Жалған ақпарат: сенімге жасалған шабуыл
Бүгінде жалған ақпар жарғы жығып жатқан жағдайлар жетерлік. Оған бір ғана тақырып, бір хабарлама немесе қысқа видеоның өзі жеткілікті. Ақпарат көбейген сайын оның салмағы азайып, эмоцияның ықпалы күшейе түсуде. Осындай жағдайда адам баласы ойланудан гөрі сенуге бейімделеді. Бұл – жай құбылыс не кезекті дүние емес, қоғамға төнген қауіпті үдеріс.Жалған ақпараттың қауіптілігі оның ашық түрде көрінуінде емес, шынайыға ұқсап, сенім тудыратын бейнеде таралуында. Күнделікті тіршіліктің майда-шүйде сәттеріне еніп, уақыт өте келе адамның ойлау жүйесіне орнығады. Көп жағдайда адамдар мұндай мәліметтерді бейсаналы түрде қабылдап, күмәнсіз сеніп қалады. Мұның түп-төркіні неде? Жалған ақпараттың санаға кіршіксіз орнығып жол табуына қандай жағдайлар ықпал етеді?
Ақпаратты қабылдаудағы асығыстық басты себептердің бірі. Қазіргі өмірдің қарқыны тым жылдам, адамдардың ой елегінен өткізуге уақыты аз. Көпшілік ақпаратты тереңінен талдамай, тек тақырыбына немесе алғашқы жолдарына сүйеніп қорытынды жасайды. Осындай үстірт қабылдау жалған мәліметтің кең таралуына қолайлы орта қалыптастырады.
Екіншіден, эмоцияға негізделіп құрылған ақпарат адамның ақылынан бұрын сезіміне әсер етеді. Қорқыныш тудыратын, ашу шақыратын немесе жалған үміт сыйлайтын хабарлар тез таралады. Себебі адам эмоцияға берілген сәтте логикалық ойлау деңгейі әлсірейді. Мұндай жағдайда ақпараттың ақиқаттығын тексеру кейінге ысырылып қалып жатады.
Үшіншіден, әлеуметтік желілердегі ортақ пікір әсері де маңызды рөл атқарады. Бір ақпаратты көп адамның бөлісуі оны шындыққа айналдырмайды, алайда көпшілік солай қабылдайды. «Бәрі айтып жатыр» деген ой адамның жеке күмәнін басып, жалған дүниені шынайы ақпарат ретінде қабылдауға мәжбүр болады. Мұндайда жалған мәлімет қоғамдық пікірдің көлеңкесінде шынайы деректей көрінеді.
Тағы бір себеп – ресми ақпарат көздеріне деген сенімнің әлсіреуі. Қоғамда күмән көбейген сайын бейресми дереккөздерге деген сұраныс артып жатады. Соның нәтижесінде нақты дәлелге сүйенбей, тек қауесетке негізделген мәліметтерге жол ашылады. Бұл үрдіс шындық пен өтірік арасындағы шекараны одан сайын көмескілейді.
Ақпараттық сауаттық жеткіліксіздігі де бұл мәселеде айрықша орын алады. Көп адам ақпаратты салыстырып, дереккөзін тексеріп, сұрақ қоя білмейді. Бұл жағдайда дағдының болмауы жалған ақпараттың оңай таралуына мүмкіндік береді. Адам неғұрлым бейқам болса, соғұрлым алдамшы мәліметке тез иланады.
Осы факторлардың барлығы бір-бірімен астасып, жалған ақпараттың қоғамда кеңінен таралуына ықпал жасайды. Бұл құбылысты жеке адамның мәселесі деп қарастыру жеткіліксіз. Себебі жалған ақпаратқа сенген сайын, санаға сіңген сайын ол қоғамдық ойға әсер етіп шешім қабылдау процесін бұрмалайды.
Жалған ақпараттың таралуын нақты өмірдегі жағдайлар арқылы анық байқауға болады. Кейде әлеуметтік желілерде жарияланған бір ғана жазба қысқа уақыт ішінде мыңдаған адамға жетіп үлгереді. Мұндай мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны кейін анықталмағанымен, оған сеніп үлгерген адамдардың ойында белгілі бір көзқарас қалыптасып үлгереді. Бұл жалған ақпараттың ең қауіпті салдарының бірі болып табылады.
Тағы бір маңызды мәселе – жалған мәліметтердің қоғамдағы сенім деңгейіне әсер етуі. Егер адамдар жиі алдана берсе, уақыт өте келе кез келген ақпаратқа күмәнмен қарай бастайды. Нәтижесінде шынайы деректердің өзі сенімсіз болып көрінуі мүмкін. Бұл құбылыс қоғамдық тұрақтылыққа да кері ықпал етеді.
Мәселен, денсаулыққа қатысты жалған кеңестердің таралуы адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Кейбіреулер дәлелденбеген ем-дом тәсілдеріне сеніп, кәсіби медициналық көмектен бас тартып өте қиын жағдайларға душар болып жатады. Сол сияқты экономикалық немесе саяси сипаттағы жалған қауесеттер қоғамда негізсіз қорқыныш туғызуы мүмкін.
Жалған ақпараттың тағы бір ерекшелігі – оның адамдар арасында тез өзгеріп, әртүрлі формада таралуында. Бір ақпарат әр адамға жеткен сайын өзгеріп, жаңа мазмұнмен толықтырылып отырады. Соның нәтижесінде бастапқы шындық мүлде өзгеріп, көмескіленіп кетеді. Бұл құбылыс ақпараттың бақылаусыз таралуын күшейтеді.
Осындай жағдайда ақпаратты қабылдауда жауапкершіліктің маңызы арта түседі. Әрбір адам кез келген мәліметті таратар алдында оның шынайылығына көз жеткізіп алуы тиіс. Себебі жалған ақпаратты бөлісу арқылы адам өзі байқамай оның таралуына үлес қосады.
Ақпараттық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Білім беру жүйесінде сыни ойлауды дамыту, ақпаратты талдау дағдыларын үйрету жалған мәліметтерге қарсы тұрудың тиімді жолы саналады.
Жалған ақпаратпен күрес тек техникалық немесе заңдық шаралармен шектелмейді. Ең бастысы, әр адамның саналы таңдауы мен жауапкершілігі. Ақпаратты ойланып қабылдайтын, тексеріп тарататын қоғам ғана жалған мәліметтердің ықпалын әлсірете алады.
Мирамкүл ШАМШАЕВА











