Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дертке дауа дарытқан

Дертке дауа дарытқан

Софья Досмаилова 1940 жылы сол кездегі Гурьев қазіргі кездегі Атырау облысы Ганьюшкин елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі Махмұттың руы төре тұқымынан болғандықтан кеңес үкіметінен қуғын сүргін көріп «хан тұқымы» ретінде түрмеге қамалған кезі де болды.
Ганьюшкинодағы бастауыш мектепте Махмұт соғыс кезінде ұшқыш болған «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспановамен бірге оқығанын айтып отыратын еді дейді Софья Махмұтқызы. Кейінен Махмұт Досмаилов Атырау қаласына көшіп келіп, «Гурьев-Пороходство» мекемесінде есепші болып қызмет істесе, анасы Карима үй шаруасында болды.
Софьяның балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезенде өтті, халық киімге не тамаққа жарыған жоқ. Сондай ауыр кездің өзінде мектепте жақсы оқыған Софья 1957 жылы Ж.Жабаев атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген соң, Алматыдағы мемлекеттік медициналық институтына құжаттарын тапсырды.
Ол кезде қазақтар қыздарын оқытуға онша мән бермейтін. Қыздардың институтқа түсуі де сирек болатын. Бірақ Софья дәрігер боламын деген ой оны арманына жеткізіп, ақыры медициналық институттың студенті атандырды. Алайда Алматыдағы тұрмыс ол ойлағандай оңай емес еді. Студенттік жәрдемақы да жоқ. Ауылдан жіберген ата-анасының азын-аулақ қаражатымен күн көріп, оқуын оқыды.
Институт ректораты аспирантураға қалуға ұсыныс айтқанда, Софья бірден: «Студент кезімде тамаққа, киімге жарымағаным да жетер. Мамандығыммен қызмет істеймін» деп өзіне берілген ұсынысты қабыл етпеді.
1963 жылы институт бітіретін кезде өзімен алты жыл бірге оқыған Қазалының жігіті Оңғар Бектаевпен көңілі жарасып, елге келін болып түсті. Ол кезде Қазалы аудан орталығы станцияға көшіп келгенмен, аудандық аурухана Қазалы қаласында болатын. Софья сол қаладағы ауруханада еңбек жолын балалар дәрігері болып бастады.
Софья қызметіне кіріскен шақта аудандағы сәби өлімі өте жоғары еді. Ол 1000 балаға шаққандағы сәбилердің 65-70 пайызы шетінеп кететінін көргенде шошынды. Полиомиелитке қарсы егу сынды жұмыстар уақытылы жүргізілмеген. Софья өз жұмысын тақыр жерден бастауға тура келді. Ұлты басқа әйел дәрігер бұған басын ауыртқысы да келмейтіне көзі жеткен соң, бар жұмысты өзі атқара бастады. Ол кезде әйелдердің басым бөлігі қатынас болмағандықтан үйінде босанатын-ды. Колхоз және совхоздағы үйде босанған әйелдерді есепке алып, оларға екпе салынған-салынбағанын анықтады, сәбилерге уақытылы екпе екті.
Ауыр жағдайда түскен сәбилерге қан құйса, олар өліп кетіп отырды. Шарасыздықтан бірде өзінің бірінші топтағы қанын сәбиге құйғанда ол сәбидің беті бері қарап тәуір болып кеткесін, түсініксіз жағдай да белгілі болды. Құйылатын қанды зертханаға тексерткенде құрамында алькоголь бары анықталды.
Сөйтсе донорлар бірыңғай қалада тұратын «уралецтер» аталып кеткен орыс ұлтынан болып шықты. Арақ олардын салт-дәстүрінің бірі болғаны белгілі ғой, мүмкін басы жазатын ақшасы болмағасын, қан тапсыруы да мүмкін еді. Бұдан әрі жағдайы ауыр сәбилерге өз әкесінің қаны құйылғасын өлім-жетім күрт азайды. Сәбилерге күнделікті тексеруден өткен сүт беру үшін арнайы «Сүт кухнясын» ашып бергізе бастады. Осылайша 1000 балаға шаққандағы өлім көрсеткіші 70 пайыздан 10 пайызға, сосын 7 пайызға дейін төмендеді.
