СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК: ӘДІЛДІК ПЕН БЕЙТАРАПТЫҚ КЕПІЛІ

Сот жүйесі – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын, әділдікті қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттік құрылым. Бұл жүйеде қызмет ететін мамандардың біліктілігімен қатар, гендерліктеңдігі де шешуші рөл атқарады. Әйелдердің сот саласына кеңінен тартылуы – шешім қабылдау үдерісінде әртүрлі көзқарастың ескерілуіне мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде әділ және жан-жақты шешім шығаруға ықпал етеді.
Қазақстанда соңғы жылдары сот саласындағы гендерлік теңдік бағытында оң өзгерістер байқалуда.
Мысалы:
Судьялар құрамында әйелдердің үлесі артып келеді. 2024 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстан судьяларының шамамен 47%-ын әйелдер құрайды.
Әйел судьялар аудандық соттарда ғана емес, облыстық және Жоғарғы Сот деңгейінде де қызмет атқаруда.
Әйелдердің құқықтық сауаттылығы мен кәсіби дайындығының артуы олардың сот жүйесіне белсенді араласуына мүмкіндік беруде.
Алайда, шешімін күткен мәселелер де бар:
Басшылық лауазымдарда, әсіресе жоғарғы буындарда, әйелдер саны әлі де төмен;
Қызметте ілгерілеу барысында гендерлік стереотиптер кездесуі мүмкін;
Сот саласындағы жұмыс жүктемесі мен жауапкершілік деңгейі әйелдер үшін отбасылық өмір мен мансапты қатар алып жүруге қиындық тудырады.
Сот жүйесінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін мынадай шараларды жүзеге асыру қажет:
1. Көшбасшылыққа тең қол жеткізу – әйелдердің жоғары лауазымдарға тағайындалуына жағдай жасау;
2. Гендерлік оқыту – судьялар мен сот қызметкерлеріне гендерлік теңдік туралы тренингтер өткізу;
3. Стереотиптермен күрес – қоғам мен кәсіби ортада әйел судьялар туралы қалыптасқан ескі көзқарастарды өзгерту;
4. Жұмыс пен отбасын үйлестіруге қолдау – икемді жұмыс кестесі, бала күтіміне байланысты жағдай жасау.
Сот жүйесіндегі гендерлік теңдік – бұл тек әйелдердің құқықтары емес, жалпы әділдік пен құқықтың салтанат құруының кепілі. Ер мен әйелдің тең құқықта қызмет етуі – сот төрелігінің әділдігіне, бейтараптығына және қоғам сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс.
Ақбөпе Асқарқызы,
Қазалы аудандық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы