Еліміздің төрт облысында ауа райына байланысты жол жабылды
Бұл жерлерде барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды

Фото: © freepik.com

Фото: © freepik.com
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанның төрт өңірінде көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ҰК» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қай өңірлерде жол жабық?
15 ақпандағы мәлімет бойынша, ауа райының нашарлауына байланысты келесі бағыттарда барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды:
Қызылорда облысы: «РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда – Алматы» тас жолының Ақтөбе облысы шекарасынан Арал қаласына дейінгі бөлігі (1240-1362 км).
Ақтөбе облысы: Дәл осы бағыттағы Ырғыз ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі аралық (1153-1240 км).
Болжам бойынша, бұл жолдар бүгін сағат 20:00-де ашылуы тиіс.
Алматы облысы: Сағат 10:30-дан бастап Жаңақұрылыс ауылынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жол (59-143 км) жабылды.
Жамбыл облысы: Алматы облысы шекарасынан Қордай ауылына дейін (143-214 км) және Қордай асуының жаңа айналма жолы (Кенен – Қайнар аралығы) жабық.
Жамбыл және Алматы облыстарындағы тас жолдар бүгін ашылуы мүмкін. Алайда, мамандар жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеріп, алыс сапардан бас тарта тұруды ұсынды.










