Конституция жобасына халық ұсынған қандай мәселелер енді – «Референдум-2026»
Фото: видеодан алынған скринRespublika партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров алдағы референдумға шығарылған Конституция жобасында халықтан түскен ұсыныстар қаншалықты ескерілгені туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды KAZINFORM
– eGov, e-Өтініш сияқты кері байланыс арналары арқылы шынымен де 10 мыңнан астам әр түрлі ұсыныс түсті. Одан басқа конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысына қатысқан әр депутат осыған дейінгі халықпен кездесулерде айтылған ұсыныстарды қайта көтеруге мүмкіндік алды. Маған да қаншама адам келіп, ұсыныс айтты?! Ол ұсыныстар қалай ескерілді дегенге келсек, ең бастысы, өзіміз бұрыннан бері талқылап келе жатқан бір мәселе болды. Цифрлық қауіпсіздік, цифрлық алаңда дербес деректерді қорғау, азаматтың құқығын оффлайн ғана емес, онлайн режимде де қорғау дейтін мәселені Конституция деңгейіне көтере алдық. Қаншама азаматтарымыздың деректері желіге тарап кетіп жатыр. Оны айлакерлер пайдаланып, ақшаларын иеленіп кеткеніне куә болдық. Осыған тосқауыл қойып, төтеп беру үшін Конституцияға осындай маңызды мәселені шығардық, – деді ол.
Комиссия мүшесі жеке меншіктегі баспананы қорғау құқығын күшейту де халықтан түскенін айтып отыр.
– Соттың шешімінсіз одан адамды шығармау туралы норма еніп отыр. Менің ойымша, бұл – өте маңызды бап. Әлеуметтік желіден баспана дауына байланысты түрлі жағдайларды көріп отырмыз. Сондай жайттарға жол бермеу үшін Ата заңға норма енгіздік, – деді депутат.










