Балалар онкологиясымен күрес: еліміздегі емшаралардың нәтижесі қандай
Диагноз ерте қойылған жағдайда, дерттің басым бөлігін толық емдеуге болады

Фото: © istockphoto.com

Фото: © istockphoto.com
15 ақпан – Халықаралық балалар онкологиясымен күрес күні. Заманауи медицина дер кезінде диагноз қойылған жағдайда бұл дерттің басым бөлігін толық емдеуге болатынын дәлелдеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы 10 жылда елімізде балалар арасындағы қатерлі ісік көрсеткіші тұрақты — әр 100 мың балаға шаққанда орташа есеппен 9,7 жағдайдан келеді. Дерттің ең көп таралған түрлері:
- Өткір лейкоз – 36% астам;
- Орталық жүйке жүйесінің ісіктері – 20%;
- Лимфомалар – 7%;
- Нейробластома және герминогенді ісіктер – 6%.
Бұл көрсеткіштер Еуропа елдерінің статистикасына сәйкес келеді.
Қазақстанда балалар онкологиясын емдеуде халықаралық протоколдар мен жоғары технологиялық әдістер қолданылады. Нәтижесінде, онкогематологиялық патологиясы бар балалардың 5 жылдық өмір сүру деңгейі 70% жетті. Ал кейбір дерт түрлерінде (Ходжкин лимфомасы, ретинобластома) бұл көрсеткіш 80% асады.
Маңызды дерек: Жыл сайын елімізде 500-ден астам бала дертті толық жеңіп, есептен шығарылады.
Қазіргі уақытта елімізде күрделі емшаралар жасалады.
Олар:
1. Дің жасушаларын трансплантациялау: 2013 жылдан бері 529 ота жасалды.
2. 3D-модельдеу: Сүйек ісіктері кезінде «өсетін» эндопротездерді қолдану мүмкіндігі бар.
Биылдан бастап протонды терапия және йодтерапия қолжетімді болады. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ми ісіктерін емдеуге арналған гибридті операциялық зал іске қосылмақ.
Денсаулық сақтау министрлігі дерттің алғашқы белгілері байқалғанда бірден дәрігерге тексерілу — сәтті емнің басты кепілі деп мәлімдеді.












