейін қыз алып қашуға арналған жеке баптың болмауы мыңдаған қыздың тағдырына әсер еткенін, ал заң қабылданғанымен, оны толық іске асыру үшін кешенді жұмыс қажет: білім беру, медиа саясат, мәдени түсіндіру қажеттігімен бөліскен.
2025 жылғы негізгі статистикаға көз жүгіртсек, полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түскен. 2026 жылдың қаңтар айының деректері бойынша әйелдер арасында зорлықты «қалыпты» деп санайтындар саны күрт төмендеген.
Қоғам әлі қылмысқа санамайды
«Қыз алып қашу – дәстүр емес, зорлық» дейді 47 жасар Маржан.
«Қыз алып қашу оқиғасының құрбандарының бірі – менмін», – дейді құрбан. «Осыдан 30 жыл бұрын оны сол күні ғана танысқан көрші ауылдың жігіттері еркінен тыс алып кетіп, бір тәулік бойы қамап ұстаған.
Сол кездегі батылдығыма әлі күнге дейін таң қаламын. Жастық па, әлде өзіме деген сенім бе – білмеймін. Бірақ болған жайттан кейін мені емес, өз әрекетін ақтағандар көп болды. Тіпті жақын ағайындардың өзі «есік көрген», «босаға аттаған», «бізді қарабет қылдың» деген сөздерді ашық айтты. Сөздің адамға қандай ауыр тиетінін сонда сезіндім», – дейді ол.
«Кешкіліктен соң бір-екі рет көрген жігітім алып қашты. Алғашында келіспеген едім, бірақ үлкендер көндірді. Анам да қуғыншылардан: «Қайтып келмесін» деген хабарды айтып жіберіп, жағдайға тағдыр деп мойынсұнуымызға тура келді. Жолдасым, келген жерім жаман болған жоқ. Шүкір. Бірақ жаман болғанда, менің тағдырым қалай болар еді?.. Ойлаудың өзі ауыр. Танымайтын қызды қайын жұртына көндіру үрдісі елде әлі бар. Олар бақытсыз болса, кім жауапты. Қоғам қыз алып қашуды әлі қылмысқа санамайды. Мен қызыма жалған намыс, ұят үшін «құрбан» болуға жол бере алмас едім», – дейді Ақжарқын.
Бұл екі қыздың оқиғасы – жеке тағдыр ғана емес, ондаған жыл бойы «дәстүр» деген желеумен жасырылып келген жүйелі зорлықтың айқын көрінісі. Әлі де нақты бағасы берілмеген әлеуметтік құбылыс. Мұндай үн қатқан әйелдер – қоғамның айнасы. Олардың әңгімесі өткеннің емес, бүгіннің мәселесі екенін көрсетеді.
Қазақстанда жыл сайын қанша қыздың қыз алып қашу әрекетіне тап болып отырғаны туралы нақты дерекке қол жеткізу мүмкін емес. Орын алып жатқан жағдайдың заңды жазасын алмауына түрлі құқықтық сауаттылық, теріс көзқарас пен қоғамдық қысым кедергі.
«Қыз алып қашудың ең ауыр салдары – психологиялық жарақатқа ұшыратуы», – дейді психолог Лиля Арзахметова.
«Келісімсіз қызды алып қашу травмалық тәжірибе болып саналады. Мұндай жағдайлар посттравмалық стресс, депрессия, үрей, өз-өзіне сенімсіздікке әкеледі.
Қоғамдық қысым салдарынан көптеген әйелдер өзіне жасалған зорлықты «тағдыр» ретінде қабылдап, көмек сұрамайды. Бұл – ішкілендірілген қорлау, адам еркіндігін, қадір-қасиетін таптайтын зорлық», – дейді психолог.
Көне құндылық, бүгінгі міндет
Қыз баланың ар-намысы мен қауіпсіздігі – кез келген қоғамның саналы өлшем биігі. Қызды қорғау – ежелгі өркениеттер мен дәстүрлі құқық жүйелерінде қалыптасқан ортақ моральдық және құқықтық қағида.
Ежелгі Римде қыздың қауіпсіздігі мемлекет деңгейінде қорғалып, зорлық көрсеткендер қатаң жазаға тартылған. Қызды қорлау –қоғамдық қылмыс ретінде қабылданған.
Ежелгі түркі қоғамында қыз – рудың аманаты.
Қазақтың дәстүрлі құқық жүйесінде қызды қорлау – ең ауыр қылмыс саналып, зорлау, жала жабу, келісімсіз алып қашу, күш қолдануға өлім жазасы, толық құн төлеу, елден аластау қолданылған.
Қазіргі Қазақстанда да әйелдер мен қыздарды қорғауға бағытталған Гендерлік теңдік стратегиясы, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң, Қылмыстық кодекстегі жыныстық қылмыстарға қатысты баптар бар. Заңгерлер қолданыстағы құқықтық жүйеде жауапкершілік жеке адаммен шектеліп, қоғамның ортақ моральдық жауапкершілігі әлсірегенін, көбіне істер соңы татуласумен немесе медиациямен жабылатынын, бұл зорлықтың алдын алудағы әсерін төмендететінін айтады.
Сонымен қатар қоғамда жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Көп әйел алу, діни некелер арқылы заңды айналып өту, әйел құқығының тапталуы туралы пікірталастар күшейді. Журналист Дина Төлепбергеннің айтуынша, бигамия – қоғамдағы ең ауыр құқықтық вакуумдардың бірі. Заңда некені жарамсыз деп тану бар, бірақ бұл нақты жаза емес, салдарынан бірінші әйелдің құқығы қорғалмай қалады.
Нұрай Серікбайдың оқиғасы Ал Нұрайдың «жеке қарым-қатынас» емес, бұл алдын ала болжанатын зорлық екенін көрсетті. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германияда сталкингтің қылмыс ретінде қаралуы бекер еместін, жеке бір полицейдің қатесі емес, институционал көзқарас екенін, үндемеу – дәл осындай трагедияларды қайталататынын көрсетуде.
Қыз алып қашу Қазақстанмен шектелмейді. Қырғызстанның ауыл аймақтарының кей өңірлерде некелердің елеулі бөлігі осы жолмен жүзеге асады екен. Заң қатал болғанымен, оның орындалуы әлсіз. Өзбекстанда қыз алып қашу сирек кездескенімен, мәжбүрлі және ерте некелер мәселесі өзекті. Көп жағдайда діни неке арқылы заң айналып өтіледі екен.
Барлық елде ортақ проблема – заңнан бұрын қоғамның үнсіздігін ұғыныдырып отыр.
Қызды қорғау – төл дүниетаным өзегіндегі өміршең құндылық. Бүгінгі міндет – сол рухты заманауи құқықтық жүйемен ұштастыру. Заң бар жерде – әділдік, ал қоғам қолдаған жерде – қауіпсіздік орнығады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













