Жұртшылықпен жүздесті
Аудан басшыларының ел ішін аралап, тұрғындармен жүздесуі құптарлық жайт екені белгілі. Мұның өзі «әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидасымен үндесетіні анық. Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағановтың төрағалығымен ұйымдасқан арнайы жұмыс тобы Басықара, Құмжиек ауылдық округтерін аралауынан осындай ой түйген едік.
Жұмыс тобының құрамында аудандағы ірі салалардың басшылары болуы кездесуге қатысушылардың жиынға қатысуға деген құштарлығын арттыра түскендей. Жүздесуде тұрғындарды жұмыспен қамту, ауыл мектептеріндегі білім беру жағдайы, міндетті медициналық сақтандыру жұмыстарын жүргізу, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген түзетулер мен толықтырулар төңірегенде сөз қозғалды. Кездесу барысында аудандағы білім беру саласының жағдайы туралы білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарының жүргізілуі туралы Қазалы аудандық орталық ауруханасының педиатр-дәрігері Фатима Мұстафаева, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген түзетулер мен толықтырулар жайлы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өтепәлі Өміртай, бейресми жұмыспен қамту,«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының Қазалы ауданында жүзеге асырылуы тұрғысында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мұрат Бекмамбетов түсіндірме жасады.
Мұнан соң ауыл тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарын жолдап, қажетті кеңестер алды. Екі ауылдағы жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ
halyk-gazeti.kz