Осындай көрсеткіш артында үлкен еңбек тұрғаны белгілі. Осы еңбегі үшін КСРО Жоғары Кеңесі төрағасының ЖарлығыменҚазалы аудандық аурухананың балалар дәрігері Софья Досмаилова «Еңбек даңқы» (Знак почета) орденімен мараппатталды. Осы бағыттағыатқарылған жұмыстары одақ бойынша насихатталып Софьяның есімі кеңес одағына белгілі болды. Москва мен Тбилиси қаласында өткен КСРО Дәрігерлерінің сьезіне делегат болып сайланды. «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігері» атағына ие болды. Қызметі де сатылап өсіп отырды, аудандық ауруханасының балалар бөлімінің меңгерушісі болды, сосын Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігерінің халыққа медициналық қызмет көрсету жөніндегі орынбасары болып абыройлы қызмет атқарды. Денсаулық саласында 40 жыл еңбек етіп, осы соңғы қызметінде жүргенде құрметті еңбек демалысына шықты.
Күйеуі Оңғар да осал емес текті жердің жігіті еді. Атасы Бекетай Арал-Қазалы өңірінін айтулы биі болған. Бекетай бидің кесенесі дарияның арқы бетіндегі Бекарыстан би ауылы жағында салынған. Арал қаласында Бекетай би атындағы көше бар. Оңғардың әкесі 1919 жылы дүниеге Тайшық Бектаев әкесі би болғандықтан қуғын сүргінді көп көрген. Соғыс басталған кезде «болыс би ұрпағы» деген айыптан құтылу үшін өз еркімен майданға аттанып, 1943 жылдың қазан айының 20-да ерлікпен қаза тапқан. Кейін «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған құжаты «қара қағазбен» қоса үйіне келді. Бұл құжат Оңғардың өмірінде шешуші орын алды, кейін қызметі көтерілген кезде анкетадағы әкесі деген жолда «әкесі майданда ерлікпен қаза тапқан» деп жазылған болатын.
Осыған байланысты бір мысал келтіруге болады. 1997 жылы мектепте мұғалім болғасын сыныптағы оқушыларыммен білім саласының ардагері Сыражадин Өтеевпен кездесу ұйымдастырғанмын. Сонда Сражадин ағай:
«Мен ұзақ уақыт аудандық оқу бөліміндегі Әдістемелік кабинетте әдіскер болып қызмет істедім. Сонда байқағаным әріптестерім мектеп директоры болып ауысып жатқанда, менің құжаттарымды комиссия өткізбей тастайды. Райкомға барып сұрасам, олар сырғытпа жауаппен шығарып салады. Кейін білдім ғой, әкем «халық жауы» ретінде жер аударылғаннан кейін, менің жолым жабылғанын» деген болатын.
Қайран әкесі Тайшық баласы Оңғардың болашағын ойлап, өз еркімен соғысқа кетіп қаза тауып, жалғыз ұлын «Халық жауының ұрпағы» деген айыптан құтқарған болатын.
Софья апайдың құдай қосқан қосағы Оңғар Бектаевтың де есімі елге белгілі азамат. Аудандық аурухана Қазалы қаласынан көшпей тұрғанда бас дәрігер болды. Сосын ұзақ жыл бойы Қазалы аудандық санитарлық эпидемиалық станциясын басшысы болып, аудан медицинасының тарихына өзінің қолтаңбасын қалдырған азамат еді.
1995 жылы құрметті еңбек демалысына шығуына құжаттарын дайындап жүргенде, ұзаққа созылған науқастан 55 жасында қайтыс болды. Медицина саласындаабыройлы қызмет істеген Оңғар мен Софья Нұрлан есімді ұл мен Ләзат есімді қызды дүниеге әкелді. Ата-анасының жолын қызы Ләззат таңдап дәрігер болды. Қазіргі уақытта Қызылорда қаласындағы емхананың меңгерушісі болып қызмет істейді. Күйеу баласы Сабыр Омаров Қазалы станциясындағы Счастнов атындағы №16 орыс мектебін бітірген. Қарағанды қаласындағы политехникалық институты бітірген, мамандығымен қызмет істеп жүргенде, Қызылорда қалалық Ішкі Істер Депертаментіне ауысып, Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін сырттай оқып бітірген, абыройлы қызмет істеп доғарысқа шыққан. Қазіргі уақытта кәсіпкер.
Қырық жыл бойы Қазалы ауданының денсаулық саласында еңбек еткен«Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер» Софья Махмұтқызы Досмаиловаға «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілуіне қолдау көрсетсе деп, аудандық қоғамдық Кеңесі және аудандық ардагерлер Кеңесіне өтініш айтамын.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
өлке тарихын зерттеуші,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
17 ақпан 2026 ж. 49 0

Дертке дауа дарытқан

17 ақпан 2026 ж. 50

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728